Қоғам

ТАРЛАУЛЫНЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ

Кез келген қазақ ұлан-ғайыр Ұлы даламыздағы жұлдыздай шашыраған көп ауылды біле бермесе де, Аягөз өзенінің бойындағы шағаладай тізілген Таңсық ауылын білсе керек деп ойлаймын. Бұл ауылдың аты со-онау 1500 жылдық тарихы бар рухани ескерткішіміз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан бастап, әртүрлі көне жазбаларда жиі кездеседі.

Осы шежірелі Таңсық тәуелсіздіктен кейін «Тарлаулы» атанды.Түледі, түрленді. Рас, еліміздегі басқа да ауылдар секілді біршама уақыт өтпелі кезеңнің қиыншылықтары мен қызықтарын бастан кешірді. Жарықсыз, сусыз күндерді көрді. Тіршіліктің қамымен біраз жұрты қалаға бет бұрды. Десек те, тағдыры туған елмен сабақтас, кіндігі туған жерге нық байланған азаматтардың арқасында Таңсық еңсесін тіктеді, іргесін бекемдеді. Ауылының ажарын сақтап қалуға, абыройын асқақтатуға еңбек сіңірген айтулы азаматтың бірі – Сәбит Разбеков. Мен онымен кездейсоқ таныстым.

Гүлсім Есенжолова деген нағашы қарындасымның шақыруымен осындағы қайын жұрты ұйымдастырған асқа қатысып, ағайындарға сәлем беріп қайтуға келгенбіз. Сонда үлкен шаңырақтың абызы, жетпісті желкелеген Жұман Жұматаев ақсақалдың қасында орта жастағы, ашық мінезді бір ақсары келіншек шапқылап жүрді. Қарияның ең кіші қарындасы екен. Есімі Рыскүл.

– Аға, біз болдық. Аталған малды тізім бойынша жағдайы төмен 17 отбасына шикідей таратып бердік, – деді ол біткен шаруадан хабардар етіп.

– Бұларың дұрыс болды, қалқам. Көже-қатық  жасап ішсе де, өз бала-шағасымен бірге дәм татады. Ырыстарың еселене берсін! -деп ағасы оң тілегін білдірді.

Ел аяғы басылған сәтте, Рыскүлмен жақын танысудың реті келді. Аягөз ауданына танымал білікті ұстаз, жолдасы белгілі кәсіпкер екен.

– Ауыл тірлігі туралы жазамын десеңіз, біздің шаруашылыққа апарайын, аға. Жолдасым Сәбит жұмысшыларымен сол жақта картоп, қарбыз жинап жатыр. Көкөніс алқабы осыдан жеті шақырымдай жерде. Өзіңіз көзіңізбен көрерсіз, қажет болса тілдесерсіз, – деді Рыскүл.

– Ол да жөн екен.

«Джиптің» рөліне інісін отырғызған ол қатардағы мұғалім ғана емес, шағын бизнестен, арғы-бергі жаңалықтардан хабары мол,  әңгімешіл жан болып шықты. Орысша оқығандікі ме, ойындағысын ірікпей, тік айта салатын мінезі де байқалды. Жолшыбай өзінің иелігіндегі екі мейрамханасы мен азық-түлік дүкенін көрсетіп, еңсесін тіктеген елдің тіршілігінен сөз қозғады.

– Қазір Үкіметтің ауылға көңіл бөле бастағанына ризамыз. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылымызда 27 шақырымдық сумен жабдықтау жүйесі тартылды. Ғұмыр бойы құдықтың кермек суын ішіп келген жерлестерім таза суға қол жеткізіп, үлкен қуанышқа бөленіп отыр. Көріп келесіз, жолымыз да асфальт. Міне, көше бойына түнгі жарық желісі де жүргізіліп жатыр…

