Қоғам

Татарстанға Тайқазан тарту еттік

Татарстанға Тайқазан тарту еттік


Татарстан мен Шығыс Қазақстан арасындағы ынтымақтастық байланыстар одан әрі дамып, бекемдене түспек. Екі аймақтың арасындағы әлеуметтік-рухани, экономикалық бағытындағы мақсаттар мен жоспарлар облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шығысқазақстандық делегациясының Қазан қаласына жасаған ресми сапары барысында нақты анықталып, айқындала түсті.

Тарихы терең шаһар

Еділ бойында орналасқан Қазан шаһары қашаннан-ақ өркениеттің бастауында тұр. Ресейліктер де Қазанды Мәскеу мен Санкт-Петербургтен кейінгі үшінші астанамыз деп санайды екен. Өнер мен білім іздеген қазаққа қымбат талай тұлғалардың кезінде осы Қазан қаласындағы медреселер мен семинарияларда білім алғанын, қазақ тіліндегі талай кітаптардың осы қалада тасқа басылғанын көзі қарақты оқырмандарымыз да жақсы біледі. Бұл – қазыналы шаһар, бұл – білім мен өнердің, мәдениеттің ордасына айналған шұғылалы шаһар. Ендеше шығысқазақстандық делегацияның Қазан қаласынан тағы да көп нәрсе күтуі әбден орынды.

Әуе кемесінен түскен шығысқазақстандық делегацияны Татарстан Республикасының Премьер-министрі Алексей Песошин жылы шыраймен қарсы алды. Екі күнге жоспарланған сапардың алғашқы күнінде шығысқазақстандық делегация Қазан қаласының мәдени-тарихи ескерткіші – Қазан Кремлін аралады. Жалпы, Қазан қаласына келген туристердің ешқайсысы Қазан Кремліне соқпай кетпейтін көрінеді. Өйткені, мұнда татарлардың қатпарлы тарихы бар. 1445 жылы Алтын Орда құлаған соң, Қазан хандығының астанасы атанған Қазан шаһарының тауқыметті де қиын тағдырының іздері осы жерде жатыр десе де болғандай. Аумағы 150 000 шаршы метрді алып жатқан Кремль бастапқыда ағаштан тұрғызылғанымен, кейін кірпішпен қапталыпты. Сондай-ақ мұнда Татарстан президентінің аппараты, Ресей президентінің резиденциясы мен Төрелік сот орналасыпты. Шығысқазақстандық делегация мұндағы Құл-Шәріп мешітіне бас сұғып, қыпшақ қызы Сүйінбикенің мұнарасын сыртынан тамашалап, тәу етті.

Басты мақсат – өндірушілерге жағдай жасау

Облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған шығысқазақстандық делегация алдымен Қазан қаласындағы агроөнеркәсіп паркіне ат басын тіреді. Аталған парктің бас директоры Олег Власов облыс әкімі Даниал Ахметовке кешенді аралатып, жетістіктерін көрсетті. 50 мың шаршы метр аумақты алып жатқан парк 2013 жылдың мамырында ашылыпты. Олег Власовтың айтуынша, осы кешенді салудағы негізгі мақсат – ауылдағы ауыл шаруашылығын өнімін өндіретін кәсіпкерлерді қолдау. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд. рубль көрінеді. Жобаның 60 пайызын Ресей Федерациясы, ал 40 пайызын Татарстан Республикасы қаржыландырыпты. Бүгінгі таңда бұл агроөнеркәсіп паркінде 1200 адам еңбек етеді. Өткен жылы мұндағы тауар айналымы 1,5 млрд. рубльді құраған екен.

