ҚоғамТОП

ШҚО-да тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді

Шығыс Қазақстанда «Инвестиция орнына тариф» қағидаты бойынша тарифтік саясатты реформалау аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басталды.

Бұл туралы облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Мәлік мәлім етті, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Оның айтуынша, облыста тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіздер қалыптасқан. Бұл ең алдымен, жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту мақсатына инвестиция тартуға, сала мамандарының жалақысын өсіруге және иесіз желілер мен жабдықтарды күтіп ұстау шығындары үшін өтемақы алуға мүмкіндік береді.

– Қазір желілердің тозуы жағынан қызыл және сары аймақтарда орналасқан бірнеше кәсіпорын бар. Мәселен, «Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС-не қарасты желілердің 67 пайызы тозған. Сол сияқты «Согра ЖЭО» ЖШС (63 пайыз) мен «Өскемен жылу желілері» АҚ (65 пайыз) тиесілі желілердің де жағдайы нашар. Олардың қатарына сумен жабдықтау желілерінің 62 пайызы және су бұру желілерінің 81 пайызы тозған «Өскемен Су арнасы» кәсіпорнын да қосуға болады, – дейді Арман Мәлік. – Осыған байланысты департаментіміз облыстың құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, аталған кәсіпорындардың 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаларын өзгерту жөніндегі өтінімдерді қарады. 29 мамыр мен 5 маусымда ұсынылған өтінімдер негізінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы арнайы өңірлік комиссияның кезекті отырыстары өткен болатын.

Ұсынылған өтінімдерді қарау кезінде бірінші кезекте нысандардағы құрал-жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттамасы мен сараптама қорытындысының болуы сияқты жайттар ескеріледі. Ал негізгі құрал-жабдықтардың тозуына әсер етпейтін іс-шаралар алынып тасталады.

Белгілі болғандай, жақында аталмыш құжаттар облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданған екен. Ондағы тариф есебінен қаржыландырылатын инвестициялық бағдарламалардың қосымша іс-шараларының сомасы төмендегідей болмақ:

– «Өскемен ЖЭО» ЖШС – бір миллиард теңге;

– «Согра ЖЭО» ЖШС – 482 миллион теңге;

– «Өскемен жылу желілері» АҚ – бір миллиард теңге;

– «Өскемен Су арнасы» МКК – 2023 жылғы бірінші кезеңде 64 миллион теңге және 2024 жылғы екінші кезеңде 1,73 миллиард теңгені құрауы тиіс. Осы ретте, аталмыш сома бойынша өтінім 2024 жылдың бірінші тоқсанында келіп түсетінін айтқан жөн.

– Бұл қаражат табиғи монополиялар субъектілерінің желілері мен жабдықтарын реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталатын болады. Осындай кешенді жұмыстың арқасында 2023 жылы аталған кәсіпорындар желілерінің тозу деңгейі шамамен екі пайызға азаймақ, – деп атап өтті облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы.

Оның айтуынша, ТҮКШ саласында қызмет көрсететін кәсіпорындардағы жаңғырту жұмыстары тариф пен жергілікті бюджет есебінен жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар желілердің, жабдықтар мен қазандық агрегаттарының жағдайын жақсартуға, коммуналдық қызметтерді үздіксіз көрсетуді қамтамасыз етуге, қызмет сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Әлбетте, қосымша тартылған инвестицияларды мақсатты жұмсау жағы жіті бақылауда болады, – деп атап өтті өңірдегі тарифтік ведомствоның басшысы. – Тағы бір айта кетер жайт, Энергетика министрлігінің 26 мамырдағы бұйрығымен елімізде электр энергиясына шекті тарифтер мөлшері ұлғайтылмақ.

А.Мәлік хабарлағандай, 12-14 маусымда инвестициялық бағдарламаларға байланысты тарифтердің өзгеруі мәселелеріне арналған ашық тыңдаулар өтіпті. Оған мәслихат депутаттары, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, тұтынушылар және өзге де мүдделі тұлғалар қатысқан-ды. Жалпы, ведомствоның мәліметінше, барлық жайттарды ескере отырып, тарифтердің өсуі жылумен жабдықтау саласында шамамен 36 пайызды, сумен жабдықтауда – 20, ал су бұруда 21 пайызды құрамақ.

– Бұл әлі нақты цифрлар емес. Пайыздық көрсеткіштер арнайы талдау қорытындылары шыққан соң өзгеруі мүмкін, – дейді Арман Сапарғалиұлы. – Осы ретте, біздің департамент мамандары өтінімдердің жобаларын тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес қарайтынын және олардың негізсіз өсуіне жол бермейтінін қадап ескерткім келеді. Тұтынушылар ол жағына алаң болмауы тиіс.

Елімізде жаңа тарифтік саясат 2023 жылдың шілде айынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button