Қоғам

Тарихи тұлғаларды таластырмайық

Тарихи тұлғаларды таластырмайық


Өскемендегі Ворошилов көшесіне Жақия Шайжүнісовтің есімі берілуі мүмкін. Кеңес наркомы болған Климент Ворошилов көшесінің атауын өзгерту туралы бастаманы «Центр активного долголетия» әлеуметтік бастамалар қоры мен «Казгипроцветмет» ЖШС көтеріп отыр.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көше атауын өзгерту туралы ұсыныс қалалық мәслихатқа жолданып, қоғамдық тыңдау өткізіледі.

– Көше атауын өзгерту барысында тұрғындардың пікірі міндетті түрде ескеріледі, – деп атап өтті қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Бұл мәселенің шеті қылтиғаны сол еді қоғамда, әлеуметтік желіде қызу талқы басталды. Пікір білдірушілердің бір бөлігі көше атауын өзгерудің қажеті жоқ десе, бірқатар зиялы топ өкілдері ендігі кезек алаш арыстарынікі деген көзқараста.

– Жақия ақсақалдың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Ол кісі кезінде Социалистік Еңбек ері атаған алды. Ұстаздың еңбегі ескеріліп, Семейден үлкен көше берілген. Негізі бұл көшеге Воршиловтан асып түсетін тұлғаларымыздың есімі берілуі керек еді. Өскеменге Әлихан, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып қажет, – дейді мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.

Облыстағы елді мекендер мен жер-су атауларының шығу төркінін зерттеумен айналысатын ғалым Бердібек Бияровтың айтуынша, облыс орталығында атауын өзгертуді қажет ететін 55 көрнекті көше бар.

– Меніңше бұл мәселеде дау туғызудың керегі жоқ. Қалада атауын өзгертуді қажет етін Киров, Орджоникидзе сияқты көшелер көп. Қазақтың ұлы тұлғаларын таластырмайық. Абаймен қиылысытан Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің есімі берілсе де артық емес. Осыдан бес-алты жыл бұрын бұл көшеге Шәкірім есімін сұраған болатынбыз. Шайжүнісовтың де еңбегін жоққа шығармай қаланың көрнекті көшелерінің бірін берейік, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияров.

Жақия Шайжүнісов (1914-1983жж.) – қазақтың Макаренкосы атанған көрнекті ұстаз. Ол – өмірінің 44 жылын Көкпекті ауданындағы жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап, әкелік қамқорлық танытқан жан. Жақия Шайжүнісов басшылық еткен балалар үйі КСРО аумағындағы үздік интернаттар үштігіне енген.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button