Қоғам

Тасқынға тас-түйін дайын болуымыз керек

Тасқынға тас-түйін дайын болуымыз керек

Көктемгі тасқынға қарсы дайындық жұмыстарының барысы, қауіпсіздік шаралары, су жиналатын орындардың жағдайы және басқа да мәселелер аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалық етуімен селекторлық режимде өткізілген облыс әкімдігінің мәжілісінде қаралды.
Облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Виталий Чернецкийдің дерегіне сүйенсек, биыл қыста өңірімізге өткен жылғыдан 30-40 пайызға артық қар жауыпты. Сәйкесінше еріген қар суының мөлшері де былтырғыдан көбірек болмақ. Сол себепті тиісті орындар көктемді күтпей-ақ қыстың соңын ала тасқынның алдын алу қарекетіне кірісіп кеткен-ді. Бүгінде жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде.
Баяндамашының айтуынша, аймағымызда жалпы саны екі жүзден астам гидротехникалық нысан бар, оның ішінде 26-сы жекеменшік иелікте. Қалғандары мемлекеттің қарамағында.
– Алдыңғы жылы су тоқтататын құрылыстардың үштен біріне жөндеу жүргізілді. Бөгендер қалпына келтіріліп, суды өткізетін құбырлар, апаттық су жіберу және мұздан қорғау имараттары жөнделді. Суды ағызу тиегі және басқа да құрылыстар ауыстырылды. Бұл жұмыстар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, суармалы алқаптардың көлемін арттыруға да мүмкіндік туғызып отыр, – дейді Виталий Чернецкий.
Алайда, жауапты басқарма өкілінің пікірінше, сегіз ауданда орналасқан 31 гидротехникалық нысанның жағдайы ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Олардың дені Семей қаласы мен Глубокое ауданының елді мекендеріне жақын орналасқан. Салынғанына жарты ғасырдан асқан бұл нысандар ескіріп, тозығы жеткен. Маманның айтуынша, оларды жаңғырту үшін өткен жылдары бюджеттік өтінім жолданыпты, алайда, нәтижесі мардымсыз. Қазір аталған нысандардың төртеуі тез арада қалпына келтіруді қажет етеді. Бұл жұмыстарды атқаруға қажетті сома – 67 млн. теңге. Қазір «Шығыс су қоймалары» кәсіпорнымен гидротехникалық нысандардың жағдайы қатаң бақылауға алынып, көктемгі тасқынға қарсы жұмыстар тиянақты жүргізілуде.
Табиғат апатының алдын алу жұмыстарының барысына көз жеткізген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өз кезегінде аталған мәселелерді қарастыратын арнайы комиссия құрып, үш күннің ішінде нақты бір шешім шығаруға тапсырма берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Нұрбатшановтың келтірген мәліметтеріне ден қойсақ, ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан аумағында жылы ауа райы сақталды. Соның нәтижесінде өңірдегі қардың қоры біраз азайып қалды. Наурыздың 10-ы күнгі ақпарат бойынша облыстағы қардың қоры орта есеппен 30 пайызға дейін азайған. Жарма, Аягөз сияқты кебір аудандарда тіпті, бұл көрсеткіш 50 пайызға жетіп отыр. Керісінше, Күршім, Көкпекті, Зырян, Катонқарағай аудандарында қыс бойы жауған қалың қардың мұрты бұзыла қоймапты.
«Қазгидромет» орталығының болжамынша, көктем ұзаққа созылуы ықтимал. Сонымен қоса, кейбір жерлерде топан судың жайылу қаупі де жоқ емес.
– Су тасқыны бола қалған жағдайда жылдам әрекет ету үшін 253 адамынан жасақталған төтенше жағдайлар қызметінің жедел тобы құрылған. Оған қоса ішкі істер органдарымен және Ұлттық гвардия құрамымен 210 адам көмек көрсетуге дайын. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы қосымша 366 адамды жұмылдыруға дайындап қойды. Мұның сыртында 129 техника, 19 мотопомпы мен 70 су көлігі бар. Аймағымыздың барлық елді мекендерінде қарды сыртқа шығару, арықтарды, өзен-сулардың арналарын тазалау, қолдан көшкін жүргізу жұмыстары атқарылуда, – деп нақтылады Руслан Нұрбатшанов.
Сондай-ақ, департамент басшысы табиғат апатының алдын алу жұмыстарына арнап 480 тонна жанар-жағармай, 2755 инертті материал, құм-топырақ толтыратын 100 қап әзірленіп қойғанын жеткізді. Қажеттілік болса жеті бірдей тікұшақ қызмет көрсетуге тас-түйін тұр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізуге алдын ала келісім жасалып қойған.
Мамандардың болжамынша, қазір өзен-көлдердегі судың деңгейі қалыпты мөлшерден аса қоймағанмен, сәуірдің басында арнасынан асып кететіні белгілі. Өйткені, бұл кезде аймақтағы ауа температурасы +10 градустан, кейбір жерлерде тіпті +15 градустан асады деп күтілуде.
– Көктемгі тасқын кезінде аса қауіпті саналған орындарды анықтап, ондағы мәселелерді шешу үшін бес жұмыс тобын құруға және нақты нәтиже шығаруға тапсырма бердім. Қайда сол қауіпті орындар? Қандай нәтиже, ұсыныстар бар? Жауапты мамандар тарапынан ескертпе жазылуы керек болатын. Сол бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, орындаушылар анықталады. Өкінішке қарай, сіздер мұны істеген жоқсыздар. Бұл дұрыс емес, – деп шегелеп тұрып ескерткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ екі-үш күннің ішінде тасқынға қарсы іс-шаралар жоспарын құрып, жіберілген кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Арзан азық-түлікке қол жетіп отыр

