Қоғам

Тау тұлғалы ағамыз еді

Тау тұлғалы ағамыз еді


Алпысбай аға ерте есейіп, тек төзімділігі, табан ет, маңдай тердің арқасында өмірде өз орнын тауып еді. Руымыз Байжігіт, Жұмық, Сайболаттың үлкені Қарабаспыз, арғы атамыз тоғызқұмалақшы болыпты. Бабамыз Сайболат бес баласы Қарабас, Сүгір, Жаныс, Жақсылық, Жолымбетке бата бергенде атамыз ойыннан шыға алмай кешігіп келген екен, жеңгелері «ой қарабасқыр, қайда жүрсің?» деген қалжыңы мәңгі қалып, «Ізбасар» аты ұмытылыпты.

Алғашқы колхоздастыру жылдары құрылған бұрынғы Ласты, байырғы Құйған ауылдық кеңесі жерінде «Жас еңбек» колхозында әкеміз Тәби, шешеміз Күмісжанның және оның ұрпақтарының өмірі өтті. Тәби – шағын денелі, асықтай шымыр, өмір бойы мал баққан, шешеміз Күмісжан – қолы ашық, туыс-жұрағатқа сыйлы, ошағынан от өшпейтін кең адам еді. Әлекең, Нұрқасым Нұрсафаұлы, Мәлік Нұршайхынұлы, Сейтқамал Қамиұлы, Әскербек Уалханов сұм соғысқа әке, ағаларының аттанғанын, апалары мен жеңгелері, шешелерінің жесір қалғанын, көз жасын көзбен көріп, ерте есейгенін айтып отыратын. Ол кезде Құйғанда жеті кластық мектепті бітірген соң, әркім паналайтын үй іздеп тозып кететін. Осы азаматтарды және оның замандастарын сабақ біте сала колхоз шаруасына салатын, бригадирлер оқу жылының басталғанын айтпай, қыркүйектің ортасына таяу мектепке жіберетін.

1957 жылы совхоздар құрылғанда, Әлекең, Мәлік Нұршайхин арнайы жолдамамен Шемонаиха қаласына оқуға аттанып, екеуі де ойдағыдай бітіріп, қызметке орналасты.

Екі қасиетті өзеннің қосылған өңірі Шеңгелдіден М.Нұршайхин, А.Табиев, А.Уалханов, Б.Нұғыманов совхоз директорына дейін көтерілді. Ағамыз алғашқы еңбек жолын, мал дәрігері қызметін Қарой фермасынан бастап, сол кездегі білгір басшы Түкібаев Жабықбайдан тәрбие алып, ферма зоотехнигі, кейіннен белгілі ғалым, совхоз директоры болған Ұланның азаматы Бекбау Сәдуақасовпен үзеңгілес болды. Достықтары мәңгі ажырамастай өтті.

Екеуі бас қосқанда әңгімелері бір таңға таусылмайтынына куә болдым. Ағамыздың жанынан достары үзілмейтін ерекше жан еді. Өмірінің көп бөлігі еңбегінің жанған, басына бас қосылып, сол кездегі совхоз директоры К.Билялов басқарған «Жетіарал» совхозының Асусай фермасында өтті. Ол кісі өзімен қызметтес болған Сайлаубай Нұрсафин, Ықтияр Мұхамадиев, Уәш Тойынбаев, Сайлау Ешеевпен қалжыңдары жарасып тұратын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын басқарған Армия Сейтқазин екеуінің әңгімесі таусылмайтын.

Ағаның досы Сейтқамал туралы айтсам, кейіннен Абай орта мектебінде бізге математикадан Қадиша Мұхаметжанова апайымыз сабақ берді. Ол кісі бізден он жыл бұрынғы оқушысы Сейтқамалды сұрап, ашық сабақ бергенін айтып, түсіндіруінен кейін «Герон формуласын» жатқа айтып беріп, болашақта жақсы математик шығатынын еске алатын. Мен және менің сыныптастарым Қадиша апайымыздың «бесі» не екенін осы күнге дейін білеміз. Амал қанша, жоқшылық, тіршіліктің кесірінен Секең білімін жалғастыра алмады. Асусай халқының өсуіне, ауыл болып қалыптасуына еңбегі сіңді. Ауылдың үлкен-кішісі бүгінгі күнге дейін құрметпен еске алады. Кейіннен «Жаңаауыл», «Маңырақ» совхоздарында бас мал дәрігері, Қарасу совхозының директоры қызметтерін атқарды.
Аяулы жеңгеміз Нағиманың орны ерекше, ата-енесінің алдынан көлденең өтпей, батасына ие болған санаулы қазақтың келіндерінің бірі. Мен куәмін, бір баланы бөлмей толық атасының тәрбиесіне беріп, еркіне көніп, бүгін аяулы ана, апа болып қызығын көруде. Ағамыз ел қатарлы өмір сүрді. Артынан ерген Бейсембайды оқытып, жұрт қатарына қосты.

Кеңес одағы тарап, ел не боларын білмей толқыған кезеңде Әлекең шаруа қожалығын құрып, өмірден озғанша басы-қасында жүріп, балалары Серік, Ерік, Ерланды ел қатарына қосты.

Өмірдің неше түрлі сәттерінде ақыл сұрайтын Әлекеңнің орны бөлек еді, оның бейнесі көз алдымда тұрады. Тойда, туыс-жұрағаттарының қуанышында халық әні «Маусымжанды» шырқағандағы дауысы әлі құлағымнан кетпейді.

Баяш Нұғыманов,
Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button