Қоғам

Тасбастау туралы туынды

Өскемен қаласындағы Пушкин атындағы әмбебеп кітапханада екі-үш ай бұрын сіңілім Фариданың «Өмір кітабымның тараулары» атты кітабының тұсауы кесілген болатын. Сол кездегі ұйымдастырушылар мен қатысушыларға деген ырза көңілім мен толғаныс ойымды жинақтап, қолыма қалам алып, сыр шертіп отырғаным.

Ең бірінші, осы ісшараға бір кісідей атсалысып, уақытының тығыздығына қарамай басқа жұмыстарын сәл ысыра тұрып, сіңіліме қошемет көрсеткен кітапхана директоры Бибігүл Шағиеваға, осы іс-шараның басы-қасында жүріп, дұрыс ұйымдастырылуын жіті қадағалап, бағыт-бағдар берген бөлім бастығы Меруерт Кемешеваға, кітапхана саласының үздік қызметкерлері  Гүлбаршын  Абылгазина мен Рақия Нұралықызы өз істерінің шебер маманы екенін біліп, аса  разы болдық. Осы тұсаукесердің өз деңгейінде өткізілгені туралы қалың жұртшылықтың танысуына дәнекер болған облыстық Дидар газеті ұжымына, бас редактордың орынбасары Серік  Әбілханға, сондай-ақ «Фарида ешкімді ұмытқан жоқ» деп сіңілімнің туған жерге деген махаббатын шебер өрнектеп жазған осы сүйікті газетімнің тілшісі Мейрамтай Иманғалиға, фототілшісі Тілеубек Шаяхметке айтар алғысымыз шексіз.

Тұсаукесерге әр қаладан ат терлетіп келген ауылдастарды, бірге оқыған кластас, группаластарды, сыйлас аға, бауырларды қалай айтпасқа?..

Ауыл… Туып-өскен ауыл.  Шығыстың қиырында Қытай мемлекетімен араны тек тау ғана бөліп жатқан, кезінде малды, егінді өлке саналып, кеңестік үкіметтің дамуына өздерінше үлес қосқан Шілікті совхозының аядай бір фермасы саналған Тасбастау ауылы біздің балалық шағымыз өткен киелі ауыл еді. Томаға тұйық, ешкімде жұмысы жоқ, тек тыныштықты, бейбіт өмірді ғана қалайтын тіршілігі қызған, ешкімге алақан жаймаған, барды қанағат тұтқан, ешкіммен бақ таластырмаған, бірлігі жарасқан шағын ауыл адамдарының бірін ұмытпай сіңілім Фарида кітабында жазыпты.

Фарида,  сенің осы кездесуіңе жиналған дос-жарандарың, көзкөргендерің сол үмітті ақтаған, иненің көзіндей жақсылық көрсе қуана алатын жандары таза, пәк жандар екендігін көрсетті.

Сенің кітабың – бұрын-соңды ешкім қалам тербемеген, ешкім елей бермейтін, бірде-бір тұрғыны ұмытылып қалыс қалмаған Тасбастау туралы жоғары деңгейдегі тарихи естелік, тұңғыш туынды, ауылдастарыңа арналған ерекше тарту болды деп есептеймін. Себебі келген ауылдастарыңның барлығы ағынан жарылып шынайы ризашылықтарын білдірді.

– Өткен шақты еске түсіретін біз үшін бұл кітап – баға жетпес құнды шығарма деп есептейміз, – деді олар.

Кітапта ешкімнің ұмыт қалмауына өз көмектерін аямаған Мырзабек, Самалбек, Нұрмағамбет, Жұмабек  кластастарыңа, кітабыңның туған жеріңде таралуына үлес қосып жүрген шәкірттерің Гүлназ, Алмагүл, Айман( Айтеева), Айман Сапанова, Мұратхан Қайрановтың құттықтау тілектері көңілдері таудай, ниеттері түзу жандар екенін көрсетті.

Айналайын Фарида, жақсылықта қолдайтын, бірге қуанып, бірге күлетін, қиындықта демеп, жыласаң бірге жылайтын ауылдас, көзкөргендерің азаймасын. Осы көпшіліктің үмітін ақтап, оқырмандарыңа сыйлайтын рухани туындыларың өмірге келе берсін. Сол үшін Алладан денсаулық, күш-қуат, талмайтын қанат  сұра.

Ойымды қорытындылай келе, негізгі айтқым келгені – сенің өзі кішкентай болса да тарихы  тереңде жатқан Тасбастау туралы кітабың көптеген адамдарға, әсіресе жерлестеріңе ой салды деп білем. Тасбастаудың суын ішкен, мектебінен түлеп ұшқан әрбір азамат-азаматшалар, ұл-қыздар осы киелі мекенімізді көркейтіп, қамқорлықтарына алып, көркейіп өсуіне, дамуына үлесін қосып, ту етіп көтереді деген ойдамын. Өйткені Тасбастау ауылы, өзің жазғандай, болашақ ұрпақ жалғастыратын ата-бабалар тарихы жазылған шежіре көзі, бастауы. Шежіре мәңгі жалғаса беруі керек.

Дәріжан Сарышева

Шілікті ауылы,Зайсан ауданы. 

Осы айдарда

Back to top button