Татулықты бақыттың бастауы деп біледі
Күршімнің қартаң тұрғындарының бірі Шахволат Әлиевтің ұлты – әзірбайжан. Мұнда ол Алматы маңындағы Талғар қаласынан келген. Қап тауының мұрынды жігітін Ертістің жағалауына осы өңірден шыққан Гүлсім деген өжет бойжеткен жетелеп жеткізген көрінеді. Сөйтіп, екеуі бір шаңырақ астында түтін түтеткен. 41 жыл өмірлерінің 26 жылын осында өткізіп келе жатыр. Берекелі отбасында үш ұл, екі қыз өсіп, қариялар бүгінде сол балаларынан бес немере сүйіп, қызыққа кенеліп отыр.
– 1974 жылы жиырма жасымда, – деп естелік айтады Гүлсім Мұқашқызы. – Талғар қаласындағы механизация техникумына оқуға түстім. Оқуды бітірер шақта осы шалыммен танысып, араласып кеттік. Ол кезде Шәкең жауырыны қақпақтай жас жігіт, мұсылман болғандықтан, көңіл білдіргенде онысын мен де, туыстарым да ерсі санаған жоқпыз. Сөйтіп, 1976 жылы бас қосып, отау көтердік.
Шахволат Биналиұлының ата-анасы соғыс уақытында Кавказдан қоныс аударып келген. Біз танысқан кезде оның әке-шешесі, тоғыз бауыры Алматы маңындағы ауылдардымекендейтін-ді. Үйленген соң 15 жыл сол Талғарда тұрдық. Шәкең туыстарымен әлі күнге дейін араласып тұрады.
Бүгінде 67 жасқа келіп отырған Шахволат жездемізге «Біздің апайдың әмірінен шыға алмай қалған екенсіз, негізінде кавказдықтар намысқой болып келуші еді» деп қалжың айтқан едік, ол кісі де есесін жібере қоймайтынын байқатып:
–Намыссыз жігіт емес едім, бірақ апайларыңа деген махаббат бәрінен дебасым түсті ғой, – деп бір жымиып қойды.
Шәкеңнің сөзі негізсіз емес, бірін-бірі шын ұнатқан екі жас мәңгі бірге болуға серт берісіп, сол серттерінің үдесінен шығып келе жатыр. Тату-тәтті отбасында тәлім-тәрбие алған ұл-қыздар үлгілі тәртіптерімен, еңбекқорлығымен көрініп келеді. Немерелері де ата-әжелерін күнделікті жақсы оқуларымен, әдепті мінездерімен қуантып отыр. Осы жақсы қасиеттердің барлығы олардың түп қазығы – ата-аналарының қаны мен ақсүті арқылы дарыған десек, қате айтпаған болармыз.
– Бақытты өмірдің басты шарты – татулық, – дейді Шахволат Биналиұлы. – Бүгінде әлемнің әр тұсынан бұрқ етіп жатқан қақтығыстардың барлығы осы татулықтың жоқтығынан, бейбіт күннің әр сәтін бағалай білмегендіктен туындауда. Құдайға тәуба, Қазақстанда тұратын жүзден астам ұлттардың арасындағы береке-бірлік күллі әлемге үлгі болып отыр. Сол берекеден айырмасын, жас ұрпақ «соғыс» атты сұмдықты көрмесін деп тілейік. Тілеп қана қоймай, оны болдырмаудың жолында біркісідей жұмыла әрекет жасайық!
Мереке қарсаңында айтылған осынау ақ тілекті біз барша аталар мен әжелердің жүрекжарды пейілі деп бағаладық.
Хасен ЗӘКӘРИЯ
Күршім ауданы.
Сурет автордікі
Суретте:ерлі-зайыпты Әлиевтер немерелері, №1 мектептегі 5-кадет сыныбының оқушысы Рүстеммен және кенже немерелеріКәлимамен.