Татулық пен ынтымақтың ордасы
Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы нәтижелі консультациялық кеңес беруші құрылымнан өзінің парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық институтқа айналғаны бүгінде баршамызға аян.
Еліміздегі бұл ұйым татулық пен ынтымақтың, береке мен бірліктің ордасына айналғалы қашан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында жария етті. 1995 жылғы 1 наурызда Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Бүгінгі күн биігінен қарағанда бұл өте дұрыс, өте дәл мезгілде шыққан шешім болғаны анық.
«…Ассамблея азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы жолында дәл осылар негізгі алғышарт болды. Барлығымыз да бұл жетістікке ең алдымен түгел халықтың, азаматтарымыздың арқасында жеткенімізді жақсы түсінеміз», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА «Бір шаңырақ астында-биік мақсаттарға» деп аталған кеңес барысында. Шынында да бұл сонау 1995 жылғы қиын кезең болатын. Бір жүйеден шыға алмай, екінші жүйені құруда көптеген қиыншылықтарды бастан кешіп жатқан дәуір еді. Алайда сол бір алмағайып заманда елі үшін білек сыбанып шыққан Тұңғыш Президентіміздің нық басқан қадамы қалың халықтың еңсесін көтеріп, еліміз бір шаңырақ астында топтасып, тәуелсіз Қазақстанның Туын берік қолға алған еді.
Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея кеңесінде Үкімет тарапынан елдің тұрақты экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағдайын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы көптеген шаралар қабылданғанын атап көрсетті. Елбасы кәсіпкерлікті қолдау мен экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламалары көптеген қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Қазіргі күнде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын, оның басым бағыттарының айқын екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ Елбасы Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін,татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала беретіндігін атап көрсетті.
Әлібек Тоқбаев,
Аягөз аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы