Қоғам

Тарихи атаулардың түп мағынасы қандай?

Қазақ, татар, жоңғар, моңғол атауларының түп мағынасы қандай, қашан пайда болған? Осы орайда әлем ғалымдары не дейді?

Кей ғалымдардың пайымынша, «қазақ» сөзінің «жеке отау құру» деген мағынасы Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінгенін нұсқайды. «Қазақ» сөзі ұлт атауына айналғаннан кейін «бөлек отау тіккен» деген түпкі мағына ұмытылды» дейді арабтанушы Қалдыбай Қыдырбаев «Қыпшақ-араб сөздігінде не айтылған?» еңбегінде.

Әмір Темір ұрпағы – Бабырдың биліктен тайдырылып, қуғын-сүргінде болған кезі «қазақылық» аталған «Бабырнама» кітабында.

Орыс тарихшысы Михаил Худяков 1922 жылғы «Еділ бойындағы мұсылман мәдениеті» кітабында «Қазан татарларының дені өздерін бұлғар дейді» деп жазыпты. Қазіргі татарлар – шынымен Еділ аймағын мыңдаған жыл бойы мекендеген бұлғарлар. Ал «татар» деп кезінде еуропалықтар қыпшақ тайпаларын айтқан. Көне славяндар да өздерін тонап, билігінде ұстаған қыпшақтарды «татар» атаған. Славян түсінігінде «татар» сөзі ырық бермес дүлей күш мағынасын береді.

«Татар» сөзін еуропалық саяхатшылар мен саудагерлер де пайдаланған. «Марко Поло Орталық Азия түркілерін татар деп жаңылысты. Ол Шыңғысты «барша татардың ханы», Құбылайды «татардың алтыншы ханы» атады. Осы қатені көптеген еуропалық авторлар қайталады» дейді ағылшын зерттеушісі Хилда Хукхэм «Темірлан – түркілердің билеушісі» кітабында.

Жоңғар – Шыңғыс хан әскерінің сол қанаты. «Сол қол» деген мағына береді. Атау 13 ғасырдан белгілі. Шыңғыс хан сол қанаттың басшысы етіп жалайыр Мұқалыны қойған. Бірақ тарихшы Марк Гольман «кей тарихи деректерде «жоңғар» қытайдың «қарақшылар» сөзі деп келтірілген» дейді.

Азғантай ғана моңғолдар мен Ресейдегі буряттар – бір ұлт. Орыс академигі В.Федоров: «Орыс-қытай шекарасы сызылғанда буряттар екіге бөлініп қалды. Арғы беттегілер «моңғол» атанып кетті. «Моңғол» қытайшадан аударғанда «малшы» дегенді білдіреді» дейді. Орыстың зерттеушісі әрі жазушысы Александр Соловьев «Речь терминов» кітабында: «Моңғолдар – буряттар«Моңғол» – қытай сөзі» дейді.

Хилда Хукхэм: «Шыңғыс хан өз әскерін «мың қол» атады, кейін халқы да, оған қосылғандар да солай аталып кетті» дейді.

 Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button