Қоғам

Құтқару техникалары сақадай сай

Құтқару техникалары сақадай сай

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері кез келген уақытта жедел қимылдап, оқыс оқиғаға тап болғандарды құтқаруға әзір. Құтқару жұмыстарын жүргізу үшін техникалары да сақадай сай.
Жуықта облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде құтқаруға арналған техникалардың көрмесі өтті. Департамент ауласында судан, өрттен құтқару техникаларымен қатар қалың қарда жүретін «Нива Марш», «Трэкол» сынды жиырма шақты техникалар қаздай тізілді. Оны қызықтауға келген оқушылар, студенттер, қала тұрғындары мамандарға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды.
Мысалы, жол таңдамайтын «Трэкол» көлігімен боранды күндері бірнеше адамды құтқарып, қауіпсіз жерге алып шыққан. Карагужиха жақта адасып кеткен бір адамды да осы көліктің арқасында тауып алған. «Трэкол» қасат қарды қақ жарып өтіп орта жолда батып жатпайды, керісінше қалың қардың үстімен жүріп өтіп діттеген жерге жеткізеді. Керек десеңіз, су бетімен де жүзіп өте алады.
Су астына түсетін үш болтты шлем елдің назарын ерекше аударды. Мамандардың айтуынша, сүңгуірлердің киімдерінің жалпы салмағы 85-90 келіге жуық. Ал шлемнің өзі – 16 келі. Жүз жылдан бері қолданылып келе жатқан бұл киім суасты жұмыстарын жүргізуге өте тиімді. Ең бастысы, ауаның мөлшері шектеулі емес. Сондай-ақ, шлемнің ішінде телефон сияқты байланыс құралы да орнатылған.
Көрмеге қойылған техникаларға, құтқару құралдарына қарап, құтқарушы мамандардың өз жұмыстарын тыңғылықты атқарады деп сенуге болады. Олар көктемгі су тасқыны кезінде де қауіпсіздіктің алдын алу үшін іс-шаралар өткізеді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Марина Лискованың айтуынша, әр тұрғын көктемгі су басудың алдын алуы керек. Ол үшін өз үйлерінің маңындағы арықтарды қоқыстан тазартып, керек жерді таспен, құммен қоршап қойғандары абзал. Мүмкіндіктерінше ауыл сыртындағы өзен-көлдерді де бақылауда ұстаған артықтық етпейді. Өйткені, күн жылынып, ауыл-қала ішіндегі қар еріп кеткенімен таудағы қардың көбесі сөгіле қойған жоқ.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button