Тарихи тұлғаға ескерткіш орнатылды
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай Көкжыра ауылында «Туған жерге – тағзым акциясы аясында Мүрсәлім Бектенұлына мемориалдық ескерткіш қойылды. Осыдан тура жүз жыл бұрын Тарбағатай жерінде Ресей патшалығының қазақ жастарын майданға алу туралы маусым жарлығына наразылық білдіріп, бас көтерген, Семей губерниясына қарасты Көкпекті-Тарбағатай өңіріндегі 12 болыстың басын қосып, бодандыққа қарсы шыққан Мүрсәлім Бектенұлы еді. Ол майданға бірде-бір қазақ баласын жібермей, ауыл-аймақтағы жігіттермен елдің амандығын сақтап, мал-мүлкімен қоса қазынаның 800 жылқысын ақ патшаның әскерінен аман алып қалған адам. Өңірдегі патшаға қарсы көтерілісті ұйымдастырғаны және көрсеткен ерлігі үшін 1919 жылы Көкпектіге келген қызыл әскер басшылығы оған қылыш пен бағалы сыйлық тарту еткені туралы деректер орталық мұрағатта сақталыпты.
19-ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына тарай бастаған қазақ тіліндегі прогресшіл-демократтық бағыттағы газет-журналдарды үзбей алдырып, оны халық арасына кеңінен таратқан демократ, көзі ашық Мүрсәлім Бектенұлы 1895 жылдан Зайсан уезіне қарасты Қарғыба-Базар өңірінде 20 жыл болыстық қызмет те атқарған екен. Мүрсәлім Бектенұлы мұрасының әлі толықтай зерттелмегенін Көкжыра ауылында өткен ғылыми-танымдық конференцияға қатысқан тарихшы ғалымдар да айтты.
Болашақта ауылдағы орта мектепте Мүрсәлім мұражайы ашылып, тарихи жәдігерлер жиналып, М.Бектенұлы арнайы жинақ шығарылмақ. Ауылдың орталығында орнатылған мемориалдық ескерткішті осы ауылдың тумасы, белгілі кәсіпкер Бәделхан Кәмелханұлы тұрғызып берді. Келер жылы осы жерден үлкен саябақ ашылып, ол Мүрсәлім Бектенұлы есімімен аталатын болады. Көкжыралықтар тарихи тұлғаны еске алып, игі шараны ұйымдастырған аудан әкімдігі мен қаржылай қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы