Қоғам

Тасымалдаушыларды жөнге кім салады?

Тасымалдаушыларды жөнге кім салады?


Бүгінгі күнде барлық жерде көмір саудасы қызып тұр. Бір тонна көмірдің бағасы қанша, жеткізу құны қанша болады? Жеткізілген сапасыз көмірге кім жауапты? Жүк көліктері көмір кезегінде неге күні бойы тұрады? Қарапайым халықты мазалаған осы саұрақтарға сала мамандары жауап берді.

Биыл облыс орталығында бір тонна көмірдің бағасы 8800 теңгеден бекітілген, бұл баға жылыту маусымы бойында өзгермейді. Алайда билік өкілдері кен орнынан қалаға вагондап жеткізілетін қатты отынды қойма басынан үйге дейін жеткізіп берушілер қойып отырған бағаны реттеуге қауқарсыз болып шықты. Мысалы, қазір қала ішінде көмірді жеткізу бағасы 15-20 мың теңге болса, қала іргесіндегі ауылдарға апару үшін отыз мың теңгеге дейін сұрайды екен көлік иелері.

– Біздің басқарманың міндетіне көмір кенішінен облыстағы 19 теміржол тұйығына дейін көмірді уағында жеткізу мәселесін келісу, техникалық мәселелерді шешу ғана кіреді. Тек кейде көмір тасы көбейіп, сапасыз болып кетсе немесе тым ұсақ, не тым ірі болса, мәселені монополистпен сөйлесіп, сотқа дейін ушықтырмай шешуге араласамыз. Облысқа көмір негізінен Қаражыра кен орнынан келеді. Ал қаланың, елді мекеннің ішінде көмірді тарату, тасымалдау бағасына бақылау жасау біздің құзырымызда емес. Жекеменшік көмір тасымалдаушылар да шағын және орта бизнес өкілдері болғандықтан, бағаны өздері белгілейді, олардың шаруасына араласпаймыз, себебі бұл – нарық, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бұқатов.

Сонымен бірге Асхат Бұқатов жердің шалғайлығына байланысты қалалар мен аудандарға жеткізілетін көмір бағасы да сәйкесінше әртүрлі болатындығын атап өтті.

Ал қоймалардың басында көліктердің кезек күтіп сағаттап қаңтарылып қалғанын басқарма басшысының орынбасары көмірдің өзге өңірлерге де жіберілуімен байланысты деп түсіндірді.

– Қаражыра көмір кен орнынан көмір біздің облыстан бөлек Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына да жіберіледі. Соңғы кезде оларда көмірмен қамтамасыз етуде айтарлықтай мәселе туындағандықтан, барлық көмір үздіксіз сол жаққа жөнелтілген. Біз Қаражыраның коммерциялық басшысымен сөйлестік, енді қайтадан Өскеменге тасымалдау басталады. Вагондар алдағы жексенбі күні түнде, не дүйсенбі күні түске дейін келеді. Өскемендегі қоймалар күніне екі жүзге дейін жүк көлігін көмірге толтырып жөнелте алады. Жасырары жоқ, кейде, көмір уақытында келмей де қалады, міне сол кезде кезек пайда болады, – дейді ол.

Ал көмірдің сапалы, сапасыздығын тұрғындар өздері қарауы керек дегенді айтады басқарма басшысының орынбасары.

– Ақшаға алып тұрғасын, көмірді аларда мұқият қарап алу керек, егер тасы көп жарамсыз болса, бірден сол жерде сұрыптап тастап, орнына басқасын алу қажет. Тіпті көмір үйге жетіп қойған жағдайда да, қайта апарып өткізіп тастауға, төленген ақшаны қайтарып алуға болады. Мәселен, Қаражырадан бөлек, Майкүбінің де көмірі бар бізде. Алайда оны тұрғындар майлы, тез ыс алады деп ала бермейді. Қазір Защита жақта тау болып үйіліп жатыр. Таңдау көбінде Қаражыраға түседі. Аймақ тұрғындарына 1 млн 141 мың тонна көмір қажет болса, соның 911 мың тоннасы жеткізілді. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 80 пайызы, ал бюджеттік мекемелердің жүз пайызы көмірмен қамтылған. Сондықтан жылыту маусымында көмір болмай қалады деп алаңдауға негіз жоқ, – дейді Асхат Бұқатов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button