Қоғам

Тарихи алтын

Қара қыз үмітті ақтады. Газетіміздің өткен санында АҚШ-та өтіп жатқан Әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған спортшылар арасынан алтын алса осы Нора Джеруто алар деп жазған едік. Мамандар да солай болжаған. Қателеспеппіз.

Шыққан тегі кениялық 26 жастағы желаяқ қыз Нора Джеруто 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында топ жарып, алаш еліне алтын медаль сыйлады. Ол бұл қашықтықты 8 минут 53,2 секунд жылдамдықта жүгіріп өтіп, мәреге өзгелерден оқ бойы озып келді, деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы.

Осы бәсекеде екінші және үшінші орындарды Эфиопия елінің өкілдері Веркуха Гетачью (8:54,61) мен Мекидес Абебе (8:56,08) иеленді.

«Жарыс жолына шыққалы тұрғанда эфиопиялық әріптестерімнен қорыққан едім. Олардың әлеуетін білемін, олар да мен сияқты чемпиондар. Сондықтан олардан қорықтым. Жеңіске жету үшін барымды салдым. Бұл оңай болған жоқ.

Алда жүгіріп отыруды ұйғардым, жағдайды қашықтан бақылауды ұнатамын. Өйткені медаль үшін күресе алатыныма сенімді болғым келді.

Мен әкем мен анама, бапкеріме және бәсекелестеріме, сонымен қатар менеджерім мен әпкем Дэйзиге алғыс айтамын. Ол бұл қашықтықта финалға өте алмады, бірақ мен оған келесі чемпион сол болатынын айтқым келеді», – деп келтіреді Нора Джерутоның сөзін Worldathletics.

Естеріңізде болса, Кения елінде туған жеңілатлет Нора Джеруто Қазақстан азаматтығын 2018 жылы алған. Содан бері ол байрақты бәсекелерде біздің елдің атынан өнер көрсетіп, талай додада топ жарып жүр. 2022 жылы ол Әлем чемпионатында Қазақстан атынан шығуға ресми рұқсат алған.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button