Тарихи тұлғалар туралы тың деректермен танысады
Елімізде «Абай жолы» – ұлттық құндылықтар мектебі» атты қозғалыс құрылды. Аталмыш жоба аясында жастар қазақтың тарихи тұлғаларының өмір жолынан сыр шертетін тың деректермен танысатын болады. Бұл туралы еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұлов шығысқазақстандық белсенді жастармен кездесуде мәлім етті.
Кездесу барысында Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласын талқылап, латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде де сөз қозғалды. Бұдан бөлек, облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатын дамыту үшін қолға алынатын іс-шаралар мен ауқымды жобалар талқыға түсті.
– Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілетттілік» Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ой-тұжырымдар бірінші кезекте жастарға бағытталған. Бұл тарихи құжаттарда айтылған құнды міндеттер мен ұсыныстарды ой елегінен өткізу жас мамандардың келешекте табысты болуының кепілі болмақ. Елбасы жүктеп отырған тапсырмаларды орындауға жастарды жұмылдыру біз үшін аса маңызды, – дейді Ғабидолла Оспанқұлов.
Басқосуда алдағы уақытта өз жұмысын бастайтын жастар мәслихатының атқаратын міндеттері туралы баяндаған өскемендік жас депутат Юлия Миронова сайлаудың қорытындысы бойынша облыста 409 депутат тағайындалатынын жеткізді. Айта кетейік, ағымдағы жылы қыркүйек айының 29 күні өтетін сайлауға қатысуға мыңнан астам шығысқазақстандық жас ниет білдіріпті. Облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, жастар мәслихатына тағайындалатын белсенді студенттер замандастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады.
– Мемлекеттік жастар саясатын әрі қарай дамыту үшін кейінгі жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларға үлгі-өнеге көрсете білуіміз керек. Себебі, болашақ – жастардың қолында, – дейді Арайлым Есімбекова.
Ажар Мұратқызы