Қоғам

Тасқынға тосқын қою шаралары күшейеді

Тасқынға тосқын қою шаралары күшейеді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қалалар мен аудандар әкімдеріне, сонымен қатар, салалық ведомстволар жетекшілеріне тасқынға қарсы іс-шаралар барысын тікелей бақылауға алуды тапсырды.
Биыл қардың өткен жылға қарағанда айтарлықтай аз жауғанына қарамастан, аймақтың кейбір ауылдары мен қалаларында су басу жағдайлары орын алған. Үш отбасын эвакуациялауға тура келген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті және жұмылдыру дайындығы басқармасының мамандары тасқын кезеңінде тәулік бойы кезекшілік етпек, техника және эвакуация үшін қажет шатырлы қалашықтар дайын тұр.
Әуелі аймақ басшысы Семей мен Өскемен қалаларының әкімдеріне Сенат төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ жұмыс сапарын жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін алғыс білдірді. Мұнымен қоса, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жуырда аудандық және облыстық мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткенін атап көрсетті. Үржар мен Зайсан аудандарында азаматтардың 100 пайызы, Глубокое ауданында 85 пайызы дауыс берген.
– Елбасы саясатын қолдап отырған тұрғындарымыздың белсенділігін атап өткім келеді. Мен өз дауыстарын берген барлық сайлаушыларға ризашылығымды білдіремін. Бізге әлеуметтік төлемдерге және халықты жұмыспен қамтуға қатысты мәселелерді шешу жолында әрі қарай да бірлесе жұмыс істеу керек, – деді облыс Әкімі.
Аппараттық кеңесте негізінен тасқынның алдын алу шаралары сөз болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Нұрбатшановтың айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы жағдай тұрақты. Барлық дерлік аудандарда қардың көбесі сөгілген. Риддердің тауларында қар әлі бар, ол мамыр айының соңына дейін жатады. Зырян және Көкпекті аудандарында да аздаған қар қалған. Ақпан айында аймақта бес жұмыс тобы құрылған болатын, олар облыстағы барлық 203 гидротехникалық нысанды зерттеп шыққан. Олардың 107-сі коммуналдық меншікте, қалғандары не республика балансында, не болмаса жеке қолда. Өңірде иесіз су шаруашылық нысандары жоқ.
– Қазіргі кезде су нысандары тарапынан ешқандай қауіп-қатер байқалмайды, – деп атап өтті Руслан Нұрбатшанов. – Мұнымен қоса, «Шығысжарылысөндіріс», «Қазселденқорғау» және «Қазгидромет» мекемелерімен шарттар жасалған. Біз күн сайын облыстағы тасқын туралы толық ақпарат алып отырмыз. Техника мен мамандар жұмылдырылған және кез келген уақытта көмекке келуге әзір.
Дайындықтың жоғары деңгейіне қарамастан су басу оқиғалары орын алған. Айталық, мұндай жағдай Катонқарағай ауданындағы Ақсу ауылында, Глубокое ауданындағы Предгорное, Прогресс, Уварово ауылдары мен Белоусовка кентінде, тіпті, Семей және Өскемен қалаларында болды. Бірақ аталмыш оқиғалардың ешқайсысында да материалдық шығынға жол берілмеген.
Десек те, аймақ басшысы бұл жағдайларға жол бермеу керек еді деп санайды, яғни, аудан-қала әкімдері қауіпті жерлерді дер кезінде анықтап отыруы тиіс болатын.
– Жергілікті әкімдіктер бұл іске салғырт қараған, – деп атап өтті облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Олар жоқ жерден мәселе туындатқан. 2010 және 2013 жылдардағыдай емес, осы қыста қар аз жауды, аяздар да көп болмады. Жергілікті басшылар елді мекендерді аралап, өзен сағалары мен арналардың тазартылуын, гидротехникалық ғимараттардың жағдайын тексерулері қажет.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асқар Можанов Өскемендегі шағын ғана Бражий бұлағы тасып, Тәуелсіздік даңғылы мен Гагарин бульварының қиылысын су басқанын, оған бұлақ сағасының уақытында тазартылмағаны басты себеп болғанын атап көрсетті.
– Өткен жылдары осы өзеннің мұзын ыстық сумен ерітіп, жол ашқан болатыбыз, биыл да солай жасалды деп мәлімдейді қалалық әкімдік. Егер саға тазаланса, бұлақ тасымас еді, – деді мән-жайды баяндаған Асқар Можанов.
Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың айтуы бойынша, қаладағы тасқындардың бәрі айналасы алты сағаттың ішінде ауыздықталған. Семейге қатысты айтар болсақ, ондағы тасқынға қарды тазартуға және еріген қар суын соруға жергілікті қазынадан қаржының аз бөлінуі себеп болған.
Глубокое ауданында тасқын салдарынан екі үйді су басыпты. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, комиссия құрылып, үйлердің күрделі жөндеуді қажет ететінін анықтаған. Оған қаржы резервтік қордан бөлінуі тиіс. Аймақ басшысы орынбасары Нұрлыбек Шерубаевқа осы мәселемен шұғылдануды тапсырды.
Алдағы уақытта облыста мұздақтар еріп, тасқынның үшінші кезеңі басталады. Сол себепті қайғылы жағдайларды болдырмау үшін жаз шыққанға дейін тоғандардағы кезекшілік жалғаса бермек. Синоптиктердің мәліметінше, сәуір айының бірінші онкүндігінде жаңбыр жауады, ал ауа температурасы түнде -13 градусқа дейін төмендеп, күндіз +23 градусқа дейін көтеріледі.
– Аймақтағы ауа райының құбылмалы екенін жақсы білесіздер. Сондықтан барлық гидротехникалық ғимараттарды, әсіресе, ең қатерлі дегендерді бақылауда ұстау қажет. Қалалар мен аудандар әкімдері жағдайды өз көздерімен көрулері тиіс. Бұл ретте мәселеге немқұрайлы қарап, көзбояушылыққа жол беруге болмайды, – деп түйіндеді өз сөзін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Облыс Әкімі үйлері су тасқынынан зиян шеккен азаматтардың шығынын өтеу заң аясында жүргізілуі тиіс екенін де ескертті. Сонымен қатар, Бердібек САПАРБАЕВ жолдарға жіті көңіл бөлу қажеттігін атап өтті, су тасқынынан олар да зардап тартуы мүмкін.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button