Тарихи жәдігерлер – Астана төрінде

Астанадағы Ұлттық музейде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Ғылыми-сарапшылық кеңестің отырысына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары мен ЖОО кафедраларының меңгерушілері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Іс-шара басталмай тұрып, Гүлшара Әбдіқалықоваға Шығыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерлер көрмесі таныстырылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтың айтуынша, көрмеге биыл табылған төртінші Алтын адамның мұралары әкелінген. Тарбағатай ауданының Елеке сазынан табылған 17-18 жастағы Сақ көсемінің алтын бұйымдары біздің заманымызға дейінгі VI-VII ғасырға тиесілі екен. Қола айналар, бекзадалық мәртебесін паш еткен моншақ, садағы мен оғы, киіміне тағылатын әшекейлер Сібір сақтарының стилінде жасалған. Көрмеге сондай-ақ Шіліктіде табылған Алтын адамның макеті қойылған.

«Кейінгі үш жылда Шығыс Қазақстанда облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен археологиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарламаның үш жылдық қорытындысын биыл жасап отырмыз. Бір жақсысы, археологиялық қазба жұмыстарын ары қарай жүргізу үшін облыс басшылығы бюджеттен қаржы бөліп, жұмыс жалғасуда. Негізінен қазба жұмыстары Берел ескерткішінде және Елеке сазында жүргізіліп жатыр. Елеке сазындағы ескерткіштер көбінесе ерте сақ дәуіріне жатады. Ондағы мұраларды ақпараттық әлеуеті жағынан аса ірі, қомақты ескерткіштердің бірі екеніне көз жеткіздік», – дейді профессор.
Зейнолла Самашевтің айтуынша, соның айғағы ретінде шағын ғана қорғанның ішінен тоналмаған Сақ көсемінің мүрдесі табылған.
«Мәселе алтынның саны мен сапасында емес, бастысы – ескерткіштің мәртебесінде. Сақ дәуірінде алтынды, металды өндіру технологиясына, қоғамның ерекше жоғары сатыда болғанына әбден көз жеткіздік. Табылып жатқан жәдігерлер ата-бабаларымыздың қоғамынан, әлеуметі мен ортасынан, жүйесінен, технологиялық деңгейінен көп хабар береді», – дейді Зейнолла Самашев. «Қазба жұмыстарын кез келген жерде жүргізу мақсат емес» дейді З.Самашев. Профессордың айтуына қарағанда, қазба жұмыстарының санын азайтып, сапасын көтеру керек.
Кеңеске бес міндет жүктелді
ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз алған Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Мемлекет басшысы өз Жолдауында біршама әлеуметтік бастамаларды көтергенін атап көрсетті.
«Ел табысының өсімін қамтамасыз ету, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүрудегі жайлы ортаны қалыптастыру секілді біршама маңызды міндеттер нақты ғылыми-сарапшылық тұрғыда үн қосуды талап етеді. Міне, сондықтан Елбасы Жолдауының негізгі тараулары мен онда қойылған міндеттерді түсіндіру бойынша белгіленген әрі тиімді амал-әдістер керек», – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіхалықова осыған орай Қазақстан халқы Ассамбеясында әлеует барын тілге тиек етті. Мәселен, қазіргі уақытта ҚХА құрамында 1155 этномәдени бірлестік, 39 Достық үйі, 3 мыңға тарта Қоғамдық келісім кеңесі мен 15 тілде шығарылатын 53 БАҚ құралы бар.
«Заман тынысын ескере отырып, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің алдында бірқатар басты міндеттер тұрғанын аңғарып отырмыз. Біріншіден, әрбір қазақстандық елдің жаңғыру процесіне үлес қоса алатындай басымдықтарды айқындап алуымыз керек. Бұл – біздің әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың міндеті. Барша елімізді біріктіріп, алға бастырар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының әлеуетін қоғамдық санаға сіңіруіміз қажет», – деді Гүлшара Наушақызы.