– Маған Президент Рустам Нұрғалиұлы «сенің ауыл шаруашылығы есебінен көретін табысың маған керек емес» дегенді жиі айтады. Ең бастысы – табыс емес, ауыл шаруашылығын өндірушілерге жағдай жасау. Бұл жердегілердің 90 пайызы ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін кәсіпкерлер.
Сондықтан да мен жалдау ақысын еш көтере алмаймын. Тіпті біз баға саясатына да араласпаймыз. Бірақ құдайға тәуба шығынсыз жұмыс істеудеміз. Жалпы, Татарстандағы осынау агроөнеркәсіп паркінің Ресейдегі басқа парктерден артықшылығы неде? Мұнда барлығы бір шаңырақтың астында орналасқан. Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері өнімдерін осы жердегі қоймада сақтап, қайта өңдей алады, мұндағы қонақүйде айлап жатып, жаңағы өнімдерін саудалайды. Тіпті конференц залы да бар, – дейді агроөнеркәсіп паркінің бас директоры Олег Власов. Оның айтуынша, биыл интернет дүкен де ашылған көрінеді.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке осы жобаның қыр-сырымен терең танысып, зерттеуді тапсырды.

– Ең алдымен өнімді сақтайтын қойма мәселесін шешіп ал. Біз бұл тәжірибені алдымен Семей қаласында қолға алып көрейік, – деді облыс әкімі.

Татарстанға Тайқазан тарту еттік

IT саласына ерекше көңіл бөлінеді

Мұнан кейін шығысқазақстандық делегация Татарстан Республикасының инвестициялық даму агенттігіне бет алды. Жалпы, Татарстан Республикасы қандай ел? Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму қарқыны қандай? Инвестициялық климаты ше? Бұл жайында шығысқазақстандық делегацияға Татарстан Республикасының инвестициялық даму агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Инсаф Галиев жан-жақты баяндап, елдің тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Жалпы, бүгінгі таңда Татарстан Республикасында 3 миллион 900 мың халық бар. Бұл көрсеткіш халықтың табиғи өсімінің арқасында жыл сайын артуда. Қазан шаһарының өзінде 1 миллион 250 мың халық қоныстанған. Татарстан өте көпұлтты ел. Мұнда 173-тен астам ұлт өкілдері келісім мен бірлікте тірлік кешуде. Десе де татарлар мен орыстардың үлесі басым. Оның айтуынша, инвестициялық жобалардың 60 пайызы кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебінен жүзеге асырылады екен. Татарстан табиғи қазба байлықтарына да өте бай көрінеді.

Татарстан – өнеркәсіпті республика. Мұнда мұнай өндірісі де, машина құрылысы мен ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған. Биыл татар жерінде алғашқы мұнайдың өндірілгеніне 75 жыл толыпты. Сондай-ақ әйгілі «Камаз» кәсіпорнына да биыл 50 жыл толып отыр. Осынау жарты ғасырдың ішінде кәсіпорын 2 млн. 200 мың жүк көлігін шығарыпты. Жалпы, инвестиция тарту бойынша Татарстан Ресейде 4-ші орында. Инвестжобалардың 60 пайызы кәсіпорындардың жеке қаржысы есебінен жүзеге асырылады екен. Татарстан ауыл шаруашылығының барлық саласының дамуы бойынша да Ресейде топ-көшбасшылардың қатарына кіреді. Сүт өндіру шаруашылығы бойынша Ресейде бірінші орында. Инвесторларды тарту бойынша Татарстан Республикасында 2005 жылы «Алабұға» ерекше экономикалық аймағы құрылған. Экономикалық аймақ өзі құрылған 12 жылдың ішінде 114 млрд.рубль инвестиция тартып үлгеріпті.

– Біз үшін жаңа бағыт – IT саласы. Бұл – экономиканың дамуына серпін беретін бағыт, – дейді Татарстан Республикасының инвестициялық даму агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Инсаф Галиев.

