Тасымалдаушылар ескі көліктермен қоштасуға асығар емес
Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте 2019 жылға арналған жолаушылар қатынасын дамыту келешегі және алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен бюджеттің игерілу барысы талқыға салынды.
263 елдімекенге автобус қатынамайды
Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев 2017-2019 жылдарға арналған жолаушылар қатынасын дамытудың келешегі туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда облыста 334 тұрақты автобус маршрут жұмыс істейді, оның ішінде 21 облысаралық және 20 халықаралық (Ресей, Қытай қалалары) маршрут бар. Аймағымыздағы 752 елдімекеннің 489-ы, яғни 65 пайызы ғана тұрақты көлік қатынасымен қамтылған, қалған 263 елдімекенге автобустар қатынамайды. Бұл ретте Абай, Аягөз және Жарма аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. АлШемонайха мен Бородулиха аудандарында жағдай біршама тәуір. Аудандар автобус маршруттарын қолдау мақсатында өткен жылы 66 миллион, биыл 77,4 миллион теңге субсидия бөліпті.
–Жолаушы таситын автобустардың дені ескірген. Қолданыста 12 жылдан артық болған облысішілік маршруттардағы автобустардың үлесі 56 пайызды құрайды, – деген сала басшысы тағы да бірқатар мәселелерді тілге тиек етті.
Басқарма мамандарының пайымынша, саланы дамытуға заңсыз жолаушы тасымалдаушылар мен автобекеттер үлкен кедергі келтіріп отыр. Олар ең тиімді деген маршруттарда қатынайды. Заң бұзушылармен күресу үшін басқарма өзге де ведомстволармен және күштік құрылымдармен бірге арнайы жұмыс тобын да құрыпты. Бірақ нәтиже шамалы.
Өңір аумағы арқылы 1243 шақырымды құрайтын темір жол желісі өтеді, олардың бойында 24 вокзал орналасқан. Аталмыш саланы дамыту үшін былтыр 323 миллион теңге субсидия бөлінген. Әуе көлігін қолдауға облыстық қазынадан осы жылы 182 миллион теңге қарастырылды. Семейдегі, Зайсан мен Үржардағы әуежайларға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Облыста екі паром өткелі бар –Қызылту («Күршім», «Ертіс» дизельді электроходтары) және Васильев («Одесса» паромы). Сәуір мен желтоқсан аралығында өткелдердегі осы үш паром Ертістің екі жағасынажеңіл және жүк көліктерді тасымалдайды.
–Маршруттарды иеленіп отырған мердігерлермен жүйелі жұмыс ұйымдастыру керек. Әбден тозығы жеткен автобустар жолаушылар үшін үлкен қатер төндіреді. Конкурс өткізу кезінде көліктердің жаңалығына ерекше мән беріп, ескерген жөн. Жалпы, кез келген әлеуетті тасымалдаушыға тиесілі автобустардың жоқ дегенде 30-40 пайызы жаңа болуы шарт. Сондай-ақ, Зайсан мен Үржар әуежайларын жөндеу мерізімін нақтылау керек, – деп тапсырды Нұрымбет Сақтағанов.
Мердігерлерді қатаң бақылауға алу тапсырылды
Осы жылдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы және аудан-қалалардың бюджет қаржысын игеру қарқыны жайында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев баяндады.
Алғашқы жартыжылдықта облыстың өнеркәсіп орындары 720 миллиард теңгенің өнімін шығарған, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Ел өндірісіндегі облыстың үлесі 7 пайызға жуықтайды. Өңдеу өнеркәсібінде 597 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, әсіресе, машина жасау саласындағы қарқын күшті. Айталық, «Азия Авто» жеңіл көлік құрастыруды 17 есеге ұлғайтыпты. Жыл басынан бері 5653 автокөлік шығарылған, өткен жылы бұл көрсеткіш 368 болатын.
–Сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру жалғасуда. Осы жылы 18 тауарлы-сүт фермасын салу және қайта құру, 10 сүт қабылдау бекетін ашу қарастырылған. Қазіргі кезде облыста 53 сүт қабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Алғашқы жартыжылдықта 8386 тонна сүт жиналды, – деді басқарма басшысы.
Әлеуметтік маңызды деп белгіленген 19 түрлі азық-түліктің бағасына тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады. Аталмыш бақылау Өскемен мен Семейде және бірқатар аудандарда бағаның өскенін көрсетіп отыр.
Қажетті азық-түлік құнын ырықтандыру мақсатында 511 тауарөндірушімен және 4063 сауда нысанымен меморандумдар жасалған, ол бойынша үстемеақы 10 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар, жылбасынан бері 428 жәрмеңке өтікізілді.
–Облыс бюджеті бірінші жартыжылдықтажеке кірістер бойынша 122 пайызға орындалды және 49,8 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы шамадан 5 миллиард теңгеге көп. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша тұрғындардың орташа жалақысы 116 мың теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7 пайызға артық, – деді Алмасхан Сматлаев.
Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Галина Пахомова қала-аудан әкімдіктерінің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті игеруі туралы мәлімет беріп өтті. Басқарма өкілі республикалық және жергілікті бюджет қаржысы 99 пайызға игерілгенін жеткізді, яғни 143 659 миллион теңге игерілген (жоспар – 145 047 миллион теңге), игерілмеген сома – 1 388 миллион теңге.
–Бөлінген қазына қаржысын дер кезінде және толық көлемде игерілуі үшін аудан-қала әкімдері, басқармалар әр мердігермен жеке жұмыс істеуі керек. Шыны керек, мердігер ұйымдардың басшылары ақшаны алған соң өздеріне қымбат көлік алады, демалуға кетіп жатады. Ал қарапайым жұмысшылар айлап жалақыларын ала алмай жүреді. Нысандар уақытылы бітпейді, – деген Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмыстарына қатаң қадағалау жасауды тапсырды. 10 желтоқсанға дейін қаражат игерілмесе, олар қайтадан бюджетке қайтарылады.
Жиында, сондай-ақ, Өскемен қаласындағы индустриялық аймақтарды, ауылшаруашылық кооперацияларды, балық өсіру және аулау саласын дамыту туралы, алдағы жылыту маусымына дайындықтың барысы жайында ақпараттар тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ержан Әбіш