Қоғам

Тасқынға тас-түйін дайын отырмыз

Тасқынға тас-түйін дайын отырмыз

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ селекторлық режимде кеңейтілген аппараттық кеңес өткізді. Көктемгі тасқынның алдын алу шаралары, автомобиль жолдары саласын дамытудың келешегі, тарихи мерейтойларға дайындық барысы талқыланған жиында аталған мәселелерді бақылауға ала отырып, әрекет ететін жұмыс топтары құрылды.

Өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың қазіргі жайы және тасқынның алдын алуға арналған шаралар жөнінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Руслан Нұрбатшанов баяндады. Оның айтуынша, облыс бойынша жазықтағы қардың қалыңдығы 79 сантиметрге дейін жетсе, жердің қату қалыңдығы 150 сантиметрге дейін барады. Өзендер мен су қоймаларындағы мұздың қалыңдығы 20-80 см аралығында.
Орта есеппен алғанда қар суының биылғы қоры қалыптан төмен деп айтуға негіз болғанымен, Шемонаиха, Зырян, Глубокое, Көкпекті, Үржар, Бесқарағай, Жарма, Катонқарағай аудандарында қалыптан асу байқалған. Таулы аумақтың өзенге құяр тұстарындағы қар мөлшері де қалыптан төмен.
Руслан Нұрбатшанов күн райы күрт жылына қалған жағдайда Шемонаиха, Глубокое, Бесқарағай аудандары мен Өскемен қаласының төңірегінде қиындықтар туындауы мүмкін екенін жеткізді. Тоңның қалыңдығы салдарынан Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында, Бородулиха ауданының Дмитриевка ауылында, Катонқарағай ауданының орталығында, Бесқарағай ауданының Семияр ауылында, Күршім ауданының Теректі ауылында және Риддер қаласында өзендердің арнасынан асуы тіркелуі мүмкін. Аталған елді мекендерде жердің қату қалыңдығы 84 см-ден 150 см-ге дейін жеткен.
Өңір бойынша 159 тасқын қаупі бар учаске тіркелгенін айтқан департамент басшысы қардың еруі жаңбырмен қатар жүрсе 157 елді мекенге су жайылу қаупі төнетінін айтады. Осы қатерлерді ескергендіктен, облыстағы 204 гидротехникалық құрылыстың барлығы бақылауға алынып, тұрақты кезекшілік ұйымдастырылуда.
«Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, тұрғындарды тасымалдауға арналған 627 автобус, 364 жүк көлігі сақадай сай тұр.
Қажет болған жағдайда жасанды жарылыстар ұйымдастыру және дәрі-дәрмекпен қамту жөнінде рұқсаты бар ұйымдармен келісімдер де жасалыпты. Жағдайды толық бақылауға алу үшін облыс аумағындағы қардың еруі ғарыштан бақыланып, мониторнг жүргізілуде.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Виталий Чернецкий су қоймаларында апаттар болдырмау мақсатында алдын ала 4 мың дана құмқап, 1600 шаршы метрден қиыршық және жай тас, 20 мың тонна дизельді отын, 10 мың тонна бензин қоры дайындалғанын мәлім етті. Оның үстіне 40-қа жуық арнайы ауыр техника жалға алынған.
«Қазсушар» РМК өңірлік филиалының директоры Мұхамедкәрім Мәдиев мекеме балансындағы Шар, Егінсу, Үйдене, Қандысу, Қаракөл, Алебастр су қоймаларының жағдайына тоқтала келіп, Күршім ауданының Орта Теректі су қоймасы тасқын кезеңіне дайын емес екенін жеткізді. Техникамен қамтамасыз ету мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр.
Облыс әкімі апат айтып келмейтіндіктен, барлық жағдайға дайын болу керектігін ескерте келе, әрбір аудан мен қала әкіміне қарамағындағы аумаққа бірінші кезекте жергілікті басшылар жауап беретінін еске салды.
-Өскемен мен Семейдің су бұру жүйесін де ретке келтіру қажет. Әсіресе Семейдегі жағдайды реттеу – уақыт күттірмейтін мәселе. Шаһардағы дюкерлердің жағдайы соңғы бірнеше жылда мүлдем тексерілмеген. Бұл дюкерлерді қайта жарақтауға қаржы бөлгізу мәселесін орынбасарларым Димитрий Гариков пен Нұрымбет Сақтағановқа тапсырамын. Ал Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығы басқармасымен бірге облыстағы ең ірі жеті су қоймасының суын суармалы жерлерге тиімді пайдаланудың жолдарын пысықтасын, – деді аймақ басшысы.

