Руханият

Тарихын туризмге айналдырған Татарстан

   Қазақстан мен Татарстан ежелден діні мен ділі бір, тілі ұқсас, тарихы ортақ бауырлас мемлекеттер ғой. Оны дәлелдеп жатудың қажеті артық. Сол Татарстан бүгінде тотыдай түрленіп, тасқа түскен  тарихын туризмнің қайнар көзіне айналдырып, рухани тұрғыдан жаңғырып жатқан жайы бар. Ал орталығы Қазан шаһары бүгінде жаңа ғасырдың сын тезіне толық жауап бере алатын, көркі алыстан көз арбайтын көрікті де алып мегаполиске айналған.

Бұған өткен аптада сол жақтағы бауырлас ағайынның арнайы шақыруымен Татарстанға жасаған сапарымыздың барысында көз жеткіздік. Дәлірек айтсақ,  «Шығыс-ақпарат» медиа-холдингіне қарасты облыстық «Дидар», «Рудный Алтай», «SMM-орталық» және облыстық «Altai» телеарнасының тілшілері Татарстанда болып, туристер көп тоқтайтын көрікті де тарихи орындарын тамашалап қайттық. Сондай-ақ Қазан қаласында 24-25 қазан күндері өткен «Болашақтың бағдары» атты халықаралық туристік форумына қатыстық. Аптаға созылған сапар Шығыс Қазақстан облысы мен Татарстан Республикасының арасындағы өзара ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.

Ал көршілес мемлекеттердің шекаралық аймақтарының арасындағы әріптестіктің іргетасы  ертеректе қаланып қойған. Естеріңізде болса, былтыр дәл осы уақытта аймақ басшысы Даниал Ахметов бастаған облыс делегациясы Татарстанға барып, республика президенті Рустам Миннихановпен арнайы кездесіп, екі аймақ арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылап қайтқан еді. Сол сапар барысында Шығыстан Татарстанға тарту етілген алып тайқазан бүгінде Қазан қаласының бас көшесінің бірінен орын теуіп, қос елдің достығын паш етіп тұрған жайы бар. Енді осы сапар барысында көріп, көкейге түйгенімізді, алған әсерлерімізді бөлісейік.

Халқының сексен пайызға жуығы қалалықтар

 Қазіргі таңда Өскеменнен Қазанға тікелей ұшатын әуе рейсі жоқ. Сондықтан алдымен көрші елдің Новосібір қаласына дейін жетіп алып, ары қарай Қазанға бағыт алатын ұшаққа мінуге тура келеді. Қайтар жолда Қазаннан Мәскеуге дейін ұшып келіп, одан соң Өскеменге тура ұшатын әуе кемесіне мінуге болады. Біз Қазан қаласына 23 қазанда сол жақтың уақытымен алғанда кешкі сағат сегізде қондық. Уақыт айырмашылығы бақандай үш сағат, біздіңше – он бір.  Күн жылы, кешкі уақыт болса да әуежайда 11 градус жылылықты көрсетіп тұрды. Бізге бекітілген адамдар арнайы көліктерімен тосып тұрып, ежелгі таныстарын көргендей, жылы қабақпен қарсы алды. Бауырлас ағайынның бұл қонақжайлылығын жақсылыққа баладық. Әдеттегідей, әуежай қала сыртында орналасқан, Қазан қаласынан он бес шақырым. Алайда тақтайдай тегіс олмен жүйткіген көлік он бес минутта Қазанға жеткізді. Байқағанымыздай, қаланың сыртқы да ішкі де жолдары құдды бір жаңадан төсегендей теп-тегіс, тым болмаса бір шұқанақ та көзге ілінбейді. Қазан 2013 жылы бүкіләлемдік Универсиаданы өткізген. Шамасы сол кезде жаңартқан болар деп топшыладық. Бұл күн Қазанға жетумен аяқталып, кешкі қонақасыдан соң демалуға жайғастық. Қала ортасындағы 25 қабаттық «Корстон» қонақүй кешенінің төбесінен Кама өзенінің жағасындағы түнгі Қазан ерекше көркімен ерекше сұлу көрінеді екен.

