Қоғам

Тариф тағайындау тәртібі өзгере ме?

Тариф тағайындау тәртібі өзгере ме?
Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақысы әділетсіз тағайындалады. Мұндай пікірді Еуропа даму және қайта құру банкінің өкілі тариф тағайындауға қатысты өткен мәжілісте айтты.
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері Өскеменге келіп, коммуналдық қызмет өкілдеріне коммуналдық тарифтерді тағайындау саясатында болуы мүмкін өзгерістер туралы ақпар берді. 2020 жылдан кейін бүкіл Қазақстан бойынша тариф тағайындау тәсілі өзгеруі мүмкін. Бүгінге дейін тариф қызмет көрсетуші компаниялардың шығынына сәйкес есептеліп келсе, келешекте ол коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ. Ал ондай тарифтің халықтың қалтасына қалай әсер ететіні әзірге жобаны ұсынушыларға да анық емес. Реформаны ұсынып отырған – Еуропа даму және қайта құру банкі. Қаржы алпауыты елдегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция салмақшы. Комитет төрағасының орынбасары Асан Дарбаев бұл инвестиция ұзақ мерзімге төмен пайызбен берілген несие түрінде келетінін айтады. Салынған инвестиция желге ұшпас үшін еуропалық банк елдегі тариф жүйесіне реформа енгізіп, коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялардың табысқа жұмыс істеуін қамтамасыз етпек. Бұл реформаның халыққа жағымды тұсы – көрсетілетін қызмет сапасына күн сайын мониторинг жүргізілетінінде. Егер жылу немесе энергия беру қызметі нашарлаған болса, компания айыппұл төлейді.
Жаңа тәсіл тарифті қазіргі мөлшерден көтеріп жіберген жағдайда әлеуметтің әлсіз топтарына қандай көмек болуы мүмкін? Еуропа даму және қайта құру банкі бұл сұраққа да жауап дайындап қойыпты. Банк өкілі Ирина Генцлер тариф реформасын енгізбес бұрын, тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау ісіне төңкеріс жасау керектігін айтады.
«2008-2015 жылдар аралығында Қазақстан бойынша коммуналдық тарифтердің қарқынды өсуі байқалған. Ең қызығы, осы өзгерістер барысында тұрғын үй жәрдемақысын алатындар саны азайып отырған. Қазір елдегі халықтың небәрі екі пайызы ғана аталмыш көмекті алады. Ал негізінде бұл көрсеткіш 7-10 пайыздың көлемінде болуы тиіс. Мұны біз қазақстандықтардың коммуналдық шығындарын есептей отырып анықтадық», – дейді банк өкілі.
Оның айтуынша, аталмыш жәрдемақыны алушылардың көбі – қаланың байырғы тұрғындары. Яғни, пәтерді меншігіне жекешелендіру арқылы алғандар. Ал несиеге үй алып, пәтер жалдап жүргендерге жәрдемақы тағайындау заңда қарастырылмаған. Ирина Генцлер заңнамаға өзгеріс енгізіп, тұрғын үй жәрдемақысын мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына да тағайындауды ұсынды.
«Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақысы өте қысқа мерзімге тағайындалады. Бірақ оны алушылардың әлеуметтік жағдайы сол қысқа мерзімде жақсарып кетіп жатқан жоқ. Демек, мерзім ұзаруы тиіс. Жәрдемақы мөлшерінің стандарты болуы керек. Қазір ол пәтердің аумағына қарай белгіленуде. Яғни, кейбір адамдар тар баспанада қысылып өмір сүргеніне қарамастан, тиесілі жәрдемақыдан да қағылуда», – дейді сарапшы.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов тариф тағайындау тәртібін реформаламас бұрын, әлсіз топтардың жағдайы ескерілетінін атады. Әзірге жаңа тәсіл әлі саралануда. Ал Қостанай және Қызылорда облыстарында жаңа тәсілмен тариф орнату жүйесі сынақтан өтіп жатқан көрінді. Оның нәтижесін білу үшін бес жыл күту қажет. Еуропалық банк өкілдері дәл осындай ілкімді жобаны Өскемендегі «УК ТЭЦ» және «Өскемен жылу желілері» компанияларына енгізуді ұсынып отыр. Әкімдік өкілдері бұл ұсыныс әлі зерделеуді талап ететінін айтты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button