Расында да, айтса айтқандай, ажарлы ауылдың келбеті көңіл тоғайтады. Көшелері оқтай түзу.  Тас жолдың екі қапталына, үлкен ғимараттардың алдына алуан түрлі гүлдер егілген. Қаладағыдан бірде кем емес. Тұғыры биік, ауласы кең, шатырлы үйлердің сәнділері де жетерлік. Ары-бері жүйткіген жүк машиналары, тіркемелі тракторлар, шетелдік автокөліктер, 320 орындық қос қабатты мектеп, балабақша, 150 орындық мәдениет үйі, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, кіші футбол алаңы мен жасыл стадион, мешіт, дүкендер, АТС, наубайхана, монша мен шаштараз сияқты әлеуметтік нысандар берекелі тіршіліктің бағасын білдіріп тұрғандай.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың тарихи жәдігері “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” мазарына дейін 13 шақы­рымдық жол, Аягөз өзенінің үстінен 50 метрлік аспалы көпір салыныпты. Оны да барып көргенбіз.

Тарлаулы округіне қарайтын тағы да Ақболат, Қопа, Таңсық, Жүзағаш,  30-разъезд сияқты бірнеше шағын бөлімшесі бар екен. Кезінде тұрмыс тауқыметімен жан-жаққа көшіп кеткендер ауылдарға қайта орала бастапты. Бүгінде барлығы екі мыңға жуық адам тұрады. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ел кейінгі жылдары жеміс-жидек пен көкөніс өсіруді де қолға алыпты.

Кәсіпкер, «Рүстем» шаруа қожалығының басшысы Сәбит Разбековтің өзі де жанымызға келіп қалды. Жас шамасы елуден асқан жігіт ағасының күнқақты өңінде сәл таңданыс бар. Рыскүл мән-жайды түсіндірген соң, кепкісін шешіп, желкесін қасыды.

– Аға, бұл ауылда менен де  мықты кәсіпкерлер бар еді. Ауылымызға мешіт тұрғызып берген көкеміз, меценат Тоқтархан Қожағапанов, орта мектептің үлкен бір кабинетін толықтай жабдықтап, өз қамқорлығына алған жеке қожалық иесі, жылқышы Алтай Орынғожин сияқты замандастарымыз туралы айтсаңыз жарасар еді

– Бұл айтқаның  да орынды, Сәбит. Реті келіп жатса, ол кісілермен де жүздесерміз. Ауыл адамдарының айтуынша, сен де осал кәсіпкер емес сияқтысың. Өзің туралы, қолға алған тірлігің жайында аздап айтып берсең, кейінгі жастарға үлгі ғой.

– Не айтам? Елден асып бара жатқан артық ештеңеміз жоқ. Кәсіпкерлікті 1993 жылы совхоз тараған соң, еріксіз бастағанбыз. Әртүрлі істің басын шалдық, ұсақ сауда да жасадық. Оған дейін осы Таңсықта бас агроном болып істедім. Өзім Алматы ауыл шаруашылығы институтының түлегімін. Негізгі мамандығым –  өсімдіктердің табиғатын ғылыммен ұштастыра зерттейтін агрономмын. Белгілі бір тиянақты жұмыспен айналыспасам болмайтынын сездім де, өз кәсібіме қайтып оралдым. 2003 жылы «Рүстем» шаруа қожалығын құрдым. Несие алып, тәуекелге бел байлап, қараусыз қалған базды сатып алдым. Сөйтіп, осы күнге жеттік қой.

– Негізінен  немен айналысасың? Егіспен бе, малмен бе?

– Екеуімен де. Жүз қаралы сауын сиырымыз бар, одан басқа, біраз бас жылқы, бір отар қой ұстап отырмыз. Тұрақты он бес кісіге, науқан кездерінде отыз-қырық адамға жұмыс тауып береміз. 1,5 мың гектардай жайылым, 75 гектар суармалы жерім бар. Оның 20 гектарына, міне, картоп пен қарбыз егіп отырмын. Қалғанына шемішке сеуіп тастадым. Жалпы, өнім жақсы шығып тұр. Тек, биыл судан таршылық көргеніміз болмаса, жағдайымыз бірқалыпты.

