Қоғам

Тарихи атаулар қайтарылуы тиіс

 Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен  онлайн режимде «Атамекен атаулары – тарихи шындығымыз» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту үшін  ономастика жүйесін одан әрі дамыту бағыттарын анықтау мақсатында өткізілген семинар-кеңеске облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың қызметкерлері, аудан және қалалардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шара барысында басқарма басшысы Роза Төлемісова ономастика мәселелері бойынша облыста кейінгі бес жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Айтуынша, аталған уақыт ішінде  комиссияның 21 отырысы өткізіліп, 892 мәселе қаралыпты. 2015-2016 жылдары облыстың қала, аудандарындағы 32 көшенің, үш елді мекеннің, 17 нысанның аты өзгертіліп, ұлы тұлғаларымыздың есімдері беріліп, ата-бабаларымыздан қалған байырғы жер-су атаулары қайтарылған. Ал 2017-2018 жылдар аралығында облыс бойынша 317 көше,  16 елді мекен, 11 нысан атауы қайта аталған.  Соның ішінде, 2018 жылдың  28 желтоқсанындағы Президент Жарлығына сәйкес, өңіріміздегі Зырян ауданы мен Зырян қаласының атауы Алтай ауданы және Алтай қаласы болып қайта аталуы облыс жұртшылығы үшін зор қуаныш болды. Өйткені қазақ тарихында Алтай тауының алар орны ерекше. Ол қазақ жерінің ғана емес, күллі түркі әлемінің алтын бесігі саналады.

Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел қағидасы. Осы орайда Қазақстанның ірі физикалық-географиялық және табиғи-тарихи аймағының бірі болып саналатын Шығыс өлкесінің тарихи атауларын және танымал тұлғаларымыздың, сонымен қатар өз өңірімізден шыққан ақын-жазушыларымыздың, батырларымыздың, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту мақсатында 2019-2020 жылдары облысымыздағы 164 көше мен екі елді мекенге  жаңа атаулар беріліпті.

Жалпы, бүгінгі күні «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне сәйкес, облыс орталығы Өскеменде 726 көше бар. Оның 133-і  қазақша, 608-і орысша, 148-і тұйық көше,  11 көше идеологиялық тұрғыдан ескірген. 2015-2020 жылдары Өскемендегі 57 көшеге, екі саябаққа, 12 мектепке  және бір колледжге атау беру және қайта атау бойынша  Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынған.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Семей халықаралық әуежайына Абайдың есімі берілді.

Роза Әшімханқызының айтуынша, атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында  облыста  кейінгі бес  жылда барлығы 513 көше, мен 23 елді мекеннің, 49 нысанның атауы өзгертіліпті.

Семинар-кеңесте С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияров «Трансшекаралық топонимдер» және «Топонимдерді латын графикасына транслитерациялау мәселесі» туралы ойларын ортаға салды. Ғалым елді мекен атауларына географиялық ортасына сай атаулар беріліп және тарихи атаулары қайтарылмаса алдағы уақытта қазақ тілі әліпбиі латын графикасына көшірілгенде қиындық тудыратындығын айтты. Сондай-ақ аталған университеттің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарихшы Жаннета Қалимолдина  1916-1917 жылдары Шығыс Қазақстандағы елді мекен атауларының өзгеруі жөнінде арнайы баяндама оқып, Шығыс Қазақстандағы елді мекен атауларының  қалай өзгергені туралы мұрағат құжаттарына сүйене отырып деректерді   мысалға келтірді.

-Ономастика саласы мамандары елді мекен атауларын ауыстырарда белгілі бір ережеге сүйенеді. Бұл мәселеде көбіне  тұрғындардың пікірі ескеріледі. Ал жергілікті тұрғындар болса шала есте қалған дүниені алға тартып, жер атауының жаңаша аталуына қарсылық танытып жатады. Шындығында бұл жер атауларының барлығының тарихи атаулары бар. Біз елді мекен атауларын ауыстырар кезде нақты тарихи фактілерге сүйеніп, мемлекеттік мұрағат құжаттарын басшылыққа алуымыз керек. Елді мекен атауларына тұлғалардың есімдерін бергеннен гөрі сол жердің байырғы атауын іздеп, соны қайтарғанымыз жөн,   – дейді ғалым.

Мысалы, Ұлан болысына қарасты Секетас ауылы 1927  жылы  Князовский деп өзгертілген.  Ауылдың негізгі тұрғындары қазақтар. Бірақ  атауын ауыстырар кезде ауылдағы   25 отбасы мүшелерінің ешқайсысының пікірі ескерілмеген.   Хаттаманы толтырған адамдардың құрамы да өзге ұлт өкілдері.  Ал Өскеменнің іргесіндегі Сағыр ауылының байырғы атауы Бетегелі көрінеді.  Кейін оны тұрғындар  Сағыр деп атаған.   Ал 1917 жылдың 23 ақпанында Сағыр ауылының атауы  Колокольный деп өзгеріп шыға келеді.  Кеңес  үкіметі тұсында бұл ауылға   Ленинка деген атау беріледі.  Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана   ауыл қайтадан Сағыр деп аталады.

Өскемендегі Ахмер ауылы жайлы да талас-тартыс көп.  Ғалымның келтірген дерегіне қарағанда, бұл ауылдың атауы Ташкенттен қоныс адарған Ахмер деген адамның атына берілген екен.

Жалпы, 1917 жылы елді мекендердің атауларын өзгерту, ол атаулардың татар, неміс  және тағы басқа тілдерде емес, тек  орысша болуы қажет екені  туралы арнайы үкім шығарылған көрінеді.  Елді мекен атауын ауыстырушылар осы үкімді әркез басшылыққа алған.

Семинар-кеңесте қала, аудандардағы тіл бөлімдерінің мамандары да ономастика саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы сөз сөйледі. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи атауларға және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атау  бойынша қала, аудандарда да көптеген шаруалар  атқарылуда.  Мысалы, Көкпекті ауданында соңғы үш жылда 62 көше мен үш мектеп атауы өзгертілсе, Бесқарағай ауданында  14 көше мен екі мектепке жаңа атау беріліпті. Жарма ауданында Қапанбұлақ ауылдық округіне қарасты Қызылжұлдыз ауылы Төлеуғали Әбдібеков болып өзгертіліп, алты көшенің атауы қайта аталған.

Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да елдікті нығайтудың басым бағыттарының бірі болып келетін ұлттық ономастика саласын дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің тарихи атауларын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да мақсатты түрде жалғасын табатын болады.

Мейрамтай Иманғали

Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button