Әкімдік мәжілісінде тыңдалған келесі мәселе «Халықтың көш-қоны туралы» Заңының іске асырылу барысы болды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаеваның есебінше, 2010 жылдан бері қарай Шығыс Қазақстанға тұрақты тұруға 12 мың қандасымыз келіпті. Оның сегіз мыңнан астамы Қытайдан, үш мыңға жуығы Моңғолиядан, 166-сы ТМД елдерінен және 17-сі Ауғанстаннан ат шалдырғандар. Алтайға қоныс тепкен ағайындардың басым бөлігі еңбекке жарамды.
Алайда, кейінгі уақытта шетелде жүрген бауырларымыздың кіндікжұртқа оралуы сәл саябырсыған. Сол себепті 2015 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгертулер енгізіліп, құжат ресімдеу жеңілдетілді. Яғни, бұдан былай жат жұртта жүрген қандастардың ата мекеніне келіп, оралман мәртебесін, Қазақстан Республикасының азаматтығын және ЖСН алу тәртібі едәуір жеңілдетілді, уақыты қысқарды.
– Үкімет қаулысына сәйкес биыл біздің облыс шетелден 260 отбасын және еліміздің өзге өңірлерінен 40 отбасын қабылдай алады. Оларды орналастыруға Жарма, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Катонқарағай, Шемонайха аудандары белгіленген. Аталған аудандарда көшіп келген бауырларымызға арналған баспаналардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп қойған. Тиісті министрлікке бюджеттік өтінім жолданған, – деді Самал Мырзабаева.
Облыстық тұрақтандыру қорының өнімдерімен тұрғындарды қамтамасыз ету барысынан «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Нығметов хабардар етті. Оның айтуына қарағанда, өткен жылдың қарашасынан бері Өскемен мен Семейде 4827 тонна ауыл шаруашылығы өнімі (қордағы өнімнің тең жартысы) саудаланған. Қалғанын мамырға дейін толық түгеспекші. Нұрлан Нығметовтың ұсынған ақпараттарын ден қойып тыңдаған аймақ басшысы өз кезегінде тұрақтандыру қорының тауарлары жеткілікті деңгейде өтпей жатқанын сынға алды.
– Өскемендегі «Жердем» базарына барып, көзіммен көрдім. Қордың өнімдерін түкпірге апарып қойған. Бірнеше адам кезекте тұр. Алақандай жерде жүріп-тұру мұң екен. Тұрғындардың бәрі де сапалы әрі арзан азық-түліктен алғысы келеді. Ал жауапты мамандар мұнымен айналыспайды. Сондықтан ескертіп айтамын, халықтың арзан өнімдерге қолы жетуі керек, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Бұл мәселеге байланысты жағдайды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов түсіндіре кетті. Аймақ басшысының тапсырмасынан кейін тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын қаладағы сауда нүктелерінің саны артып, баға арзандаған. Сатылу көрсеткіші жақсарған. Мамыр айына дейін қордағы өнімдер тақыл-тұқыл таусылатынын жеткізді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Ал аймақ басшысы облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюкке депутаттардан жасақталған топ құрып, өңірдің қос қаласындағы тұрақтандыру қорының жұмысын бақылау жөнінде ұсыныс айтты.
Жиында сонымен қатар, білім саласына қатысты мәселелер қаузалып, гимназия мен лицей мәртебесін иеленген мекемелердің білім сапасын саралау жұмыстарын жеделдетуді ескертті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button