Қоғам

Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік пен жаңғыру

Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік пен жаңғыру

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Тұңғыш Президент – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы болып өтті. Келелі басқосуға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сессия «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» күн тәртібімен ұйымдастырылды.

Сессия жұмысына 1500-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттер дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның өкілдері қатысты.

– Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Көп этносты еліміздің басын біріктіретін, әрқайсысының пікірін тыңдайтын үлкен мінбер болып саналады. Бүгінде құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өтуінше, жаһандық әлем көз алдымызда қуатты трансформацияны бастан өткеруде. Бүгінде экономика, қоғам өмірі, технологиялар түбегейлі өзгеріске ұшырағанына тоқталған Тұңғыш Президент «Біз осы жаңашылықдықтарды қабылдаудамыз, көбіне үйренудеміз, сондай-ақ басым бөлігін меңгердік» деді. Осы орайда Елбасы бұл әлемдегі қоғамның бірлігі, ұлтаралық келісім секілді тұрақты әрі маңызды құндылықтар бар екенін қадап айтты. «Дәл осы аса маңызды фактор болашақ әлемде біздің бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайды»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
– Отыз жыл бұрын ғана халықаралық сарапшылар Орталық Азия, біздің Қазақстан да – жаңа қақтығыс ошақтарына айналатынын болжаған еді. Олар біздің өңірде қантөгістер мен күрестер жүріп жатады деп ойлады. Олар этнос және діни сенім бойынша өзгешелікті алға тартты. Өңірдегі мемлекеттердің болашағы жоқ әрі тарих табанында қалады деп сенімді түрде болжам жасады. Бірақ тәуелсіздік жылдары біз – Қазақстан халқы бұл деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығардық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сессия барысында Тұңғыш Президент жергілікті жерлерде және орталықта билік органдары жанынан құрылған барлық қоғамдық кеңестердің қызметін нақты регламенттеу, әлеуметтік бірлікті нығайту үшін Ассамблея қолдауымен құрылған медиация кеңестерінің әлеуетін толыққанды пайдалану, әлемдегі дінаралық және ұлтаралық қайшылықтардан сабақ алып, олардың елімізде болуына жол бермеу турасында нақты тапсырмалар берді.
Жиында жазушы Смағұл Елубай, Ресей халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова, Германиядағы қоғамдық-саяси қайраткер Гаукс Вальтер, Түркиядан келген саясаттанушы ғалым Куршад Зорлу сөз сөйледі.

– Елбасы қазақстандықтардың мүддесін абыроймен қорғап, халықаралық қауымдастықпен қарым-қатынасты реттеді, елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап қалды. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және Ассамблеяның жиырма жетінші сессиясына қатысушылар Нұрсұлтан Әбішұлына өшеусіз еңбегіне, кемеңгерлігі мен дәйекті саясаты үшін шексіз алғыс білдіреміз! – деді сессия спикерлері.

Әлемдегі серпінді өзгерістерге жауап ретінде Елбасының бастамасы бойынша Қазақстанда қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын ауқымды жаңғырту бағдарламасы бастау алды. Оның маңызды компоненті – жаңа әлеуметтік саясат. Табысты арттыру және халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, негізгі көрсеткіштерді дамыту есебінен тұрмыс сапасын жақсарту, бүкіл ел аумағында өмір сүрудің қолайлы ортасын құру – осы бағыттардың барлығы бойынша нақты шаралар айқындалған. Азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлінді. Мұның бәрі мемлекеттің жаңа әлеуметтік доктринасын іске асырудың, әлеуметтік әл-ауқаттың ұлттық моделін қалыптастырудың көрінісі. Сол себепті Ассамблеяға жиналған қоғам қайраткерлері барлық қазақстандықтарды жаңғырту процестерінің жүзеге асырылуына ықпал етуге және белсенді атсалысуға, реформаларға қоғамдық қолдау көрсетуге, қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеуге жәрдемдесуге шақырды. Бұл еліміздің одан әрі дамуына, Қазақстанның әлемдегі озық дамыған елдердің қатарына кіру жолындағы барлық белгіленген жоспарларды іске асыруға қосқан елеулі үлес болмақ.

Сессияға Шығыстан үлкен делегация қатысты

Сессияға Шығыс Қазақстан облысынан 42 адамнан тұратын үлкен делегация келді, оның ішінде 15-і Ассамблея мүшелері, ал қалғандары – шақырылған тұлғалар. Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубековтің айтуынша, басқосуға негізінен аудан-қалалардағы Достық үйлерінің директорлары, медиациялық, ғылыми-сараптамалық кеңестердің өкілдері жиналған, сонымен қатар осы сессияға облыстағы бір топ белсенді жастар келіпті.

