Экономика

Тариф тағы көтеріле ме?

Тариф тағы көтеріле ме?

Бұл күндері қаланың жылу, жарық, су мәселелеріне қатысты басқосулар жиі өтетін болды. Таяуда ғана тариф төңірегінде өткен жиынға ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдері, облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, «Шығысэнерготрейд» ЖШС мамандары қатысты.
Маусым айының 15-інен бастап, электр энергиясына тариф неліктен көтерілуі тиіс екендігіне «Шығысэнерготрейд» өкілі Елена Ивченко түсініктеме берді. Оның айтуынша, тарифті 11, 2 пайызға өсірудің ең басты себебі – электр станцияларынан қажетті қуатты сатып алу шығындарының артып кеткендігі. Мұның үстіне қолданылатын шикізат материалдары қымбаттап отыр. Сондай-ақ, биыл қолға алынатын инвестициялық бағдарламаны іске асыру да қажет екен.
-Биылғы 6-мамырда біздің «Шығысэнерготрейд» компаниясы электрмен жабдықтау қызметтеріне орташа тарифті кВт сағатына 13, 105 теңге көлемінде бекіту үшін ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне өтініш жолдады,- деді Е.Ивченко, – енді маусым айының орта тұсынан бастап белгіленген тариф құны қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Семейдегі «Шығысэнерготрэйд» мекемесі 2004 жылы құрылған еді. Кәсіпорын үлесінің басым бөлігі «ШҚ АЭК» АҚ-на тиесілі. 400 мыңнан астам тұтынушы бар. Қызмет көрсету аумағы 282 мың шаршы шақырымды құрайды. Түскен қаражаттың 97% -ы энергия шығаратын және тасымалдайтын станциялардың шығынына кетіп жатыр, тек 3%-ы ғана «Шығысэнерготрейд» ЖШС-іне қалады. Қазіргі тарифтің мекеменің тиісті деңгейде жұмыс істеуіне аздық ететіні анықталып отыр. Соған байланысты біз жабдықтау үстемеақысын кВт сағатына 0, 454 теңге көлемінде бекітуді жөн санадық. Әрине, бағаны өсірудің тұтынушыларға ұнай қоймайтыны рас. Алайда, осы тарифтің негізінде бір жылда жабдықтау үстемеақысының орташа есебі кВт сағатына 0, 369 теңгені құрайтын болады. Былтыр бұл көрсеткіш кВт сағатына 0, 336 теңге көлемінде тұрақтаған еді. 408 миллион теңгеге арналған инвестициялық бағдарлама туралы да айта кеткім келіп отыр. Жаңа тарифтің енгізілуіне орай жұмысқа қажетті оргтехника, компьютерлер қажет. Біздің мекеме 30 шақты автоматтандырылған касса терминалдарын сатып алмақ. Жаңа ғимарат мәселесі де қарастырылып отыр.
Жиынға қатысушылар бұл тұрғыдағы өз пікірлерін ортаға салды. Электр энергиясына тарифті көтерсе, бұл көптеген салаға да әсер етуі мүмкін, десті олар. Мәселен, азық-түлік қоса қымбаттап, тұрғындардың қалтасын қағуы мүмкін. Бірақ бұған «Шығысэнерготрейд» мекемесінің өкілі облыстағы электр қуатының тарифі еліміз бойынша ең төменгі бағада деп жауап қайырды. Кездесуге келгендер өзара ұсыныстар алмасып, ойларында жүрген сауалдарын қойды. Бұл мәселеде асықпау қажеттігін айтты.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button