Жалпы, бұл елдегі жаңа технология, цифрландыру, роботтехникасы саласындағы жетістіктермен жете танысу шығысқазақстандық делегацияның мұнда келгендегі басты мақсаттарының бірі болатын. Мұны журналистерге берген сұхбатында облыс басшысы Даниал Ахметов те ерекше атап айтқан-ды. Осы орайда шығысқазақстандық делегация Қазандағы IT-парктің жұмысымен танысты. Парк «Ресей Федерациясында жоғары технологиялар саласындағы технопарктер құру» атты кешенді бағдарламаның аясында салыныпты. Негізгі мақсаты – IT компаниялардың дамуын жеделдетіп, экономикадағы IT саласының үлесін арттыру. Мұнда шығысқазақстандық делегация өкілдері 5 метр тереңдікке дейін жердің астын суретке түсіріп, сканерлейтін дрон туралы арнайы жобамен танысты. Бұл жобаны көлік жолдарын жөндеу кезінде де пайдалануға болады. Облыс басшысы Даниал Ахметов осы жобаның мән-жайымен танысуды өз кезегінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің ректоры Ж.Шаймардановқа тапсырды.

Шығысқазақстандық делегация өкілдерін «Эйдос-робототехника» және «Эйдос-Медицина» орталықтарындағы жетістіктер де бейжай қалдырмады. Орталық мамандары облыс әкімі Даниал Ахметовке роботталған өндірістің артықшылықтары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Облыс басшысы мұндағы медицина мекемелерінде мамандарды тәжірибе жүзінде оқытуға ауадай қажетті робот-пациенттерді өндіру процесімен, студенттермен бірге дәрігерлерге де қолайлы медициналық симуляторлардың қызметімен танысты.

Облыс басшысы аймақтың бас дәрігері М.Шорановқа аталған орталықпен әріптестік орнатып, бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

Түстен кейін облыс әкімі Даниал Ахметов бірқатар делегация мүшелерімен бірге Татарстан Республикасының Иннополис қаласына ұшақпен ұшып кетті. Мұнда облыс басшысы қазақстандық студенттермен кездесіп, жүздесті.

Қазақстандық студенттермен кездесті

Облыс әкімі бастаған шығысқазақстандық делегацияның ат басын тіреген тағы бір нысаны – 200 жылдан астам тарихы бар Қазан федералды университеті болды. Аймақ басшысы Даниал Ахметовті осы университетте оқитын қазақстандық студенттер ерекше қуанышпен қарсы алды. Қолдарында еліміздің көк туы. Жалпы, бүгінгі таңда осы университетте 44 мыңнан астам студент білім алып жатса, оның 7 мыңнан астамы шетелдік жастар көрінеді. Биыл бұл жоғары білім ордасына 652 қазақстандық студент оқуға түсіпті. Облыс басшысы бастаған шығысқазақстандық делегация ең алдымен университеттің мұражайын тамашалады. Кезінде бұл білім ордасында пролетариаттың көсемі болған Владимир Ульянов, әлем әдебиетінің классигі Лев Толстой, математик Николай Лобачевский секілді атақты тұлғалар білім алыпты.

Облыс әкімі осыдан кейін қазақстандық студенттермен кездесіп, еліміздегі білім саласында атқарылып жатқан игі шаралар, үш тұғырлы тіл саясаты туралы айтып берді.

Татарстанға Тайқазан тарту еттік

– Татарстанға жасаған сапарымыз барысында біз бұл елдің Ресейдің алдыңғы қатарлы аймағы екенін көріп, куә болдық. Әсіресе, IT технология, инновация саласы бойынша алдыңғы қатарда көрінеді. Біз де Қазақстанда бұл бағытты дамытатын боламыз. Байқағаным, қазақстандық жастар мұнда көптеп білім алып жатыр екен. Қазан университетінде ғана емес, Иннополис қаласында да қазақ жастары жоғары технология саласын меңгеруде. Бұл мені ерекше қуантады, – деген облыс әкімі студенттерге табыс тілеп, олардың өз елдеріне мықты маман болып оралатынына сенім білдірді.

Қазан университетінде білім алып жатқан студенттердің арасында шығысқазақстандық жастар да бар. Солардың бірі – Рифат Зайнулин. 2015 жылы Риддер қаласындағы №3 мектепті тәмамдаған ол Қазан университетінің химия факультетіне оқуға түсіпті.

