Қоғам

Тасқынға тосқын қоя алдық па?

Тасқынға тосқын қоя алдық па?
Әне-міне дегенше көктемнің алғашқы айы да өте шықты. Жай өткен жоқ, облыс бойынша 110 елді мекенге су жайылу қаупін төндіріп, мазаны ала кетті. Дегенмен, тасқын қаупі сейілді деуге әлі тым ерте. Әсіресе, тау етегіндегі және өзен жағасындағы елді мекендер төтенше жағдайға жауапты орындардың жіті назарында тұр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан соңғы дерекке сүйенсек, аймақ бойынша әлі сегіз ауданда шамадан тыс мөлшерде қар сақталуда. Әсіресе Катонқарағай, Күршім, Зырян аудандарында қар мен судың қалыптан артуы 100 пайыздың үстінде. Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында қар көлемі қалыптан 192 пайызға, Күршім ауданының Марқакөл ауылында 131 пайызға көп сақталыпты. Ал Зырян ауданында ылғалдың көлемі 148 пайызға артық.
Құрғақ сандардың лебі суық болғанымен, жер-жердегі жауапты мамандардың ақпараты көңілге үміт ұялатады. Мысалы, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков жазықтағы қардың бәрі жерге ешқандай салдарсыз сіңіп жатқанын айтады. Жалпы бұл өңірде көктемгі тасқын екі кезеңмен жүреді. Катонқарағайлықтар соның біріншісінен аман өтіп, бір сәт тыныстауға мұрсат алыпты.
-Екінші кезең шамамен мамырдың екінші онкүндігінен басталады. Таудағы қар әлі еріп үлгерген жоқ. Барлық, Коробиха сынды тау өзендері мұздан жаңа көз ашты. Демек, арнасынан асатындай қауіп жоқ. Қазір Бұқтырманың ағысын аңдып қана отырмыз, – дейді Ж.Тыныбеков.
Зырян ауданында көктем туа Бұқтырма, Тұрғысын, Березовка, Хамир өзендерінің мінез көрсететін әдеті бар. Соның салдарынан әр жылдары Малеев, Путинцев, Богатырев, Быков, Баянов, Парыгин, Снегирев, Тұрғысын, Соловьев, Березовка ауылдары мен Зубовка кенті зардап шегетін. Бұқтырма өзені арнасынан шығуы үшін су деңгейі 5,3 метрден асуы керек екен. Әзірге ондағы биіктік 3,81 метрге тең. Тұрғысын өзенінде шекті биіктік төрт метр болса, қазіргі деңгейі – 70 см. Березовка өзенінде 2,19 метрдің орнына 80 см. тіркелген. Өткен жылдардан сабақ алған зыряндықтар қардың еруінен гөрі көктемгі нөсерден қорқып отыр. Дегенмен, Тұрғысын, Бұқтырма сынды өзендер арнасына толып жатса, жолдарды жыру арқылы тасқынның бағытын өзгертуге дайын отыр. Ол үшін нақты жоспар да дайындап қойыпты.
-Бұқтырма да, Тұрғысын мен Хамир де мұздан аршылып, арнасын кеңейтіп алды. Таудың күнгейіндегі қар қалыңдығы – 35 см, теріскейде –55-80 см, – дейді аумақтық қорғанысты қалыптастыру басқармасының арнайы топ басшысы Амангелді Тымбаев.
Ал Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев ауданды кесіп ағатын сегіз өзеннің бойында қапысыз күзет қойылғанын айтады. Ертіс, Күршім, Сарыөзек, Маралды, Арда, Қалғұты, Қара Қаба, Қалжыр өзендерінің бойында Үшбұлақ, Күршім, Маралды, Бурабай, Бірлік, Барақ батыр, Топтерек, Қалжыр, Жаңаауыл, Боран, Ақши, Төсқайың ауылдары жатыр. Қазір Ертістен бастап барлық өзендердің басы мұздан аршылған. Бір миллион текше метр су сыйғызатын Теректі бөгенінде қазір 700 мың текше метр су бар. Күршімдіктерді бәрінен бұрын Қалжыр өзенінің жайы алаңдатып отыр. Өйткені, мұнда қыстың көзі қырауда дамбының шлюзі су жіберген болатын. Марқакөл ауылының маңында қар көлемі 131 пайызға көп болса, Күршім ауылында межеден 27 см. биік тұр.
