ҚоғамТОП

Тасқынмен күрес бір сәтке толастамайды

Республикамыздың бірқатар өңіріндегідей Шығыс Қазақстанда да тасқынмен күрес қызып тұр. Әсіресе, соңғы бір апта бойы құзырлы органдарға дамыл жоқ. Бұған бірінші кезекте күннің күрт жылынуы себеп болуда. Сынап бағанасы көтерілгелі бері, облыстағы құтқарушылар мен өзге мекемелердің жұмысы күшейді.

Мәселен, Төтенше жағдай бойынша облыстық штабтың мониторингтік тобы бір сәт кідірместен жұмыс істеп жатыр. Мамандар өзен-көлдерде мұз кептелісі болмас үшін қауіпті деген аймақтарды әуеден бақылайды. Сондай-ақ тасқынның алдын алуға бағытталған іс-шаралар шеңберінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі.

Дегенмен мұз кептелісі кенет пайда болатын табиғи қауіп саналады. Сол себепті, дер кезінде әрекет етіп, қауіптің алдын алу амалдарын уақтылы жүргізу аса маңызды.

Облыстың 70 пайызына жуық бөлігінде әлі қар жатса да, су қоймаларының мұзы еріп, сең жүре бастады. Әзірге қарғын судан төнер қауіп жоқ, өзен-бұлақтар арнасынан аспай ағып жатыр.

Алайда облыстық жедел штаб арқаны кеңге салмай, аймақтағы ахуалды тәулік бойы жіті бақылауда ұстауда. Өйткені табиғаттың тосын мінезі кез келген уақытта жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұндайда жүйелі түрде жүргізілген профилактикалық іс-шаралар ғана қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Олардың қатарына арық-каналдардың арнасын тазарту және елді мекендер аумағынан қар шығарудан бөлек, жасанды қар көшкіні мен өзендердегі мұз жару жұмыстары да кіреді, дейді мамандар.

 

Жерден де, әуеден де бақылау күшейді

 

Облыс әкімі өңірдегі су тасқыны ахуалы бойынша кеңес өткізіп, жауапты органдарға Алтай, Глубокое, Марқакөл және Катонқарағай аудандарына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері облыста сыртқы ауа температурасы жоғарылай түседі. Осыған орай қардың қарқынды еруі мен таулы аймақтарда ағындардың қалыптасуы жалғасатын болады.

– Қазіргі уақытта өңірде су тасқынынан зардап шеккендер жоқ, жағдай үнемі бақылауда, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев. – Осы орайда, бүгін Глубокое ауданы Белоусовка кентіндегі гидротехникалық құрылыстың жұмысымен таныстым. Нысанда суды ағызу штаттық режимде жүріп жатыр. Өзендердегі 55 су бекеті де ерекше назарда, су мөлшеріне үнемі мониторинг жүргізіліп келеді. Әзірге су деңгейі қалыпты мөлшерде. Аймақтарды әуеден барлау жұмыстары жүріп жатыр. Сәуір айында тасқынның күшейген кезінде ауыр жағдайды болдырмас үшін барлық алдын алу шаралары қабылдануда.

Облыс басшысы өңір тұрғындарын ортақ істен шет қалмай, құтқарушыларға қар шығару, арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстарына көмектесуге шақырды. Тек бірлесе жүргізілген жұмыс ауыр зардаптардың алдын алып, су тасқынынан болуы мүмкін зиянды барынша азайтпақ.

Қауіпті кезең басталғалы бері облыс аумағын әуеден бақылау жұмыстары да күшейді. Күні кеше Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерғали Бахаев пен бірқатар құзырлы орган өкілдері аймақтағы су тасқыны қаупі бар жерлерді әуеден барлап қайтты.

Өскемен – Глубокое – Шемонаиха – Риддер – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай бағыты бойынша ұшқан жұмыс тобының мүшелері әуеден аудан-қалаларда қалыптасқан жағдайды тексерді.

ТЖД баспасөз қызметінен хабарлағандай, өзен-көлдерде мұздың көбесі сөгіле бастаған. Дегенмен өзендердің арнасынан шығуы мен мұз кептелісі сияқты жағдайлар тіркелмеген.