– Елді сағындым, – дейді ол. Оқуын аяқтаған соң, туған жеріне оралуды да ойластырып жүрген көрінеді.

Осы орайда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазан қаласындағы федаралды университетпен әріптестік байланыс орнатуды көздеп отырғанын да айта кеткіміз келеді. Бұл туралы журналистерге университет ректоры М.Төлегенұлы мәлім етті.

– Қазан университеті – тарихы терең оқу ордасы. Біз осы университетпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы келісімге келдік. Алдағы уақытта С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдарының осы Қазанға іссапарын жоспарлап отырмыз. Бізді негізінен IT, яғни ақпараттық жүйелер саласы, роботтехникасы, сонымен қатар педагогика мен психология, заң, экономика мамандықтары бағытындағы әріптестік ерекше қызықтырып отыр. Сондай-ақ медицина саласында да өзара ынтымақтастық орнатсақ па дейміз. Өйткені, алдағы уақытта біз өзімізде медицина-биология факультетін ашпақ ойымыз бар. Біздің ғалымдар Қазан университетінің профессорларымен бірлесіп ғылыми мақалалар жариялайтын болады. Себебі, Қазан федералды университетінде скопус жүйесіне кіретін нөлдік емес инфофакторлы журнал бар екен, – дейді университет ректоры.

Татарстанға Тайқазан тарту еттік

Достық пен бірліктің символы

Сөйтіп, шығысқазақстандық делегацияның Қазан қаласына жасаған екі күндік сапары да өз мәресіне жетуге таяды. Кешкісін Татарстан Республикасы Президенті Рустам Минниханов пен облыс әкімі Даниал Ахметов Қазандағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Качалов көшесінің қиылысында орналасқан «Вечная Страна» скверінде «Тайқазанның» ашылу салтанатында жолықты. Бұл «Тайқазан» мүсіндік композициясы шығысқазақстандықтардың Қазан қаласы тұрғындарына жасаған тартуы. Мүсіннің ені – 2,5 метр болса, биіктігі – 1,5 метр. Ал салмағы 2 тоннаға жуық. Жалпы, қазақта біреудің үйіне құрқол бармайтын тамаша дәстүр бар. Десе де бұл сыйдың үлкен мәні бар. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының сөзімен айтсақ, бұл Тайқазан – достық пен бірліктің, ақ ниет пен ақ жүректің, бақыттың символы.

– Мен осынау сыйларыңызға үлкен алғысымды айтамын. Бұл тартуларыңыз бауырлас екі елдің арасын одан сайын жақындата түскендей. Бізде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл бар. Мен Қазақстан Президентіне де шын алғысымды білдіремін. Ол кісі біздің барлық бастамаларымызды үнемі қолдап, қуаттап отырады, – деді Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов.

Ескерткіштің ашылуынан соң, шығысқазақстандық делегация өкілдерін Қазан Кремліндегі резиденциясында Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов қабылдады. Тараптар әрі қарайғы ынтымақтастықтың мән-жайын талқылап, бірлескен жұмыстың басты бағыттарын анықтады.

– Осы сапар барысында мен көптеген инновациялық жобалардың куәсі болдым. Ең алдымен бұл жаңа жоғары технологиялар саласындағы жетістіктер. Алдағы уақытта мұндай жобаларды Шығыс Қазақстанда да жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Сондай-ақ білім және денсаулық сақтау саласында да цифрландыру жақсы жолға қойылыпты, – деді екіжақты кездесуден соң журналистерге сұхбат берген облыс басшысы.

Алдағы жылдың мамыр айында бірлескен жұмыстың басым бағыттарын анықтау үшін Татарстан Республикасынан Шығыс Қазақстанға арнайы делегация келетіні белгілі болды.

Мейрамтай Иманғали
Өскемен-Қазан-Өскемен

Осы айдарда

Back to top button