Тау қопарып, Бұқтырмаға тегіс жол салынып жатыр
Зырян ауданына, Бұқтырмаға, Көгілдір бұғазға жеткізетін жолдағы Осинов асуының шың-құзды өрлеп, құлдилайтын қиын да күрделі жолы тақтайдай тегіс, жайдақ жолға алмастырылатын болды. Осинов асуын айналып өтетіндей етіліп салынып жатқан жайдақ жолдың бойында бірер күннен соң тау қопару жұмыстары басталғалы отыр.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша қолға алынып, құрылысы басталған жаңа жол 2020 жылдың сәуірінде салынып бітпек. Зырян ауданының жұрты үшін ғана емес, табиғаты тамылжыған Бұқтырма жағасына келіп, кетіп жатқан ел үшін де көкке ұмтылған Осинов асуының қорқынышты жолы талайдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе болатын. Иір-иір бұл жолдың қыр-сырын білмейтін, тәжірибесі жоқ талай жүргізуші осы асуда апатқа ұшыраған.
Осинов асуының сыртынан айналып өтетін жаңа жол жобасының жетекшісі, «АБК Автодор НС» ЖШС-нің серіктесі Айдын Майусовтың айтқанындай 10 млрд. 996 млн. теңгеге салынатын тегіс жолдың құрылысына қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Ұзындығы 12 шақырымға созылатын жаңа жолдың құрылысы осыдан екі ай бұрын басталған. Сәуір айында серіктестік айналып өтетін жаңа жол құрылысын салу бойынша өткізілген тендерді жеңіп алып, мамырдан бастап жер қазу, трастың ортаңғы біліктерін жүргізу жұмыстарына кіріскен. Жуықта алғашқы бұрғылау, қопару жұмыстары да жүргізіле бастаған.
Тау ішінен өтетін жаңа жолдың құрылысы аса күрделі. Тау қопару, жару жұмыстарының көлемі ауқымды. Жоба бойынша 1 млн. 700 мың текше тау қопару, бұрғылау жұмыстары, 4 млн.200 мың текше жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жаңа жолдың бойында өзен үстінен өтіп, екі тауды жалғастырып жататын ұзындығы 175 метрлік үлкен көпір салынады. Көпірдің тірегінің өзінің биіктігі 43 метр болады.
-Ең бастысы, халықтың көптен күткен құрылысы басталды. Бір ғана көпір тірегінің биіктігі 14 қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Коммуникациялар, электр қуаты, ештеңе жоқ тау қойнауында көпір салу қандай болатынын бәрі біле бермейді. Біз бұл жобаны іске асыру шығысқазақстандықтар, туристер үшін қаншалықты маңызды екендігін жақсы түсінеміз. Құрылыс жұмыстарының тиімді, сапалы, мерзімінде жүргізілуі үшін қазір осы құрылыс алаңында өзіміздің асфальт-бетон зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жол салумен қатар Жаңа Бұқтырма кентіне қарай баратын жолдың 72-78 шақырымы аралығына жөндеу жүргізбекпіз. Екі жобаға 150 мың тонна асфальт керек, бізге Өскеменнен асфальт тасығаннан өз асфальт-бетон зауытымызды салған тиімді,- дейді жол құрылысы жобасының жетекшісі, «АБК Автодор НС» ЖШС нің серіктесі Айдын Майусов.
Қазір жаңа жолдың құрылысында күн сайын 55 бірлік ауыр және жеңіл техника түрлері, 140 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. Айдын Майусовтың айтуынша, салынып жатқан жолдың, құрылыс материалдарының сапасын «АБК Автодор НС» ЖШС-нің жергілікті жердегі зертханасының мамандары тексеріп отырады. Жол құрылысын бас мердігер компанияның мамандарымен қоса, тапсырыс беруші, техникалық қадағалау, басқа да органдардың инспекторлары, мамандары тексеріп жүр.
Жамал Ермен