Руханият

Тарихи тұлғалар жайлы тың деректерді алға тартты

Тарихи тұлғалар жайлы тың деректерді алға тартты


«Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Ва¬шингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұл¬ғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» символдық капиталы санала¬ды әрі сол елдердің халықаралық аренада тиім¬ді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр» деген Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында өз жерімізден шаққантұғырлы тұлғалардыәспеттеп, қаһармандарымызды шетелге танытуды міндеттегені белгілі.

Осыған орай жуырда Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында «Ұлы даланың жеті қыры – ұлттық ұлы құндылық» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Келелі басқосуда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай, Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы Мұхтархан Кәрімов, осы оқу орнындағы ақындар мектебінің жетекшісі Айман Ақтанова қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.

–Былтыр Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялап, жұртшылықты бір серпілтті. «Тарихсыз ел болмайды» деген мақал аталмыш мақаланың бар мәнін ашып тұрғандай. Тарихымыздың жеті қырын атай отырып, Мемлекет басшысы өткенімізді бағамдап, пайымдауға үндеді. Аталған еңбектің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екенін айтқан жөн, – деді жиын басында аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.

Бұдан кейін сөз алған Серікқазы Қорабай 17-18 ғасырлардағы жыраулық поэзияның аса көрнекті өкілі – Ақтамберді Сарыұлы турасында, Ақтайлақ би бастаған осы өлкеден шыққан 17 ақын жайында тың мәліметтерді алға тартты. Мәселен, әрі батыр, әрі жырау ретінде танылған Ақтамберді халқымыздың жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі болғаны белгілі. Ақтамберді ел қамын ойлап, халық тұрмысын жақсартуды армандаған «абыз жырау» деңгейіне көтерілді. Өзінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» атты атақты классикалық толғауында арман болған құт-мекен – Жерұйықты бейнеледі.

–Батыр жырау Орта жүздің беделді рубасы ақсақалдарының бірі болды. Жоңғар мемлекеті біржола талқандалған соң, Ақтамберді қазақ руларын шығыс жақтағы атамекенге қайта қоныстандырды. Жырау тоқсаннан асқанда қайтыс болып, Абай ауданы, Құндызды ауылы шетіндегі Жүрекадыр деген жотаға жерленді, – деген Серікқазы Қорабай Ақтамберді жыраудың, сондай-ақ Сабырбай, Түбек ақындардың басына күмбезді кесенелер орнатып, олардың шығармашалығына арнап халықаралық ғылыми, мәдени-спорттық шаралар өткізу қажеттігін атап көрсетті.

Өз сөзінде ғалым Жарма ауданында «Ұлы бабалар ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастыруды, Үшбиік ауылында Сыбаннан шыққан 17 ақынға мұражай ашып, Қалбатаудағы көшелердің біріне «Он жеті ақын» атауын беруді ұсынды.

Ол сондай-ақөзі талай жылдан бері зерттеп келе жатқан Ақтамберді жырау, Ақтайлақ би, Дулат, Сабырбай, Түбек ақындарға аудандық өлкетану музейінен бұрыштар ашу, олардың өлеңдерін жатқа айтудан оқушылар арасында аудандық сайыс өткізу, аттарын Семей, Өскемен, Астана көшелеріне беру жөніндегі ойларымен бөлісіп, айтыскер ақын Түбек Байқошқарұлының келер жылы болатын 240 жылдығын ел көлемінде атап өтуді еске салды.

Серікқазы Қорабай өз баяндамасында екінші жүниежүзілік соғыс батыры, жармалық Төлеуғали Әбдібековтің есімін де ел білуі тиіс деп, оның атымен қала көшелерін атауды, сонымен қатар қазақ цирк өнерінің негізін салушы, «Ағашаяқ»атанып кеткен әйгілі Назаролла Жүндібайұлы атындағы аймақтық өнер байқауын ұйымдастыруды жәнебүкіл Орта жүзде бәйге бермеген атақты тұлпар Қарашегір шыққан Көкентоғаймекенінебелгі қоюдыұсыныс ретінде жеткізді.

– Жарма жері – тарихқа бай өңір, жоңғарларға қарсы күресте аттары даңққа бөленген тұлғалар елі. Ең бірінші, Абылай ханның төбе билерінің бірі – Би Боранбай Қалқаманұлын айтар едім. Жарма – Шар өңірі Қонақай Жанкісіұлы, Нарбота Мүлкәмәнұлы, Ер Жәнібек, Бекжан Құттымбетұлы, Дәулетбай, Мейір, Жалаңаш, Қожағұл, Тәнік сияқты батырлардың аттарымен де тығыз байланысты, – деген Мұхтарбек Кәрімов осы дәстүрдің Екінші дүниежүзілік соғыста жалғасқанын атап өтті.

Жарма өңірі он Кеңес одағының батырын, бір толық Даңқ орденінің кавалерін берді. Олардың ішінде Қапай Ысқақов, Кенжебек Шәкәнов бар, ал 480 фашисті жайратқан снайпер Төлеуғали Әбдібековтің жармалық екені айтылмай келді. Ол кісі 1916 жылы Қапанбұлақ өңірінде туған.

Тарихшы-ғалым Жарма жерінен шыққан ерекше тұлғалар ретінде «Алаштың тұңғыш құрбаны» аталған, Алаш әскерінің алғашқы командирлерінің бірі, 1918 жылы Семейде қызыл әскер қолынан қаза тапқан Қазы Нұрмахамбетовтің және Қырғызстан тарих ғылымының негізін салушы Әнуарбек Хасановтың өмір жолдары туралы қызықты деректерді көпшілікке жария етті.

– Осы жерде аудан аумағындағы зерттеулерді біз болып, сіз болып қолға алу қажет. Белгісіз болып бара жатқан тұлғалардың басына шағын да болса белгілер қоюға елді де жұмылдыру керек деп ойлаймын. Сол сияқты аудандағы тарихи ескерткіштерді қорғау мәселесі де күн тәртібіне шығып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының мақаласы – алдымыздағы зерттеулерге тың серпін беретін, жұртшылықтың тарихи жадысын қалыптастыратын құжат, – деді ғалым.

Сондай-ақ конференцияда Шәкәрім университеті Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Айман Ақтанованың баяндамасы тыңдалды. Ғалым Дулаттың өмірі мен шығармашылығы, жырларында кездесетін Аягөз, Жарманың көне жер-су атаулары сынды қызықты деректер айтты.

Шара барысында айтылған негізгі ойлар мен түйінді тұжырымдардың алдағы уақытта қолға алынып, іске асарына сенім білдіреміз.

Ержан Әбіш
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button