Құтқарушылардың құрметіне ескерткіш тақта қойылды
Өткен жыл жанұямыз үшін қазалы жыл болды. Ойламаған жерде ұлымыз Серігімізден айырылып қалдық.
Серік Аухадиев Жезкент кентіндегі әскерилендірілген кен-құтқару бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етті. 27 мамыр күні арнайы тапсырыс алған ол қызметтес жолдасы Асылбеков Талғатпен Жезкент кен-байыту комбинатының шахтасына аттанды. Бұл олардың ақырғы сапары болды. Жігіттер шахтадағы өндіріс апатынан ажал құшты. Серігіміздің артында бес жастағы Дарханы мен үштен асқан Аяулымы қалды.
9 маусым күні облыстық төтенше жағдай департаментінің ұйымдастыруымен Серік пен Талғаттың есімдерін мәңгі есте сақтауға арналған игі шара өтті.
Жезкент әскерилендірілген кен-құтқару бөлімінің әкімшілік-өндірістік ғимаратының қабырғасына бейнелері, есімдері қашалған мәрмәр ескерткіш қойылды. Оған облыстағы тау-кен өндірісі орындарындағы әскерилендірілген кен-құтқару отрядтарының құтқарушылар құрамдары, марқұм құтқарушылардың жанұялары, туған-туыстары, тұрғындар жиналды. Бір минут үнсіздік жарияланып, марқұмдар еске алынды.
Атасы КеңесОдағының Батыры Қойкелді Аухадиев Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен еді. Немересі Серік Аухадиев жүздеген кеншілердің өмірін қауіп-қатерден сақтаймын деп жолдасы Талғатпен мерт болды.
Таңдап едің құтқарушы мамандығын,
Сақтаймын деп адамдардың амандығын.
Өндірісте қаза таптың нақ ерлерше,
Қайталап Қойкелді атаң батырлығын.
Осы өлең шумағы арқылы ұлымыздың ер мінезділігін, қиындыққа төзімділігін, ештеңеден қаймықпайтындығын, тапсырылған немесе қолға алған ісіне жауапкершілікпен қарайтындығын білдірейін деп едім.
Жиналғандар алдында «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» кәсіпорны облыстық филиалының бастығы Ерлан Нұрбатшанов, Серік Аухадиевтің анасы Алтынай Жұмабекова, Жезкент әскерилендірілген кен-құтқару взводының командирі Николай Фуртов, облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Владимир Трофимов шахтадағы жарылыстан қайтыс болған құтқарушылардың өмірі, еңбек жолдары туралы айтып, еске алды. Салтанат соңы волейболдан өткізілген сайысқа ұласты.Марқұмдарды еске алу мақсатында бөлімше командирі Серік Аухадиев жәнеТалғат Асылбеков құрметіне жүлде тағайындалып, осы жарыстар жыл сайын ұйымдастырылатын болды.
Осындай есімізден есеңгіреген шағымызда қол ұшын созар қайырымды адамдар бар екеніне бәйбішем екеуіміздің көзіміз жетті. Қазағымның сондай біртуар ұлы Ерлан Заутқанұлы десем қателеспеймін.Ол жігіт қасірет шеккен сәтімізде қайғымызға ортақ болып, демеу берді. Серігіміздің бала-шағасына мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік шаралардың орындалуын қадағалап отырды. Әулетіміздің атынан ұлымыздай болып кеткен Ерланға алғыс айтамыз.
Тұрлыбек Аухадиев
Семей.