Қоғам

Тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етті

Тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етті

Өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы нәубет жылдардың зобалаңынан сыр шертетін «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» арналған іс-шаралар легі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» деген атпен халықаралық форум аясында 29-31 мамыр аралығында Семей қаласында болып өтті.
Форумның жұмысы Семей қалалық мәдениет үйінде өткен ғасырдың 30-шы жылдарының соңында жазықсыз оққа байланған Алаш зиялыларының тағдырына арналған режиссерлер Д.Виолина мен С.Павловскийдің «Дольше жизни» атты деректі фильмнің тұсаукесерінен бастау алды. Артынан «Дала сарыны» тақырыбындағы халықтық әндер мен музыка өнерінің фестиваліне ұласты. Мәдениет үйіндегі бұл шараларды тамашалауға негізінен қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары, олар ақталып шыққанға дейін «халық жауы» атанып келген ұрпақтары жиналды. Олардың құрметіне арналған, зұлмат заманда қазақ жерінен баспана тапқан әр халықтың сазгерлері жазған музыкалық туындыларын қалалық мәдениет үйінің және Әміре Қашаубаев атындағы қалалық филармонияның, сонымен қатар, Достық үйінің халықтық хор ұжымдары әуелетті. Көне музыка аспаптарының көрмесі ұйымдастырылды.
– Менің анамды 1941 жылы эшелонмен Сталинград облысында тұрып жатқан басқа неміс отбасыларымен бірге Қазақстанға әкелді. Соғыс жылдары үш баласынан айырылды. Әкемізге де үнемі билік өкілдерінен жасырынып жүруге тура келді. Алайда, ол кек сақтамаған еді. Талай мәрте Ресейге, Германияға көшіп кету мүмкіндігі бола тұра, Қазақстаннан кеткісі келмеді. Әкем осы жерден өзінің екінші Отанын тапты. Біз жергілікті қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз, – дейді сол кездегі өз отбасының тағдыры жөнінде сөз қозғаған Семейдегі «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лилия Гончарук.
Ал мамырдың 30 күні облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде аталмыш тақырыпты кең қаузаған арнайы тарих және сынып сағаттары өткізіліп, студент-жастар саяси репрессия құрбандарының тағдырлары жөнінде құнды деректермен қанықты. Сондай-ақ, жазықсыз қуғынға, ашаршылық тауқыметіне ұшырап құрбан болған жандарға арналып қаладағы үлкен мейрамханалардың бірінде ас берілді.
Осы шаралардың бастысы әрі маңыздысы Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен «Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» атты халық¬аралық форум болғаны анық. Форумға Президент Әкімшілігі бас¬шысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және Парламент Мәжілісінің депутаттары мен еліміздің әр аймағынан арнайы келген елуден астам делегаттар қатысты. Олардың арасында этномәдени бірлестіктер өкілдері, ғалымдар мен зерттеушілер, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар мен күштеп жер аударылғандардың ұрпақтары болды.
Мәртебелі меймандар назарына алдымен оқу орнының фойесінде ұйымдастырылған репрессия құрбандарына арналған көрме таныстырылды. Онда «Алаш» қозғалысы көсемдері мен зиялыларының ұлт мақсаты жолындағы қызметі мен жеке өмірлерін паш ететін түпнұсқа жеке құжаттар мен материалдар, суреттер, 20-шы жылдардағы ұжымдастыру науқанын, 1932-33 жылдардағы аштықты, күштеп жер аударылған халықтардың тарихын әйгілейтін сирек те құнды құжаттар топтастырылған.
– Репрессия мен аштық тақырыбы – Қазақстан тарихының ең бір қасіретті беттерінің бірінен саналады. Сондықтан жұртшылықтың назарына сол уақыттан шынайы ақпар беретін, тақырыптың мазмұнын аша түсетін құжаттарды арнайы ұсынып отырмыз, – дейді Семейдегі Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығының директоры Гүлнұр Қасымова.

Тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етті

– Сол бір зобалаңды репрессия жылдары туралы көбірек айта түсу бұрыңғы Кеңес одағы мемлекеттерінің тұрғындары болған біздер үшін, кейінгі жастар үшін аса маңызды. Себебі, Алтай өлкесіндегі репрессия жылдарындағы көптеген оқиғалар Қазақстандағы жағдайлармен өте ұқсас болып келеді, – дейді Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясы жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Владимир Бойко.
Мемлекет басшысы Нұр¬сұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ форумға қатысушыларға жолдаған үндеухатын Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Б.Майлыбаев оқып берді.
«Қазақстанда 31 мамырда менің 1997 жылғы Жарлығыммен бекітілген Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып келе жатқанына 17 жыл болды.
Біздің барша халқымыз үшін бұл күн ерекше тарихи мәнге ие. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді.
Қазақ халқының көрнекті перзенттері – Шәкерім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды.
Қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек және басқа да халықтар өкілдері көтерді. Зұлмат заманға қарамастан, барынан айырылған жандар біздің жерімізден жаңа баспана тауып, жан жылуына, түсіністік пен қамқорлыққа ие болды.
Бүгінгі іс-шаралардың қоғамдық келісімнің айрықша институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында өтіп жатуының терең мәні бар.
Татулық, бірлік және тұрақтылық – бұл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуының маңызды принциптері және «2050» Стратегиясының биік мақсаттарына қол жеткізудің басты шарты.
Бұл мәңгілік құндылықтар еліміздің өркендеуінің сенімді негізі болып табылады.
Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау – біздің қасиетті борышымыз»,-делінген Елбасы үндеуінде.
Сонымен бірге, ол негізгі мақсаты бейбітшілік, бірлік пен келісім болып табылатын Елбасы саясатын жүзеге асыру аясында көптеген қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің жемісті жұмыс істеп жатқандығына, олардың еңбегі құрметтеуге лайықты екендігіне тоқталды.
– Мәселен, төзімділік мектебін ашқан Ольга Бобрышеваны, аз қамтылған балалар үш тілде тегін білім алатын мектеп ашқан Никифор Канды және басқа да азаматтарды атауға болады, – деді Бағлан Майлыбаев.
Өзінің құттықтау сөзінде аталмыш шараның маңыздылығын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да атап өтті.
– Біз қашанда өткенге салауат айтқан, тарихтан тағылым алған халықпыз. Елбасының тарихтың осынау кезеңіне арнаған шешімі – бұл мемлекетіміз үшін саяси, тарихи маңызы зор шешім. Еліміз үшін мұндай айтулы шараны өткізуге Семей қаласын таңдап алғандарыңыз үшін облыс басшылығының атынан Президент Әкімшілігіне, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Бұл бекерден-бекер емес. Дәл осы қалада, қасиетті топырақта Алашорда үкіметінің қызметі бастау алған болатын. Дәл осы жерде бүгін де саяси-қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары тұрып жатыр. Қуғын сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Форумның осы бағытта берері мол болады деп ойлаймын,-деді Жақсылық Омар.
Мұнан соң жиында сөз алған Ералы Тоғжанов зобалаңға толы жылдарда қазақ жеріне 60-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері депортацияланғанын, тар кезеңде табысып, кең жерде келісіп өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың ауызбірлігі еліміз үшін өте маңызды екенін жеткізді. Ол өз сөзінде Шығыс өңірінде орналасқан Абай мұражайы мен мемориалдық кешенінің, Шәкерім орталығының және облыстық кітапханалардың заманауи техникалық мүмкіндіктер арқылы Алаш тарихынан ақпарат таратушы орталыққа айналғанын атап өтті.

Тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етті

– Қазақстан сияқты көп этносты мемлекетте тарихи ақиқатты жолға қою – жалпыұлттық келісімге қол жеткізуге және азаматтық топтасуға берік негіз болып отыр. Тарихтың ыстығы мен суығынан бірге өткен халықтың жаны да бір, ділі де бір. Бұл ретте осынау ізгілікті шараға белсенді қолдау білдіріп отырған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА ризашылығымды айтқым келеді. Тарихи оқиғаны терең біліп қана қоймай, оның маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, ақтаңдақ жылдардың орнын толтыра түсу аса пайдалырақ болмақ, – деді сөзінде Е.Тоғжанов.
Мысалы, егемендік алған соң, 1993 жылы 340 мың адам ақталып, олардың есімдері жазылған 14 кітап жарық көрген. Бүгінге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған ғылы¬ми-сарапшылық кеңес мүшелері тарих¬шы¬лардың І халықаралық конгресінен бастап, АЛЖИР, Қарлаг тарихына қатысты монографиялар, ғылыми жинақтар, оқулықтар мен кітаптар, деректі фильмдер шығарып, тұңғыш Президент мұрағатымен бірлесе отырып, 10 томдық құжаттар жинағын дайын¬дауда.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ахмед Мұрадов өткен ғасырдың қырқыншы жыл¬дарында қазақ жеріне күштеп жер ауда¬рылған Кавказ халықтары арасында шешен-ингуш өкілдері де көп болғанын, тарихи кезеңнің шындығын өскелең ұрпаққа жеткізудің тағылымы зор екенін айтты.
– Біздің Моңғолиядағы қазақтарға келетін болсақ, осы репрессияға 1500-дей адам тартылған екен. Моңғолия ақтау комиссиясы тарапынан зерттеп, олардың 912-сін ақтап, олардың тарихына қайта жақсы көзқараспен қарай бастады, – дейді Моңғолия ғылым академиясының Баян-Өлгей аймағындағы әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының меңгерушісі Өмірбек Биқұмарұлы.
Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ш.Әмірбековтің айтуынша, кешегі қиын кезеңде қазақ халқының қолдауын көрген өзге ұлт өкілдерінің пікірі қоғамдық келісім институтын нығайта түсуге қызмет етеді.
Мұнан соң халықаралық форумның шеңберінде «Алаш феноменіне бүгінгі көзқарас: тарих сабақтары мен біріктіруші тұжырымдар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда шетелден, республикадан жиналған ғалымдар тақырыпты кеңінен қаузады.
Мұнда саяси репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары баяндама жасады. Мәселен, олардың ішінде 1951 жылы қуғынға ұшыраған, Қазақ КСР әнұранының авторы, Мұхтар Әуезовтің тәлімгер-серіктесі болған профессор Қайым Мұхамедхановтың ұлы – Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Дегдар Мұхамедханов, неміс халқының тағдырына қатысты тартымды баяндама жасаған осы университеттің тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің басшысы, әкесі Шығысқа жер аударылған Лиза Готман болды.
Конференция жұмысы: «Абай және алашордашылар: толеранттылық, бірлік және азаматшылдық ойлары», «Саяси қуғын-сүргін және депортациялар құрбандары ұмытылмайды», «Аштық көші: қатал тағдырлар» атты үш тақырыпта өрбіді. Сан ұлттың өкілінің басын қосқан халықаралық форумның жұмысы қиын-қыстау заманда Қазақстан аумағында бір отбасы іспеттес тірлік кешкен тағдырлас халықтардың алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімде, бірлік пен ынтымақта көпұлтты Қазақстан үшін тізе қоса қызмет етуге ниет білдірумен қорытындыланды. Форумға қатысушылар жиын соңында Мемлекет басшысына арнайы үндеу жолдады.
Бұдан бөлек семейліктер мен мәртебелі меймандардың қатысуымен Қайым Мұхамедханов ескерткіші алдында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өткізіліп, «Абай – Шәкерім» мұражай-кешеніне саяхат ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бұл күні Семей қалалық жастар сарайында «Есте сақтау үшін…» акциясы өтті.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button