Қоғам

Тассайдағы балықшы келіншек

Тассайдағы балықшы келіншек

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран бетті сабалап ұйытқи соғып тұр. Бір жүріп, бір тоқтаған атшана үстіндегі қыз бүріскен қолдары ұстауға келмей қалған қамшысын астына төселген қамыстың қуысына тығып қойып, жерге түсті. Жирен аттың жүрісі бәрібір мандыр емес. Қарасын көрсетпей тұрған ауылға қашан жетер екем деп ойлады ол.
Айгүл Дүкенбекова өзін балықшы болуға үйреткен сонау алмағайып 90-шы жылдардың қытымыр қысын жиі есіне алады. Тассайдан 70 шақырымдай жердегі Ертіске, Қарақасқа барып балық аулап қайтып жүрген боранды, дауылды, жауынды күндердің бәрі де есінде Айгүлдің. 25-ке енді аяқ басқан жас қыз отын-су, азық тауып, үй-ішін асыраудың қамымен қара күздің соңындағы бір күні ерте тұрып, ағасына ілесіп балық аулауға шықты. Содан бері 25 көктем мен жаз, күз бен қыс өтіпті. Айгүл ауылда әлі балықшы болып жүр.

Тассайдағы балықшы келіншек

Қазір балыққа атшанамен, арбамен бармайды, «Уазик» пен «Нивамен» барады, қазір балықты жалғыз ауламайды, бүкіл бригадамен барып, аулайды. Ол кездегі Большевик ауылы қазір Тассай деп аталады. Заман өзгергенмен, Айгүлдің кәсібі өзгерген жоқ. Ол бүкіл ел білетін балықшы келіншек атанды.
Иә, «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп, бес шабағын нан, шайға ауыстырып күн көрген Айгүл бүгінде жеке кәсіпкер болып тіркеліп, ауылдағы 20 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Бригадасында өзінің ағалары мен бауырлары, күйеу балалары да еңбек етіп жатыр. Бәрі де бір үйдің балаларындай. Бір-бірін қолдап, жерлестерінің жағдайларына қарасып, қажет кезінде көмектерін көрсетіп жатады. Балықшыларды құрал-жабдықтармен қамту, ішкі шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру, көлге шабақ жіберіп, балық қорын молайту, басқа да шаруаларды шешу бәрі-бәрі Айгүлдің мойнында. Бұл істің қай-қайсы болмасын оған баяғыдан таныс. Ұжым мүшелері Айгүлге «жолы жіңішке» деп емес, қолынан іс келетін, еңбекқор, қайсар жан, қамқоршы, қолдаушы деп қарайды. Осының бәрін сезінген ол тыныш отыра да алмайды.
Енді міне, тассайлық балықшылар бірігіп, «Аквакультура» кооперативін құрып жатыр. Бұл жағалаудағы жұрттың еңбек етуіне, ауланған балықты уақытында өткізіп, табыс табуына бұрынғыдан қолайлы, тиімді жағдай туады деген сөз.
– Кооперативімізді тәжірибелі кәсіпкер, балықшы Владислав Гриценко басқарады. Ауланған балықты өткізу, оған қоса табиғат байлығын ортайтпай, көбейту, көлге шабақ жіберу, өзге мәселелерді де кооператив арқылы оңды шешеміз деген ойдамыз. Биыл облыс әкімінің қолдауымен аймақта балық шаруашылығын дамытуға көңіл бөлініп, лимит беру мәселесі де оңды шешімін табады дегенді естіп қуанып отырмыз. Жуықта ауданымызда балықшылармен осы мәселе турасында үлкен жиын өтті. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен жағымды жаңалық болып отыр, -дейді Айгүл.
Қалаға баруға қызықпай, ауылда қалған Айгүл туған жерді түлетіп, кәсіпппен айналысып, ауылды көркейтіп, ата-ана, ағайын-туысты, ауылдастарды, елді қадірлеу қажеттігін үнемі ауыл жастарына айтып жүреді. Азаматтардың шаруасымен айналысып, мұз үстінде, су ішінде жүру әйел адам түгілі, ерлердің өзіне ауыр жұмыс. Алайда, біздің кейіпкеріміз балықшы болу менің маңдайыма жазылған, балықшы- менің сүйікті кәсібім дейді. Сондықтан маусымның 12-сі – балықшылар күні Айгүлдің ширек ғасыр атап өтіп келе жатқан төл мерекесі. Бұл күнді олар балығы тулап, құстары шулап жатқан Ертіс жағалауында, туған ауылдарында ұжым болып, отбасы болып, жыл сайын мерекелейді. Аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Әлия Мұқашева Айгүл бастаған тассайлық балықшылар бригадасының еңбектерін ерекше атап айтып, шағын ұжымның жергілікті бюджет қоржынын толтыруға қосып отырған үлесі айтарлықтай екенін жеткізді. Жұмыс жүріп тұрса, табыс та бар.
Тоғыз баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, жеткізген, тәрбиелеген Айгүлдің анасы Бақытбек апа болса бүгінде 90 жасқа келіп отыр. Тылда еңбек етіп, қырманшы да, тракторшы да болған анасы әлі де тың. 8-Наурыз мерекесінің таңында Айгүл алдымен ауылдағы осы аяулы анасын құттықтайды. Жоғары білім алып, Өскеменде жұмыс істеп жатқан Айгүлдің қызы Аяулым да бұл күнгі алғашқы ақ тілегін Айгүлдей анасы мен ардақты әжесіне арнайды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button