Жол жөндеуде тиімді жолды таңдау керек

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын іске асыру мақсатында аймақтағы жолдардың жағдайын жақсарту бойынша атқарылған шаруалар жөнінде облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мира Нұрпейісова мәлімет берді. Өткен жылы республикалық маңызға ие жолдардың 227 шақырымы жөндеу көрсе, жалпы ұзындығы 87 шақырымға тең облыстық маңыздағы жолдар жөнделіп, бір көпір салынған. Ал аудандық маңыздағы жолдардың 128 шақырымы жөнделіп, екі көпір салынған.
Алдағы уақытта «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Омбы-Майқапшағай тас жолы арқылы Шығыс-Орталық дәлізін қайта жарақтау жобасы жалғаспақ. Қазірдің өзінде жалпы ұзындығы 407 шақырым болатын бұл көлік дәлізінің 118 шақырымы жөнделген. Тағы 53 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Өскемен мен Алматының арасын жалғайтын Қапшағай-Қалбатау жол бөлігін жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жолдарды күрделі жөндеуге бөлінген қаржыны орта жөндеу жобаларына қайта үлестіру есебінен Өскемен-Риддер бағытындағы жолды толықтай жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Автомобиль жолдарын дамытудың 2020 жылға дейінгі өңірлік жоспарына сәйкес, жергілікті маңызға ие жолдардың 84 шақырымын қайта жарақтау, 279 шақырымын күрделі жөндеу, 607 шақырымын орташа жөндеу жобалары жүзеге аспақ. Жоспардың биылғы кезеңіне бір млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Ал Шемонаиха-Секисовка аралығындағы тасжолдың ауыр жүк көліктерінен зардап шеккен 54 шақырымы «Қазақмыс» корпорациясының есебінен қалпына келтірілуі тиіс.
Аймақ басшысы басқарманың алдына күрделі жөндеуге бөлінген қаржыны ақылға қонымды етіп, қайта бағыттау міндетін қойды.
-Есептеп көрсеңіздер, бір шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуге кететін қаржыға 12 шақырым жолды орташа жөндеуге болады екен. Сондықтан күрделі жөндеуге бөлінген қаржының басым бөлігін орташа жөндеуге жіберу қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Қайырсынов ағымдағы жылы аталып өтетін тарихи мерейтойларға дайындық барысына тоқталды. Оның айтуынша, тиісті шараларды өткізуге қаржы қарастырылған бағдарламалар да бекітілген.

Маңызды жобаларға басымдық беріледі

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ басқарма басшылары мен әкімдерге бірнеше нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы басқармасына аймақтағы мал санын нақтылау қажет. Басқарманың деректерінде 2012-2015 жылдар аралығында өңірдегі ірі қараның саны 52 мыңға азайып кеткен. Ал осы аралықта сырттан 32 мың бас ірі қара әкелінгені көрсетілген. Басқарма басшысы Дүйсембай Селихановқа облыстағы ең ірі деген 15 егіншілік бағытындағы қожалықты анықтап, олардың жемшөп базасы мен мал өсіру мүмкіндіктерін зерделеу тапсырылды. Алдағы уақытта осы тәсілмен өзге де диқандарды сүтті ірі қара асырауға тарту жұмыстары жалғаспақ.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына заңсыз аулаушылардан тәркіленген балықты әлеуметтік мемекелерге бағыттау міндеттелді.
Аягөз қаласындағы су бұру жүйесін реттеу, жылу қазандығын орнату, жеке секторды ортақ құдықтармен қамту міндеті аудан әкімі Бақытжан Байахметовке жүктелді. Аталмыш аудандағы мектептердің үш кезекпен білім алу мәселесін шешудің жолдарын ұсыну білім басқармасына тапсырылды. Үш бірдей жұмыс тобы құрылды. Бірінші жұмыс тобы Үржар ауданындағы «Бәтуа» шаруа қожалығының суармалы алқапты ұлғайту жобасын, Абай ауданындағы Бөрілі кенішін игеру жобасын, Бородулиха ауданында 400 басқа арналған екі бірдей тауарлы-сүт фермасын ашу жобасын, Ұлан ауданында бестер бекіре тұқымдасының еті мен уылдырығын өндіру жобасын инфрақұрылым тарту бойынша қаржыландырумен айналысуы тиіс. Сондай-ақ бұл жұмыс тобына жарты жылдың ішінде облыстың көлік кластерін әлемдік деңгейге көтерудің нақты жоспарын дайындау міндеттелді.
-Бірінші кезекте құрылысы басталып кеткен жобаларды қолдау қажет. Мен атаған төрт жоба да мемлекеттен түсетін қаржыны күтіп отырмай, жұмысты бастап отыр. Міне, алдағы уақытта басымдық осындай белсенді жобаларға берілмек. Ал машина жасау саласында бұрағышпен көлік құрастыру кезеңінен әрі қарай жылжу керек. Осы мақсатта әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың тәжірибесін зерделеп, солармен байланыс орнату қажет, – деді аймақ басшысы.
Ал екінші жұмыс тобы Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасына салынатын ірі көпірдің құрылысы, Өскемен және Семей қалаларын соңғы үлгідегі шамдармен жарықтандыру, қос қаланың инженерлік жүйесін жетілдіру, Аягөз қаласына импорттық жылу қазандығын орнату жобаларына инвестиция тартумен айналысуы тиіс. Үшінші жұмыс тобына Семей қаласын медициналық туризм орталығына айналдырудың медиа-жоспарын әзірлеп, емделушілерді ғаламтор арқылы жедел және алдын ала тіркеу жүйесін жолға қою міндеттері тапсырылды. Тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
-Семейдің медициналық әлеуеті кез келген еуропалық орталықтардан артық. Осы әлеуетті пайдалануымыз керек. Бұл істе Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерделеу қажет. Ол үшін аталмыш елге барып, кеңес алу керек. Осындай озық қондырғыларымыз бола тұра, емделушілерді әлі күнге қағазға тіркеп келе жатқанымыз жарамайды. Қазір тіпті сот отырысына да «смс-хабарлама» арқылы шақырту жолға қойылған. Дәрігерге қаралғысы келген науқас үйінде отырып-ақ ғаламтор арқылы тіркелуі керек. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан орындауға үш ай мерзім беремін, – деді облыс басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button