Тасқынның алдын алу тапсырылды

Аймақ басшысы Даниал Ахметов аудандар мен қалалардың әкімдеріне алдағы көктемде болуы ықтимал су тасқынына тас түйін дайын болу керектігін міндеттеді.
Аймақтағы қауіпті телімдерді көктемгі қарғын суға дайындау, еріген қар суларының кедергісіз ағызу іс-шаралары облыс әкімі аппаратының кезекті кеңесінде сөз болды.
Қыс бойы қардың мол жаууы, атап айтқанда, кей жерлерде қалыпты шамадан үш есе көп түсуі, сондай-ақ ұзақ уақыт қатты аяздардың үстемдік құрып тұруы көктемде біраз әбігер әкелуі бек мүмкін. Әлбетте, егер наурыздың соңы мен сәуірдің басында күн күрт жылынар болса. Осыны ескерген атқарушы билік органдары «қатердің зардабын жоюдан гөрі, алдын алған тиімді» деп, жан-жақты профилактикалық шараларды ауқымды жүргізуге бел буып отыр.
Ауа райын зерттеуші мамандардың айтуынша, облыста осы көктемде Семей қаласының аумағына және Алтай, Шемонайха, Глубокое, Бесқарағай және Аягөз аудандарына жіті мән беру керек. Нақ осы өңірлерде су басу қаупі басым.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі Даниал Ахметов барлық аудан-қала басшыларына су тасқынының алдын алуға айрықша көңіл аударуды тапсырып, тиісті іс-шараларға жеткілікті мөлшерде қаражат бөлуді жүктеді. Аймақ басшысы барлық елді мекендер мен су-техникалық имараттардың қызыл суға әзірлігін анықтауға 15 күн уақыт берді. Аймақ басшысының айтуынша, осы кезең ішінде жер-жердегі атқарушы органдар аумақтарды ғарыштан және әуеден барлап, өзендердегі мұз жару учаскелерін белгілеуі қажет. Сонымен қатар қарды дер кезінде шығару, су ағатын арналарды қоқыстан тазарту, қажет жағдайда тоғандардан су ағызу сияқты әдеттегі шаралардың мүлтіксіз атқарылуына да қадағалау жасаған жөн.
– Өткен жылы жіберілген қателіктерден сабақ алу қажет. Қар жедел еріп, ауыл-аймаққа су келе бастағанда, бәрі кеш болады. Сондықтан қазірден-ақ алдын алу ісіне кіріскен дұрыс. Осы ретте атап өтерлік жайт – көктемгі су тасқынының зардабын жою жыл сайын қайталанатын іс-шараға айналып отыр. Осыны тоқтатуға тиіспіз. Бұл ретте ең бастысы – дайындық, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы сонымен бірге өкілетті органдар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы жұмысты үйлестіруді және жер-жерлерде төтенше қаржылық резерв құруды міндеттеді.
Осы ретте тұрғындар да ортақ істен қалыс қалмауы тиіс, әркім өз үйінің айналасын, ауласын, бау-бақшасы мен қора-қопсысын ретке келтіруі қажет. Еріген қар суының жайылмай, кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге азаматтардың көбі қауқарлы.
Ержан Әбіш