Ертеңінде ертемен тұрып, сағат сегіз жарымда Инвестициялық даму агенттігінде ұйымдастырылған, Татарстан Республикасының экономикалық-әлеуметтік дамуын, тарихы мен мәдениетін, ішкі, сыртқы байланысын, барлық туристік әлеуетін паш еткен арнайы тұсаукесер-таныстырылымға қатыстық. Онымен бізді осы агенттіктің басшысы, жас та болса елдегі іскер басшының бірі Талия Минуллина жан-жақты таныстырды.

Талияның айтуынша, бүгынде республикадағы адам саны 3,9 млн. болса,

оның 2,2 миллионы еңбекке қабілетті жандар. Ал бүкіл тұрғындар санының 77 пайызы қалалы жерде тұрады екен. Орташа жалақы – 35 мың рубль. Біздікіне шаққанда шамамен 210 мың теңгедей болады. Татарстан да негізгі халқының санын татарлар мен орыстар құрағанымен, көпұлтты республика саналады. Ресми ақпар бойынша, мұнда 173 ұлттың өкілі бар. Орыс және татар тілдері теңқұқылы мемлекеттік тілдер болып бекітілген. Көп ретте республикаішілік жиналыстар татар тілінде жүргізіледі. Негізгі діндері де ислам және православтық христиан діндері. Ал өмір сүру деңгейі бойынша Ресейдегі аймақтар арасында үздік бестікке кіреді.

 Сүт өндіруден Ресейде бірінші орында

 Татарстан Республикасы макроэкономикалық көрсеткіштері жағынан дәстүрлі түрде Ресей Федерациясының көш бастаушы аймақтарының қатарына кіреді. Мұнда атағы алысқа жайылған «КамАЗ» көлігін, шағын тікұшақтар және кеме шығаратын зауыттар орналасқан. Сонымен қатар Татарстан IT парк құрудан, электронды қызмет көрсетуден де федерацияда көш басында. Мәселен, былтыр 211,2 млн. электронды қызмет көрсетіліп, 2,3 млн. адам жеке кабинетін пайдаланған. Бұған биыл осы Қазан қаласында өткізілген World skills KAZAN 2019 байқауы нақты дәлел. Оған 60 елден 56 құзіреттілік бойынша 1600 адам қатысқан. Бұл байқауда Қазақстан командасы 14 орыннан көрінген болатын. Аталмыш жоба республикада 2014 жылдан бері қолға алынған.

Татарстан Республикасы ауыл шаруашылығына да мықтап ден қойған. Федерациядағы барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 4,6 пайызы осы татарларға тиесілі. Айталық, республика тауарлы-сүт өндіруден бірінші орында болса, картоптан екінші орында. Сондай-ақ астық, қант қызылшасын, мал және құс етін өндіруден үздік ондыққа кіріп отыр.

Жалпы алғанда, Татарстан Ресейдегі инвестициялық аса қолайлы аймақтардың бірі саналады. Мұнда мол қаржы құйып, туристік жобаларын жүзеге асырып жатқан шетелдіктер жетіп артылады. Солардың ішінде көш бастап тұрғаны түрік ағайындар. Талия Минуллинаның түсіндіруінше, татарлар мен түріктер діні бір бауырлас, еңбекқор халықтар болғандықтан, тіл табысу аса қиынға соқпайтын көрінеді. Өкінішке қарай, Қазақстан жағынан бұл жақта инвесторлар жоқтың қасы деуге болады. Тек Батыс Қазақстан облысынан ғана аздаған бірлескен жобалар бар. Мұны біз форум барысында да анық аңғардық. Бұған бірінші кезекте екі өңірдің бір-бірінен шалғай жатқандығы басты қолбайлау болуда. Бұл мәселеге алда жеке тоқталатын боламыз.