– Жалпы, жоғарыда аталған аудандар бойынша жағдай тұрақты. Көктемгі кезеңдегі ТЖ-дың алдын алуға және жоюға 55 мың дана қап, алты мың тоннадан астам инертті материал, 406 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Техника мен мотопомпалар әзірлікке келтірілді, эвакуациялық пункттер құрылып, адамдарды уақытша қабылдауға барлық жағдай жасалған. Бүгінге дейін 368 мыңнан астам текше метр қар шығарылды, 447 көпірдің асты мұз бен қоқыстан тазартылды, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Су тасқынына қатысты ахуал ушыққан жағдайда облыста 2 270 адам, 732 техника мен 234 мотопомпа, 61 жүзу құралынан құралған күш көмекке келуге сақадай сай дайын тұр. Тұрғын үйлерді су басқан жағдайда халықты уақытша орналастыратын, сиымдылығы 17 600 адамға шақталған 153 эвакуациялық пункт ашылды.

 

Бірнеше жолды су шайған

 

Атқарылып жатқан кешенді іс-шараларға қарамастан, қарғын су бірнеше елді мекеннің іргесіне жетіп үлгерген. Бұл бірінші кезекте, Үлкен Нарын, Күршім мен Самар аудандарына қатысты. Атап айтсақ, Самар ауданындағы Көкжыра ауылының төрт ауласын су басқан. Сол сияқты, қарғын су Үлкен Нарындағы Алтынбел мен Үлкен Нарын ауылдарының 20-дан астам үйіне қауіп төндірген. Оқиға орнына шұғыл жеткен жергілікті атқарушы билік органдарының мамандары мен ТЖД қызметкерлері бірден апаттың салдарын жою жұмыстарын кірісіп кетті. Қазір жағдай толық бақылауда.

Қызыл су елді мекендерді ғана емес, облыстық және республикалық трассаларды да басып, көлік қатынасын айтарлықтай қиындатты. Мәселен, Самар ауданындағы облыстық маңызы бар Көкжота – Қараөткел жолына қарғын су жайылған болатын. Тиісті жұмыс жүргізілгеннен кейін су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді. Қараөткелдіктер болса, шұғыл әрекет еткен құтқарушылар мен еріктілерге алғыс білдірді.

Күннің күрт жылынуынан жылдам еріген қар суы Күршім ауданының Топтерек ауылы маңындағы көпірдің бетон құрылысын да шайып кеткен. Соның салдарынан аталған елді мекенмен қатынас үзілген. Жергілікті атқарушы билік дереу айналма жол салу жұмысын бастап, бүгінде аталмыш елді мекенмен байланыс қайта қалпына келтірілді.

Сонымен қатар еріген қар суы Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын байланыстыратан Қалбатау – Майқапшағай тасжолының 1090-1092 шақырымдарындағы жолды да шайып кеткен. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Сапарғалиевтің хабарлауынша, қазір қызылсудың деңгейі біраз төмендеп, жолды тезірек ашу үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, «Қазавтожол» қызметкерлері Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдары аралығындағы жолда бөгет жасап жатыр. Қос ауданды байланыстыратын тас жолдың бетіне таудан аққан қар суы шығып кетуі мүмкін. Мұны болдырмас үшін арнайы техника жұмылдырылып, инертті материалмен бөгет жасалды.

 

Синоптиктер не дейді?

 

«Қазгидрометтің» өңірдегі филиалының ақпаратына сүйенсек, 3-7 сәуір аралығында аймақтың басым бөлігінде күн жауын-шашынды болады. Оған қоса, ауа температурасы күрт көтеріледі, деп болжайды синоптиктер.

Температуралық фонның өзгеруіне байланысты қар жылдам еріп, су қоймаларында сең қозғала бастайды. Яғни, су деңгейі жоғарылайды.

– Елді мекендерге, шаруашылық құрылыстарына, көлік жолдары мен теміржолға қарғын су жайылуы мүмкін, – деп ескертуде «Қазгидромет» өкілдері.

Осыған байланысты, құтқарушылар тұрғындарға төмендегідей кеңестер беруде:

– арықтар мен жыраларды тазарту – су тасқыны қаупін азайтады;

– үй аумағын қарғын судан қорғау үшін қолда бар материалды пайдаланып, топырақ, құм толтырылған қаптарды дайындау қажет;

– егер үйіңіз су тасқыны қаупі бар жерде орналасқан болса, азық-түлік қорын жертөледе немесе су баспайтын жерде сақтаңыз;

– ауа райы болжамын және гидрологиялық жағдай туралы хабарламаларды қадағалаңыз;

– төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне қоңырау шалу керек.

Осы айдарда

Back to top button