Су демекші, бұл өңірдегі халық ежелден Аягөз өзенінің суын пайдаланып келеді. Тарбағатай жота­сының солтүстік сілемдерінен бастау ала­тын, ұзындығы 450 шақы­рым­ға созылған арналы өзен Шығыс Қазақстан  мен Алматы облысын басып өтеді.  Қысқасы, ен жайлаған қалың елге тіршіліктің нәрін беріп отырған маңызы ерекше өзен. Өкінішке қарай, аты жер жарған «Қазақмыс» компаниясына қарасты Ақтоғай мыс өндіру кеніші ашылғаннан бері, өзеннің суы сарқыла бастады. Тіпті биыл осыдан елу шақырым төмендегі Қопа, Ақтоғай ауылдарының тұсындағы арна мүлде кеуіп қалды. Оның барлығын өз көзімізбен көрдік, қоңыраулата мақала жаздық. Бірақ еліміздің бас газетінде шыққан жанайқайымызды естір құлақ болмай тұр…

Шаруаның адамына алдымен не керек? Малына жемшөп, ішетін су керек. Егіске де. Бір ғана Тарлаулы ауылдық округінде 53 шаруа қожалығы жұмыс атқарады екен. Ертең мына сайын дала қуаңшылыққа ұшырайтын болса, оның зардабын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын!

– Ақыры ауыл шаруашылығы хақында сөз бастаған соң, агроном ретінде, өз тәжірибемнен түйген тағы бір маңызды нәрсені қоса кетейін, – деді Сәбит орайлы сәтті пайдаланып.

– Мына жиналған өнімді көріп тұрсыз. Енді осыны сақтау мен сатуды мемлекеттік деңгейде ұйымдастыруды біраздан бері айтып келеміз. Өйткені ұсақ шаруа қожалықтарының материалдық-техникалық базасы әлсіз. Өнім сақтайтын қоймасы, өткізетін орны жоқ. Олар болмаған соң, жиған-тергеніңді жалаңдап жүрген делдалдарға арзанға беруге тура келеді. Кейде кеткен шығынның өзі ақталмайды. Мәселен, біз көкөністі өз дүкендеріміз арқылы сатамыз. Базардағыдан арзан. Ал өзгелер өйте алмайды. Сондықтан, ең алдымен, өнім қабылдайтын инфрақұрылымдық орталықтанған базалар жасауымыз қажет деп ойлаймын. делдалдарсыз жұмыс істеуге, өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік туады.

Бұдан кейін картоп алқабын аралап шықтық. Жиын-терін өткен жүйектердің бойында топырақ астында қалып жатқан қызыл картоптың масақтарын көзіміз шалды.

– Көрдіңіз бе,  қанша мұқият болайық десек те, картоптың бір бөлігі топырақ астында қалып жатыр. Сондықтан қалдықсыз өнім жинайтын агрегатқа қол жеткізу арман болып тұр, – деп күлді шаруашылық иесі.

– Басыңызды біраз қатырдық білем. Сіз келіп қалған соң, қалам ұстағандар арқылы жоғары жаққа жете берсін деген тілек қой біздікі. Жүріңіз, үй жаққа барып, сөзімізді шай ішіп отырып жалғастырайық, – деді Сәбит.

Қайтар жолда Сәбиттің көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін естіп, білдім. Әкесі Ахмет елге қадірлі, белгілі ұстаз, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», анасы Дәмен кеңшарда есепші болып істеген қатардағы қызметкер, «Күміс алқа» иегері екен.

-Әкей қайтыс болған. Анам қазір қолымда. Әкемізді жоқтатпай, ұл-қыздарының бәріне жоғары білім алуына, ел қатарына қосылуына қатты көңіл бөлді. Анамызға шексіз ризамыз. «Еңбегінің зейнетін көрсе екен» деп, бұл күнде бәріміз сол кісінің тілеуін тілеп отырмыз.

– Өздеріңнің қанша кішкентайларың бар?

– Кішкентай емес аға, алды студент. Үлкеніміз Олжас биыл жиырмаға толды, Алматыда оқиды. Одан кейінгі Мұхтар, Мәриям – олар да қанаттанайын деп отыр.

