Тарифтер төмендеді

Биыл бірде-бір коммуналдық қызмет тарифі көтерілмейтін болды. Керісінше жыл басынан бері облыста коммуналдық қызметтердің барлық түрлері бойынша тарифтер төмендеді.
Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен өткен брифингте табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев мәлім етті.
Департамент басшысының айтуынша, Елбасы Жолдауынан кейін жергілікті коммуналдық қызмет көрсету нысандарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Аймақ бойынша бірде-бір субъект жыл басынан бері коммуналдық қызметтердің құнын көтермеді, – деп атап өтті Қайрат Оразбаев.
Нәтижесінде «Өскемен жылу желілері» АҚ-да тарифтер 5,63% төмендеді. Демек, енді есептеу құралы жоқ бір бөлмелі пәтер үшін жылудың құны айына 127 теңгеге , ыстық су 42 теңгеге арзандады. Ал есептеу құрылғылары бар тұтынушылар судың әр текше метрі үшін 17 теңгеге аз төлейтін болды. Осылайша бір бөлмелі пәтердің тұрғыны ыстық су мен жылу үшін жылына 2040 теңге, 2 бөлмелі пәтер тұрғындары 3600 теңге үнемдейтін болды.
Ал «Өскемен водоканал» кәсіпорны суық су үшін тарифті 5 пайызға азайтты. Енді 1 текше метр суық судың құны 65,91 теңге болмақ. Электр энергиясын сатып алу құнының төмендеуі нәтижесінде 2019 жылдан бастап «Шығысэнерготрейд» ЖШС электр энергиясының тарифін арзандатуға мүмкіндік алды. Енді жеке тұлғалар үшін электр энергиясының 1 киловаты 10,885 теңгені құрайды, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 6,5%- ға төмендейді.
– Бұл сандар біреулер үшін мардымсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда тарифті 5 пайызға болсын төмендету үшін кәсіпорындарға көптеген маңызды шығындарынан бас тартып, оңтайландыру үрдісін жасауларына тура келді. Кәсіпорындардың жалпы үнемдеу сомасын қосатын болсақ, 2,5 млрд. теңгеден асады.Осының барлығы Елбасы тапсырмасын орындау, халықтың қалтасына түсетін салмақты аз да болса жеңілдетуге бағытталып отыр, – деп атап өтті Қайрат Оразбаев.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 4 наурызында Өскемен қаласында тұрғындардың коммуналдық қызметтер есебі бойынша туындаған сұрақтарына жауап беру үшін арнайы кездесу өтеді.
Лаура Тілеубайқызы