Мемлекеттік хатшы атап өткендей, екіншіден, жастар мен отбасы институтын қолдау керек. Президенттің 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған байланысты Гүлшара Әбдіхалықова айтып өткендей, этносаралық және конфессияаралық қатынастар орталығы «Қоғамдық келісім» РММ-мен бірге қоғамдық келісімнің және жалпыұлттық ынтымақтың қазақстандық моделі тақырыбында жас ғалымдар арасында ғылыми жұмыстар байқауын ұйымдастыруы тиіс.
«Үшіншіден, этнодемографиялық және миграциялық процестер ұғымын ғылыми тұрғыда жаңа әрі сапалы деңгейге шығарған жөн. Бұл ретте нақты әрі практикалық кеңестер үшін салмақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Этносаралық және конфессияаралық қатынастар орталығы бұл бағыттағы жұмыстың нақты үйлесімін қамтамасыз етер деген ойдамыз. Төртіншіден, Қазақтану жобасын жүзеге асыруды жалғастыру маңызды. Осыған орай, «Қоғамдық келісім» РММ Қазақтану жобасы бойынша 2019 жылға арналған шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын құруы керек. Бесіншіден, келесі жылы біз ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің он жылдығын атап өтеміз. Атаулы датаға орай халықаралық ғылыми конференция өткізе аламыз. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің басты міндеті – жаңғырудың маңызды факторы ретіндегі қоғамдық келісімнің және жалпыұлттық ынтымақтың ауқымды алаңын құру жолында ғылыми-сарапшылық сипатта үн қосу болып табылады», – деп түйді сөзін Гүлшара Әбдіхалықова.
Қазақтану қалай жүріп жатыр?
Кеңейтілген отырысты жүргізген ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко ҚХА XXVI сессиясының хаттамалық тапсырмасына сәйкес министрліктер, жергілікті әкімдер Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен өзара іс-қимылда маңызды зерттеулердің бағыттары мен тақырыптарын анықтау бойынша жұмыс жүргізгенін атап өтті. Соның бірі – қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын барлық қазақстандық этностар арасында дәріптеуге арналған «Қазақтану» жобасы. ҚХА-ның «Қазақтану», «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» жобаларын жүзеге асыру туралы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Батырхан Жұмабеков Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына кеңінен тоқталып, кеңестің атқарған жұмыстарының нәтижелерін атап өтті.
«Киелі нысандарды іріктеу және тізімге алу бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірленді, әрбір өңірде киелі жерлерді анықтау бойынша жұмыс топтары құрылды. 2018 жылдың басында барлық өңірлердің киелі жерлеріне этномәдени экспедициялар ұйымдастырылып, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы мен «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы жарыққа шықты. Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» көпфункционалды виртуалды картасы, Қазақстанның киелі жерлерінің жалпыхалықтық тізіміне енген кейбір нысандардың 3D моделі жасалды», – деді ол.
Батырхан Жұмабековтің айтуынша, жалпыұлттық қасиетті нысандар туралы әлеуметтік желілерге арналған қазақ, орыс және ағылшын тілінде мобильді форматтағы бейнероликтер мен Қазақстандағы киелі жерлер туралы төрт ғылыми-көпшілік «Киелі Қазақстан», «Қожа Ахмет Яссауи, Айша Бибі кесенесі», «Алтын адам», «Номадтар елі» деректі фильмдері түсірілді. Фильмдер «Discovery», «Viasat history», «National Geographic» телеараналарынан көрсетілген.
«Сонымен қатар тарихи-мәдени мұрамызды ауқымды түрде жүйелеудің нәтижесінде жалпыхалықтық маңызы бар жүз кешеннің және өңірлік маңызы бар 456 нысанның тізімдері қалыптастырылды. Киелі жерлерді іріктеу, тізімге алу, жүйелеу жұмыстары елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған соң, оларды тізімге алу мәселесі оңай болған жоқ. Аталған жұмыстар бұдан әрі жалғасын табатын болады. 2018 жылдың соңында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының ІІІ республикалық форумында бұл мәселелер кеңінен талқыланып, екінші кезеңі қорытындыланатын болады», – деді ол.
Кеңестің қорытындысында Мәжіліс депутаттары көптеген ұсынымдар енгізіп, Ғылыми-сарапшылық кеңесінің он жылдығына орай антология басып шығаруды ұсынды.
Аян Өрібай