Осы кезде бағанадан үнсіз отырған Рыскүл сөзге қосылды. Ауылға да жақындап қалыппыз.

– Аға, мен әлгінде сізге мектеп түлектерінің жасаған «Махаббат аллеясын» көрсетуді ұмытыппын. Соны көрсетейік.

Машина шағындау жасыл бақтың жанына келіп тоқтады. Бесіктегі кезден  бастап, Қозы мен Баянның жырын тыңдап өскен тарлаулылық өрендердің туған жеріне деген сағынышының, ізгі сезімінің белгісіндей үкілеп орнатқан аққуы, гүлзар бағы шынында да, әдемі екен.

Ертеректе деймін-ау, 1995 жылдың көктемінде айтулы ақын, осы ауылдың күйеу баласы Ғабиден Құлахметовпен ілесіп бір келгенімде, бұл аллея жоқ еді. Сонда ақын ағамыз«Таңсық» деген өлеңін оқығаны есіме түсті. Қасымдағы серіктеріме сол оқиғаны айтып, өлеңнің бір шумағын оқып бердім:

Көшеңмен көп жүрмедім,

         Ақ қар жауған түніңде аяулы ән сап.

         Хаттарындай Сәуленің мөлдір ме едің,

         Махаббаттар ең алғаш оянған сәт…

– О-о, керемет өлең екен! Ғабиден ағаны жақсы білеміз  ғой. Біздің үйде бірнеше рет болған. Білесіз бе, ол кісінің есімін менің Разыбек атам қойған, – деді Сәбит шын қуанып.

– Солай ма? Ақын ағаң осыдан жүз шақырым жердегі Шолпан ауылында туып, өскен ғой. Сенің атаң ол жаққа қалай тап болып жүр?

– 1955 жылы біздің атамыз Шолпан кеңшарына жолдамамен барып, Ойтас деген фермасында қызмет істеген екен. Ғабиденнің әкесі Садық мұғаліммен бұрыннан таныс, әрі жерлес, әрі құрдас болған. Соны ескерген болар, осы перзенті туғанда Сәкең марқұм құрметтеп шақырып, балаға ат қою рәсімін Разыбек замандасына ұсыныпты. «Сәбидің есімін Зейнел-Ғабиден қойдым» деп, отырушы еді жарықтық.

Иә, ып-ырас. «Жүзағаш» орта мектебінде менен екі класс жоғары оқыған, бүгінде алты алашқа танымал Ғабаңның шын есімі Зейнел-Ғабиден болатын.

Екі әженің, екі ананың таласы ем,

         Кешіре гөр, шынымды айтсам, аға сен.

         Он ұлы бар Жошы емес, Садықтың

Қырыққа кеп, жылап көрген баласы ем, – дейтін өлеңі де бар болатын. Ес біліп, етек жапқанға дейін әкесінің ағасы Жошының қолында тәрбиеленгенін, бірақ шындықтан аса алмайтынын меңзеп отыр ғой…

Кездейсоқтық десек те, жаны жайсаң бір азаматпен таныстырған бұл жүздесу осылайша, өткен бір қызық жағдаяттың еске түсуіне дәнекер болды. Бұл әңгімеден кейін кәсіпкер Сәбит менің көз алдымда шежіреші Сәбитке айналып, мерейі өсіп шыға келгендей көрінді. Екеуара ортақ тіл табысып, алдымызға ас келгенше ауылдың ақын-жырауларынан тартып, «Қозы-Баян» жырының таусылмас хикаясына дейін барыстық.

Әр айтқан сөзінде туған елі мен жеріне деген шынайы құрметі сезіліп тұратын қарапайым ауыл перзентінің кәсіпкерліктен басқа ұсталық, бағбандық, шабандоздық, саятшылдық, аңшылық сияқты қырларын танығаннан кейін, оның неге «Тарлаулының тарланбозы» атанғанын түсінгендей болдым.

Қайым-Мұнар Табеев,

журналист-жазушы

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button