-Биыл Қалжыр өзенінің Жаңауылдан 7,5 шақырым, Қалжырдан 4,5 шақырым жатқан тұсынан дамбы жарылып, қызыл су жайылды. Оны күршімдіктер өз күшімізбен жамап қойдық. Негізі, ол нысан «Казводхоз» мекемесінің теңгерімінде тұр. Бұл мәселе оларға айтылған. Қалжырдан келер қауіпті сейілту үшін таулы жердегі арнасын тазалау керек, – дейді Қ.Әзімбаев.
Сегіз ауданның қалған бестігіне келер болсақ, қар мен су көлемі Шемонайха ауданында – қалыптан 33 пайызға, Үржар ауданында – алты пайызға, Риддер қаласында – 42 пайызға, Глубоке ауданында – 47 пайызға, Көкпекті ауданының Самар ауылында – 27 пайызға, Көкпекті ауылында 71 пайызға артық.
Қарғын су десе, еске ең әуелі Семей түседі. Көктемгі тасқынға қанша дайындалдық дегенмен, биыл қала аумағындағы 72 көшеде қар мөлшерден көп жиналған. Тек тұрғындардың өз күшімен 900 мәшине қар сыртқа тасылған. Соған қарамастан, жеке сектор жайғасқан 11 көшеге су жайылып, тұрғындар тарапынан оны сорғызуға 952 тапсырыс түскен. Оның барлығы расталып, 594 мәшине инертті материал төселсе, 75,7 мың текше метр су сорылған. Ал Суықбастау кентінде жолға жайылған су жаяу жүргіншілер жолын зақымдап кеткен. Қазір оны қалпына келтіру үшін қиыршық тас пен плиталар тасып жатыр.
-Қызыл кордон кентінде Туристическая және Рубцовская көшелерін су басып, екі моторлы су сорғыш пен бес самосвалдың көмегімен жағдай оңалтылды. Сондай-ақ, Юность кентінде дамбыны бітеу жұмысы дер кезінде ұйымдастырылып, су басу қаупі сейілді. Мұқыр өзеніндегі бөгетке де тәулікті күзет қойылған. Сақтық үшін қосымша материалдар жеткізілді, – дейді қала әкімінің баспасөз қызметшісі Нұржан Есенжолов.
Су – бағындыра білсең, тіршілік көзі, бағындыра алмасаң, қауіптің өзі. Облыс аумағында Ертіс бассейніне кіретін өзен-бұлақтардың ағынын
реттейтін үш ірі гидротехникалық нысан бар. Халықты балықпен, электр қуатымен, қылаяғы жемшөппен қамтып отырған осы үш нысан деуге болады. Онымен қоймай, көктем мен күздегі нөсерден келер қауіпті өзіне қабылдайтын да – осы Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен су қоймалары. Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Рысбек Сүлейменовтің айтуынша, өткен жылғы Ертістің мол ағыны бөгендерден облыс орталығына келе, қауіп жоқ екенін көрсеткен.
-Бұқтырма су бөгенінің жобалық сыйымдылығы 49,62 млрд. текше метр. Шектік сыйымдылығы – 55,2 млрд. текше метр. Өткен жылы Қытай тарапынан мол су келгеннің өзінде 49,4 млрд. текше метр су жиналды. Осы кезде қоймалардың шлюздері ақаусыз екеніне көз жетті. 11 сәуірдегі дерек бойынша, Бұқтырма қоймасындағы судың көлемі 40,9 млрд. текше метрге жеткен. Демек, алаңдауға негіз жоқ. Егер Қытай жағы былтырғыдай суды молынан жіберетін болса, дипломатиялық қағидаға сай алдын ала құлақтандырады. Өткен жылы да солай болған, – дейді маман.
Ал өткен жылы Өскеменнің ішіне су жайылуына көп жылдардан бері Ертістің жылыстап аққанына үйреніп қалған халықтың өзеннің ернеуіне ентелей қоныстанғаны және дәл сол кезде орталық көпірдің қайта жарақтау жұмыстары жалғасып жатқаны себепкер болса керек. Қарғын судан облыс бойынша үш жолға су жайылған. Оның екеуі ешбір салдарсыз тоқтатылса, Бесқарағай ауданындағы Семей-Долонь жолы бүлінген. Жергілікті әкімдік жол қозғалысы қалпына келтірілді деген ақпар беріп отыр.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button