 Өздері шығарған көлікті өздері теппейді екен

 Бізді іссапар кезінде таңғалдырғаны, екі өңірдің де өмір ағысының өте ұқсастығы болды. Тілі де,  діні де,  салты мен мәдениеті де ұқсас. Қайда барсаң алдыңнан зәулім мешіттер мен татардың ұлттық тағамдары, ортақ мәдениет шығады. Бөтен елге келсек те, бейімделу дегенді білмедік, бірден етене араласып кеттік. Бейне бір Қазақстанның бір қаласынан екінші қаласына қонаққа келгендей емін-еркін жүрдік. Қазанның қақ ортасындағы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген үлкен көшемен жүріп өту де кеудемізді мақтаныш сезімге бөледі.

Тағы бір ойға түйгеніміз, Қазан қаласынан Ресейде шығарылатын «ВАЗ» маркалы көліктерді мүлде көрмегеніміз болды. Анда-санда ғана Besta маркалы 2018-2019 жылы шығарылған жаңа көліктері көзге шалынады. Мұндағылардың бәрі судай жаңа шетелдің көліктерін шетінен шертіп мінеді екен. Біздің жақтағы 3-5 млн. теңге аралығындағы «Киа», «Хюндай», «Фольксваген» маркалы жеңіл көліктер зыр жүгіріп, таксидің ғана қызметін атқарып жүр. Бұл туралы арғы жылы Ресейдің Челябі қаласына іссапармен барған әріптесім Ержан Әбіш те айтып келген болатын. Татар ағайындардың бақуаттылығына қарап отырып, «сонда Ресейдің жылына мың-мыңдап өздері шығарып жатқан «ВАЗ» көліктері өздері теппесе, қай нарыққа, қандай бағамен кетіп жатыр екен?» деген ой еріксіз келді.    

 Үш нысанын да ЮНЕСКО қорғайды

 Сапар барысында  көріп білгеніміз, Татарстан өзінің бірегей тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін әлдеқашан зерттеп, зерделеп, әлемдік деңгейде қорғауға алып, рухани түрде әлдеқашан жаңғырып, келешек ұрпақтың қолына тас-түйін етіп табыстап қойған. Бұған заманауи жаңғырған, елдегі толып жатқан мұражайлар мен тарихи орындар, ежелгі мешіттер мен храмдар, байырғы қоныстар нақты куә. Біздің де олардан үлгі алатын бір тұсымыз осы. Мысалы, Татарстан аумағында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларының тізіміне енген үш бірдей тарихи-мәдени нысаны орналасқан. Олар: Қазан Кремлі, Свияжск арал-қаласы және ежелгі Ұлы Бұлғар қаласы. Сапар барысында осылардың үшеуіне де баруға мүмкіндік туғызды татар ағайындар. Олардан алған әсеріміз ерекше. Бұл жөнінде алда жеке-жеке жазатын боламыз.

Ал мың жылдық тарихы бар Қазан қаласы бүгінде Ресейдің үшінші астанасы титулын үлкен мақтанышпен көтеріп тұр. Тарихи, табиғаты келіскен, сонымен қатар заманауи, сәнді, инновациялық мегаполисте ауқымды музыкалық байқаулар, ірі халықаралық спорттық жарыстар жыл сайын өтіп жатады. Ал бүкіл Татарстанды аралай ағатын ежелгі Еділ өзенінің тарихи таңғажайыптарына жеке тақырып арнаймыз. Осының бәрі Татарстанның туристік әлеуетін арттырып, отандық және шетелдік туристерді өзіне шақырып, қызықтырып тұрған жайы бар. Сонымен бірге тамаша табыс та тауып отыр.

Әрине, бір апталық сапарды бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, Татарстан сапарының жалғасын «Дидардың» алдағы сандарынан оқисыздар.      

 Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button