Қоғам

Татуласқың келсе, «Татуласу орталығына бар»

Облыс орталығында «Татуласу орталығы» жұмысын бастады. Онда күнделікті орын алатын түрлі тұрмыстық дау-жанжалдан бөлек, отбасын ойран еткен жұптарды да қайтадан татуластыруға болады. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған.

Жөні де жобасы да бөлек жаңа орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, орталықтың жұмысымен танысты. Мұнда көрсетілетін негізгі қызметтер жайлы аймақ басшысына облыстық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбеков баяндап берді.

– Бұл жерде қызметтің бәрі азаматтарға тегін көрсетіледі. Тегін құқықтық кеңестер беріледі. Мұндағы кәсіби медиаторлар, психологтар, адвокаттар, отбасылық кеңесшілер, конфликтологтар мен өзге де мамандар азаматтық, құқықтық, отбасылық, экономикалық саладағы және еңбек саласындағы дауларды сотқа дейін жеткізбей шешуге ат салысады. Мысалы, өткен жылы облыста ажырасуға берілген арыздардардың 30 пайызы осы бітімгершіліктің арқасында сақталып қалды. Сонымен қатар медиация кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша туындаған дауларды да шешуге көмектеседі. Ең бастысы, барлық дауларды сотқа дейін жеткізбей шешуге мүмкіндік барын естеріңізге салғым келеді, бұл барлық тараптар үшін уақыт жағынан да, қаржы жағынан да өте тиімді, – деді облыстық соттың төрағасы.

Аймақ басшысы осындағы кәсіби медиаторлардың, психологтардың кабинеттерін аралап көріп, олардың жұмысын оң бағалады, орталықтың алда атқаратын қызметінің маңыздылығына да жеке тоқталды.

– Біздің елімізде халық саны аз болғанымен, республикамызда және облысымызда пайызға шаққанда ажырасу фактілері өте көп. Неліктен? Не себепті? Сондықтан осындай орталықтардың жұмысының нәтижесінде көрсеткіштер жақсарады деген сенімдемін. Мына жаңадан «Татуластыру орталығының» жұмысы көңілден шығып отыр. Өте сауатты ұйымдастырылған. Білікті заңгерлер топтастырылған екен. Отбасын сақтап қалу дегеніміз – ол ертеңгі болашағымызды сақтап қалу, балаларымыздың болашағын сақтап деген сөз. Бұл өте маңызды. Алдағы уақытта осындай орталықтарды көптеп ашу қажет. Орталық жұмысы жақсы нәтиже береді деген үміттемін, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Өскемен қаласындағы Буров көшесі, 20 мекенжайында орналасқан, заманауи жабдықталған бұл орталықта қазір бес маман күнделікті тұрақты жұмыс істейді, келем деушілердің бәріне есік ашық.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиевтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы соңғы үш жылдың көлемінде республикада бітімгершілік рәсімі бойынша көш бастап келеді. Мәселен, былтыр облыста 26959 істің 5674-і тараптардың татуласуымен аяқталған.

Суретті түсірген Т.Шаяхмет

Дәурен Аллабергенұлы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button