Қоғам

Тариф тағы өсуі мүмкін

Тариф тағы өсуі мүмкін


«Шығысэнерготрейд» ЖШС 15-тамыздан бастап электр қуатының бағасын көтеруі мүмкін. Бұл туралы серіктестік директоры Мстислав Мартемьянов қоғамдық тыңдау барысында мәлім етті.

Мұндай ұсынысты компания басшылығы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне жыл басынан бері көтеріп келеді. Әрбір ұсыныс екі тараптың қатысуымен талқыланып, кейін қоғамдық тыңдауда қаралып отырды. Осыған дейін «Шығысэнерготрейд» тарапынан түскен ұсыныс қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдерінің алдында төрт мәрте қоғамдық тыңдауға салынған. Бұл жолғы тыңдауға қоғамдық ұйым және ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге қоғам белсенділері де қатысты.

М.Мартемьяновтың айтуынша, ұсынылып отырған жаңа тариф бойынша электр қуатының әрбір киловатт-сағатын өскемендіктер орта есеппен алғанда 11,574 теңгемен тұтынатын болады. Қолданыстағы тариф құны 10,526 теңгеге сәйкес екенін ескерсек, өсім көлемі 9,95 пайызға тең. Серіктестік директоры қоғамдық тыңдауға келген қауымды бұл тариф келер жылдың 15 тамызына дейін сақталатынын айтып жұбатты. Яғни, жаңа жылдың басында өзге бағамен бірге электр қуатының өсуі байқалмауы тиіс.

Тарифті көтеру талабы «KEGOK», «ВК РЭК», «Казцинк Энерго» АҚ сияқты электр өндірушілердің энергияны «Шығысэнерготрейд» ЖШС-не бұрынғыдан жоғары бағамен сата бастауынан туындап отыр. М.Мартемьянов қаңтар айынан бері өндірушілер электр қуатын 2015 жылы бекітілген тарифтен жоғары бағамен сата бастағанына қарамастан, өз қызметтерінің тарифін көтермей келгендерін айтады. Алайда, жарты жылдың ішінде компанияның шығындары өсіп, электр өндірушілердің алдындағы қарыздары 550 млн. теңгеге дейін ұлғайған. Қарызды кестеге сай жабу үшін «Шығысэнерготрейд» ЖШС бір млрд. теңгеден астам несие алып та үлгерген екен. Тарифтің жоғарылауынан түскен қаржының негізгі бөлігі осы шығындарды жабуға бағытталмақ. Ескі тариф сақталған жағдайда шығын көлемі жыл аяғына дейін бір млрд. теңгеден асып жығылады деген болжамдары бар.

Бұған қосымша жыл сайынғы жабдықтар мен құралдарды, аппараттар мен құрылғыларды жаңалау жұмыстарына да қосымша қаражат керек. Жабдықтау шығындарын компания өткен жылғыдан 113 пайызға арттырмақ.

Компания қолға алғалы отырған инвестициялық бағдарламаға да 169 млн. теңгенің көлемінде қаржы керек. Бұл бағдарлама бойынша «Шығысэнерготрейд» бір жылдың ішінде тұтынушылармен байланыс орталығының жұмысын жеделдетіп, компьютерлік жабдықтарды жаңалауы тиіс. Сондай-ақ, электр ақысын төлеу процесін жеңілдету үшін облыс орталығында 30 автоматты касса орнату қарастырылған. Әзірге мұндай терминалдар қаланың екі-ақ жерінде, Ворошилов және Сәтпаев көшелерінің бойындағы қызмет көрсету ғимараттарында жұмыс істеп тұр.

Тыңдауға келген белсенділер ең әуелі компанияның ішкі шығындарын тұрғындардың есебінен жабуға қарсы екендіктерін білдірді. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев бұл мәселе құзырлы органның назарында екенін ескертті.
-Компания ұсынып отырған шығындар тізімі әлі бекітілген жоқ. Біз бұл тұрғыда мұқият жұмыс істеуге мүдделіміз. Яғни, әрбір ұсынылған шығынның негізділігін, оның электр қуатын жеткізу қызметіне тікелей қатыстылығын қатаң қадағалаймыз. Сондықтан шығындардың шынайылығына күдік болмауы тиіс, – деді ол.

Қоғамдық ұйым өкілдері тарифтің жазғы мезгілде, судың мол келіп, энергияның артығымен өндірілетін шағында қымбаттауына таңданыс білдірді. Кейбір шығындарды осы артық өндірілетін энергияның есебінен жабуды ұсынғандар да болды. «Шығысэнерготрейд» ЖШС электрді өзі өндірмейтіндіктен одан пайда көру мүмкіндігі жоқ. Ал судың мол шағында электр қуатын артығымен сақтау үшін арнайы аккумулятор сатып алу қажет.

Мстислав Мартемьянов тариф орта есеппен 11,574 теңге көлемінде бекітілгенімен, жеке және заңды тұлғалар үшін қандай мөлшерде болатыны әлі анық емес екенін айтады. Тұрғындар үшін тарифтің бірнеше түрі белгіленген. Мәселен, тәулігіне ең аз мөлшерде электр пайдаланатын бірінші деңгейдегі тұтынушылар үшін тариф өсімі тіптен елеусіз мөлшерде болуы мүмкін. Ал ток көзін тәулік бойы тоқтатпай тұтынатын отбасылар үшін тариф құны да көлемді болмақ. Қоғамдық ұйым өкілдері бұл тұрғыда «таяқтың екінші ұшы болатынын» ұмытпау керектігін ескертті. Жеке тұлға үшін қуат көзін тұтыну тарифі заңды тұлғаға қарағанда арзан болғанымен, заңды тұлғалар тарифтің шығынын бәрібір халықтың есебінен өтейді. Атап айтқанда, азық-түлік өндірушілер, жылумен және сумен қамтамасыз етуші компаниялар, өзге де қызмет көрсету орындары электр тарифі көтеріле салысымен өз қызметтері мен өнімдерін қымбаттататыны ақиқат.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Шығысэнерготрейд» компаниясына қуат көзін неғұрлым арзан бағамен сатып отырған компаниялардың тапсырыстық үлесін арттыруды жүктеп отыр. Бұл шара тарифті тұрақты ұстауға өз септігін тигізері анық.Тиімді тариф ұсынушылардың көшін жергілікті «Өскемен» және «Шүлбі» СЭС-тері бастап тұр. Ал Екібастұздағы электр стансаларының тарифі жергілікті өндірушілерге қарағанда әлдеқайда қымбатқа түсуде.
«Шығысэнерготрейдтің» электрмен қамтамасыз ету қызметінің тарифін көтеруге қатысты ұсынысы шілденің соңына дейін жан-жақты талқыланып, сарапталатын болады. Департамент бұл мәселеге қатысты нақты шешімін 30 шілдеге дейін айтуы тиіс.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button