Татар өнер мектебі жаңа ғимаратқа көшеді

Облыс әкімі Даниал Ахметов Бүкіләлемдік татар конгресі атқарушы комитетінің басшысы Ринат Закировпен және Татарстанның Қазақстандағы өкілетті өкілі Денис Валеевпен кездесті. Тараптар білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, рухани-гуманитарлық байланыстарды бекіту мәселелерін талқылады. Атап өтерлігі, Татарстан жағы Семейдегі татар өнер мектебіне ғимарат сыйлап, тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесін ашпақшы.
– Облыс делегациясы Татарстанда бірнеше рет болып, өзара тиімді келісімдер жасасқан-ды. Сол сапарларда цифрландыру бағытындағы табысты жобаларды көріп, қызығушылық танытқан болатынбыз, қазір сол іспетті жобаларды аймағымызда іске асырып жатырмыз. Енді алдағы көктемде президенттеріңіз Рустам Минниханов өңірімізге келуі тиіс. Ол кісіге көрсетер бастамалар бізде де жетерлік. Серіктестікті әрмен қарай ширатуға әр кез әзірміз, – деді аймақ басшысы.
Бүкіләлемдік татар конгресі атқарушы комитетінің басшысы Ринат Закиров өз кезегінде Шығыс Қазақстанға Татарстан президентінің тапсырмасымен келгендерін айтты. Сапар мақсаты – Қазақстандағы жалғыз татар өнер мектебінің дамуына ықпал ету. Аталмыш мектеп татар мәдениетін сақтауға септесіп келеді. Онда тек татар жеткіншектері ғана емес, сонымен бірге қазақ, орыс, армян балалары да білім алуда. Мекеменің тиімділігі де жоғары, оқушыларының көбі халықаралық байқаулардың жеңімпаздары болып табылады. Аталмыш мектеп Семейде 1992 жылы ашылған болатын, содан бері жыл сайын жүзден астам бала осы оқу орнының қабырғасында ән айтып, би билеуді, домбыра, баян, фортепиано, гитара, скрипка сияқты музыкалық аспаптарда ойнауды үйреніп келеді.
Мектеп үшін жаңа орынжай таңдалып қойған, ол – бұрынғы банк ғимараты. Оны сатып алуға Татарстан 120 миллион теңге бөліп отыр. Ғимарат жағдайы жақсы, тек аздаған әрлеу жұмыстарын ғана жүргізу керек. Оқу орны көшкен соң, оның бұрынғы орынжайы татар мұражайына айналады.
– Мектепке музыкалық аспаптар алу үшін, инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін көмек көрсетеміз, бұл туралы білім басқармасына тапсырма беріледі. Ал музейді жәдігерлермен толтыруға өңір мұражайлары мен Достық үйлері жәрдемдеспек, аталмыш мәселені бақылауға алуды мәдениет басқармасына жүктеймін, – деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімі сондай-ақ жуырда Елбасымен жолыққанын және Мемлекет басшысына облысымыздың өткен жылы Қазан қаласындағы Назарбаев даңғылы бойына символдық тайқазан мүсінін орнатқаны туралы айтқаны атап көрсетті. Мұнымен қатар, аймақ басшысы жуырда ғана Семей қаласындағы татар диаспорасымен кезекті рет жүздескенін, облыста 9 мыңнан астам татар ұлтының өкілі тұратынын жеткізді.
Ержан Әбіш