Татуластырудың жолдарын талқылады

Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Бірыңғай республикалық медиация күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына өңірдің барлық аудандарынан шақырылған медиаторлар, облыстық сот, прокуратура, әділет департаментінің мамандары қатысып, облыста медиация институтын дамыту мәселелерін талқыға салды.
Дөңгелек үстел модераторы, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Равиль Юнусов жиналғандарға алдымен медиация бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы 14 Достық үйінде медиация кабинеті ашылып, тұрақты жұмыс істеуде. Облыстық Достық үйіндегі медиация кабинетіне жыл басынан бері 31 өтініш түсіп, оның 29-ы іске асырылған, қалған екеуі қаралу үстінде. Сондай-ақ қазіргі уақытта мектептегі медиацияға да көп көңіл бөлінуде. Оған мысал ретінде Өскемендегі мектептердің жоғарғы сыныптарына арналған «Дауларды шешудің баламалы жолдары» тақырыбында ай сайын өткізілетін семинар-тренингтерді атауға болады. Мәселен, мұндай семинарлар жыл басынан бері 11 қазақ, 11 орыс мектебінде өткізіліп, оларға 800-ге тарта оқушы қатысқан. Мұндағы басты мақсат – жасөспірімдерді кез келген деңгейдегі даулар мен кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешуге және алдын алуға үйрету.
Дөңгелек үстелге жиналғандар жыл сайын бітімгершілік процестеріне жүгінетіндер саны артып келе жатқанын атап өтті. Бұл тұрғындар арасында жүргізілген арнайы блиц-сауалнама нәтижесінде анықталған.

– Статистика өңірде медиация институтының қажет екендігін көрсетіп отыр. Адамдар істі сотқа дейін жеткізбей шешудің жылдам әрі материалдық жағынан тиімді екенін түсініп келеді. Жасырары жоқ, саланы дамытуда әлі де шешілмеген мәселелер бар, дегенмен кәсіби медиаторлармен, медиаторлар палатасымен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, алда оң нәтижелерге қол жеткізетін боламыз, – дейді облыстық әділет департаментінің заңгерлік қызмет көрсету және құқықтық түсіндіру жұмыстары бөлімінің инспекторы Нұртай Құрмашев.
Жиында жиналғандарға Ұлан ауданындағы «ULAN» медиация және құқық орталығының жұмысы үлгі ретінде таныстырылды. Орталық жетекшісі, кәсіби медиатор Төлетай Тәнекенова көпжылғы тәжірибесімен бөлісті.
– Ауданда медиация қызметі бұрын да бар еді. Алайда, қазіргі аудан әкімінің қолдауымен мүлде жаңа деңгейге көтерілдік. Биылғы ақпаннан «ULAN» медиация және құқық орталығын аштық. Әсіресе мектеп медиациясына көңіл бөлеміз, Р.Мәрсеков атындағы мектепте медиация кабинеті ашылған. Бұл ретте бізге аудан, ауылдық округтер әкімдері үлкен қолдау білдіруде, онсыз медиацияны дамыту мүмкін емес, – дейді ол.
Сонымен қатар Достық үйінде медиация бойынша тегін кеңес алуға болатын 8 (7232) 74-22-08 сенім телефоны да жұмыс істейді. Онда бекітілген кестеге сай кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қала тұрғындарын қабылдайды, азаматтардың өтініштерін тіркеу журналын жүргізеді. Мұнда жыл басынан бері 73 өтініш түсіп, оның 93 пайызы қаралған. Бұл күні де медиаторлар шара барысында тұрғындарды қабылдап, тегін кеңестер берді.
Дөңгелек үстелде Семей, Курчатов қалаларынан, Бесқарағай, Глубокое, Ұлан аудандарынан келген медиаторлар өңірде бітімгершілік процестерін дамыту жөніндегі өз ойларымен бөліссе, бір топ медиаторлар Алғыс хатпен марапатталды.
Дәурен Аллабергенұлы