ҚоғамТОП

Тарихы терең, тағылымы мол мереке

Егемен елімізде тұрақты тойланатын мерекелі күндердің қатары көп. Солардың бірі – Алғыс айту күні. Бұл күннің өзіндік тарихы да, өзгеге ой салар тағылымы да бар. Елімізде 2016 жылдан бері тойланып келеді.

Бұл – ұлттар достығының дәнекері іспетті мерекелі күн. Елімізде 2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурыз Алғыс айту күні деп жарияланды. Оның да өзіндік мәні мен маңызы бар. Өйткені 1 наурыз күні елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Осылай еліміз қос мерекелі сәтті бір күнге ұштастырған еді.

Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Қазақтың кең құшағы мен дархан көңіліне алғыс айтылар күн. Өйткені қазақ даласы босқан ел мен көшкен елге пана болып, жер аударылған жұртты құшағына алған ел. Сондықтан да бұл мерекелі күннің астарында терең тарих пен үлкен тағылым жатыр.

Өткен ғасыр көптеген ұлттың басына нәубет болып келді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес режимі батыс шекарадағы халықтарды «сатқындық жасауы мүмкін» деген жаламен күштеп көшіре бастады. Бұдан бөлек Қиыр Шығыстағы корей диаспорасын да айдауға салды. Қыспаққа түскен ұлттардың өкілдерін қазақ даласына қоныстандыруды мақсат етті. Бұл мақсаты орындалды да. Айтар болсақ, 1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған деп көрсетіледі. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына жер аударылғандары 1 миллион 200 мың адам екен. Бұл да нақты дерек деп айта алмаймыз. Өйткені бұл тақырыпты зерттеушілер түрлі себептерге байланысты нақты санын белгілей алмаған. Жер аударылғандарды тіркеу, қайта көшіру, туыстарынан бөліп жіберу, оларды қайта қосу сияқты қитұрқы әрекеттер көп жүргізілген.  Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілі, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы елімізге жер аударылып келген деген дерек бар.

Бұл мерекелі күн үшін келгендердің саны емес, қазақ халқы қалай қарсы алғаны маңызды еді. Бір белгілісі жер аударылып келгендер қазақтан еш зиян көрмеген. Қазақ халқы мейірімділік танытып қолындағысын бөліп беріп, әрбіреуіне қамқорлық көрсетті. Ал жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығын, өнеркәсіп саласын дамытуға атсалысқан. Осылай жер аударылған ұлт өкілдерімен біздің халық өз мүддесін бір арнада тоғыстыра білген.

Сондай-ақ бұл мерекелі күн бізден бөлек, АҚШ, Канада, Германия, Израйль қатарлы мемлекеттерде де тойланады.

Бүгінгі таңда көптеген ұлт өкілдері егемен елімізбен бірге жасасып келеді. Жыл сайын 1 наурызда қазақ халқына алғыстарын айтып, ризашылық танытады. Иә, біздің дархан даламыз бен кең пейіл халқымыздың осылай алғыс арқалауы заңдылық. Сондықтан да бұл біздің болмысымызбен біте қайнасқан мейірімді һәм қайырымды мінезіміздің өтеуіндей болған күн.

 

Осы айдарда

Back to top button