Қоғам

Тарықпас үшін кооператив құр

Тарықпас үшін кооператив құр


Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің бас сарапшысы Самат Қайырбеков, «Молочный экспресс» ЖШС-нің директоры Талғат Мұқанов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы директорының орынбасары Айнаш Сағадиева, «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғылыми қызметкері Ғайнур Тоқтаров Малонарымка және Алтынбел ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Департамент сарапшысы Самат Қайырбеков шаруашылық жүргізуде кооператив құрудың ең басты артықшылықтары жоғары технологиялық өндіріс құру, бірлесіп өндірген өнімді үлкен көлемде өткізу, сол арқылы таза табысты ұлғайту, айналым құралдарын тиімді пайдалану, жанармай, тыңайтқыш, тұқым және тағы басқа қажеттіліктерді жеңілдікті пайдалана отырып, төмен бағамен сатып алуда екендігін атап өтті. Қысқасы, шаруашылықтар тарықпас үшін кооператив құрудың тиімділігі мол.

– Қазіргі таңда облыста және сіздердің аудандарыңызда бірнеше ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, мал бордақылау, егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтерге субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдануға, жеңілдікті несиелер мен ұзақ мерзімді несиелерді пайдалануға, мемлекеттік көмек қаржыларды алуға, шығындарды өтеуге, лизингке техника алуға, мүлікті кепілге салу үдерісін қарапайымдатуға, тағы басқа процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру бойынша жұмысты белсенді жүргізу қажет. Бүгінгі күні сүт пен ет өндірісінің 85 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесінде. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтар үшін, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуде үлкен әлеует болып табылады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын тұрақты табыс көзімен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Осылайша, ұсақ шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттен қолдау алуға зор мүмкіндік беріліп отыр, – деді ол.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиал директорының орынбасары Айнаш Сағадиева 2017 жылдың наурыз айынан бастап «Жұ¬мыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында алты пайыздық өсіммен берілетін 18 млн. теңге көлеміндегі несие жайында, сүт қабылдау пункттерін және тауарлы-сүт фермаларын құру, сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін берілетін несиелер жайында әңгімеледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міңдетін атқарушы Владимир Гайламазян Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйеніп, биыл босатылған қаражат инвестициялық субсидияларға, бизнес қауымдастықтарының ғылыми ұйымдары шығындарын субсидиялауға, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған несиелер (лизинг) бойынша сыйақы мөлшерлемесін өтеу сияқты неғұрлым тиімді субсидия түрлеріне, сондай-ақ, фитосанитариялық және ветеринариялық қызметтерді күшейтуге бағытталатын болады, – деп атап өтті. «Молочный экспресс» ЖШС- нің директоры Талғат Мұқанов облыс аумағында тауарлы-сүт фермаларын және сүт жинау пункттерін құру жоспары бойынша жиналғандарға ақпарат берді.

– Біздің мекеме тарапынан тауарлы-сүт фермаларын және пункттерін құру, оларды құрал-жабдықтармен, сондай –ақ, сүт тасушы автокөлікпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Біз жалпы сыйымдылығы 10 тонналық сүт салқындатқыш танкерлерін Үлкен Нарын, Алтынбел және Малонарымка ауылдарында орнатуға және шаруашылықтарды үш шағын сүт тасушы автокөліктермен қамтамасыз етуге дайынбыз. Сатып алынатын 1 литр сүттің бағасы 60 теңгенің көлемінде болады. Егер ауылдарда сүт тапсырушылар тапсыратын сүт көлемін көбейтсе, сүттің бағасы да жоғарылайды.
Әрбір ауылда тұрғындардың арасынан сүт жинаушы адамды тағайындап, айлық жалақысын төлейміз. Қосымша, әр литр сүтке ынталандыру мақсатында 1 теңге төленеді. Мысалы, бір ауылда бір күнде 2000 литр сүт жиналса, 2000 теңге айлық жалақысына қосылып төленеді. Сондықтан бүгінгі күннің ең басты міңдетті – ауылдарда тауарлы-сүт фермаларын және пункттерін құрып, сүт жинап және тапсыруды ұйымдастыру. Себебі, ол қосымша жұмыс орындарын ашу және күнделікті табыс көзімен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік береді,-дедіТалғат Мұқанов. Осындай кездесулер Үлкен Нарын ауылдық округінің Көкбастау, Көктерек және Балғын ауылдарында да өтті.

Тұрсынқан Базарбаев
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button