– 123 этномәдени бірлестік шоғырланған Шығыс Қазақстанда әр ұлттың өз тілін меңгеріп, дәстүрін дамытуға толық жағдай бар. Елбасының ұйытқы болуымен 24 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – татулық туын биік ұстап, бейбітшілікті насихаттау. Бүгінде бұл қоғамдық институт өзге елдер үшін ұлтаралық келісімнің үлгісіне айналды. Бірлессек, бірге болсақ, барлық халықты ойласақ қана, үлкен жеңістерге жетеміз. Осы ретте Қазақ халқы бәріне қамқор болуы керек, – деді сессия жұмысына қатысқан облыс басшысы Даниал Ахметов.
Еліміздегі тұңғыш Достық үйі Шығыста – Өскемен қаласында 1992 жылы ашылғаны белгілі. Ол кезде 9 ұлттық бірлестік қана болған-ды. Ал қазір өңірімізде 13 Достық үйі бар, олардың құрамында 123 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеуде. Мемлекет тарапынан ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамытуға барлық жағдайлар жасап келеді. Ол жерде неміс, татар, белорус, шешен, армян, әзірбайжан, украин, иврит, корей тілдері оқытылады.

– Соңғы екі жылда облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Даниал Ахметовтің бастамасымен «Шығыс Қазақстан этностарының мәдени мұрасы» жобасы аясында өңір елді мекендерінде сақталған қазақ, орыс және татар фольклорын зерттеуге 50 миллион теңге қаржы бөлінді. Облыс басшылығы тарапынан этномәдени бірлестіктерге этникалық мерекелерді өткізуге, көрмелерді, семинарларды, шеберлік сыныптарын, конференцияларды ұйымдастыруға, ұлттық киім-кешектер тігуге жәрдемдесіп тұрады, – деді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Шығыс Қазақстанда 284 қоғамдық келісім кеңесі құрылған. Жыл басынан аталмыш кеңестер 408 іс-шара өткізіп, 74 азаматтың талап-өтінішін оң шешкен. Ал аналар кеңестері көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұртшылықты ақпараттандыру ісіне белсенді атсалысуда.
– Бүгінгі сессия – тарихи сессия деп санаймын. Бұл маңызды жиын ел дамуындағы айрықша сәтте өтіп отыр. Қазақстан қазіргі кезде саяси жолының тағдырлы кезеңінде тұр. Наурыз айында жоғарғы биліктің бейбіт жолмен берілуі, сондай-ақ алдағы кезектен тыс Президент сайлауы – жаңа заманның бетбұрысты уақыты, ол тарихымыздың жаңа парағын ашатын болады. Мен Қазақстанның барша азаматтары сайлауға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіретініне сенемін,– деген ойымен бөлісті сессия делегаты, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ «Рухани жаңғыру» кафедрасының жетекшісі Гүлжан Сәрсембаева бізге берген сұхбатында Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны еліміздегі барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасында екенін атап өтті. Ұстаз Елбасымыз білімнің өзін бірлікпен ұштастыру керектігін алға тартып отырғанын айтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз екенін жеткізді.

– Бүгінде еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты дамытудың іргелі институтына, ауызбіршілік пен сыйластықтың берекелі бекетіне айналған Ассамблея Қазақстанның білім қоғамы жолында да қажырлы еңбек етуі тиіс. Қазіргі кезде елімізде Ассамблея арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту жөніндегі бірегей мемлекеттік саясатты жүргізуге мүмкіндік беретін басқару жүйесі қалыптасып отыр. Енді бұл мүмкіндікті еліміздің білім-білігін жетілдіру ісіне де жұмсауға тиіспіз, – деген ойымен бөлісті.

Глубокое аудандық Достық үйінің директоры Жанар Қабидоллақызы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын, алдағы уақытта Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандырып, бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтты.

– Ауданымызда 17 ауылдық округ, 40-тан астам ауыл бар. Өңірде 54 ұлттың өкілдері тұрады. Жыл сайын аудандағы барлық ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін насихаттау үшін әр ұлттың мәдени күндерін өткізіп келеміз. Осы ретте қолдау білдіріп отырған облыс және аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді Достық үйінің директоры.

Сессия соңында «Туған жерге – тағзым» атты салтанатты концерт болды. Онда қазақстандық жас әншілер Ержан Максим мен Данэлия Төлешова ән шырқады. Жалпы концерт «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» хореографиялық композициясымен басталды. Оған «Салтанат», «Рухсара» би ансамбльдері, ұйғыр, корей музыкалық театрлары, «Наз», «Мәңгілік» би театрлары және шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Вайнах» ансамблі қатысты.

Ержан ӘБІШ

Осы айдарда

Back to top button