Қоғам

Тариф бес жылға дейін өзгермейді

Тариф бес жылға дейін өзгермейді


Аудандық мәдениет үйінде Зайсан өңірінің аумағында өндірілген жергілікті көгілдір табиғи отынды игеріп, пайдаланудың бес жылдығына арналған алқалы жария тыңдау жиыны өткізілді. Оған «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Қайрат Оразбаев, аудан әкімі Темірбек Қасымжанов қатысты.

Зайсан ауданында жергілікті жерден өндірілген табиғи газдың кәдеге жарағанына биыл бесінші жыл. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шығыс Қазақстан өндірістік филиалы 2013 жылдың 31 шілдесінде құрылды. Осы мерзімнің ішінде өңірде газ саласы бойынша қыруар жұмыстар атқарылып, оның нәтижесін халық көріп келеді. Атап айтқанда, Зайсан қаласында мыңдаған тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелер, кәсіпкерлік нысандар қыс маусымында табиғи газбен жылытылып, жергілікті көгілдір отынның игілігін көруде. Тұтынушылар саны – 745 абонент, олардың 93-і заңды тұлғалар, 645-і жеке тұлғалар. Филиал иелігіндегі газ тарату құбырларының ұзындығы 53,9 километрге тең. Ал үстіміздегі жылғы жоспар бойынша Зайсан қаласын газдандыру жұмыстарын толық аяқтау межеленсе, өңірдегі тоғыз елдімекенді газбен қамту жұмыстары өз жалғасын табады. Облыс әкімі мен Зайсан ауданы әкімінің ұсынысы негізінде тариф мәселесінде баға тұрақтылығы сақталуда.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тариф құру және инвестициялық саясат жөніндегі департамент директоры Айнұр Отарова елді мекендерді газбен қамтуға байланысты еліміз бойынша бесжылдық жұмыстың қорытындысы және әр аймақта белгіленген баға туралы жан-жақты сарапталған есепті хабарлама жасады.

Ол жиынға қатысушылар үшін жағымды жаңалықты жеткізді. 2014 жылы 1000 шаршы метрге 1550 теңге болып белгіленген тарифтің бес жылға дейін, яғни, 2022 жылға дейін өзгермейтінін жеткізді. Жиынға қатысушылар тарапынан

Жұртшылықты Зайсан өңірінің аумағында өндіріліп жатқан табиғи газдың қоры қанша екені, өнімді тазалау жұмыстарын жүзеге асыратын станция қай жерде орналасқаны, үйге газ тарту үшін қандай құжаттар қажет екені, бұл жұмыстардың бағасының қанша болатыны, көпқабатты үйлерге газ қашан жүргізілетіні қызықтырды.

Ғалым Аллаярбекұлы Зайсан қаласындағы бес қабатты үйдің пәтерлеріне тұтынуға газ қосылмағанының нақты фактісін мысалға келтірді. Мұндағы кейбір пәтерлердің иелері ас үйдің жобасын өзгертіп, оны жатын бөлмелерге айналдырған. Сол себепті, пәтерлердің жобалық сметасы бұзылғандықтан, бес қабатты үйлердегі пәтерлер табиғи газға қосылмай отырғанын атап айтты. Сонымен бірге, Ғалым Аллаярбекұлы тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын арнайы мамандардың іске асырғаны жөн екеніне тоқталып, Алматы қаласында болған оқыс оқиғаны да мысалға келтірді:

– Қазақстан бойынша көшедегі газ құбырынан үйге дейін алып келуге жобалық құжат бойынша он бес метр құбыр 124 мың теңге белгіленген. Ал он бес метрден асқан жағдайда қосымша ақша төленетінін айтқым келеді. Осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында «газ мекемесіне қарағанда, біз арзан істейміз» деп КСК дәнекерлеушілері бір үйді алпыс мың теңгеге қосып берген. Екі-үш айдан кейін арзанға жүргізген сол құбыр жарылды. Бір отбасы зардап шекті, екі адам қаза болды. Сондықтан қауіпсіздік жағын бірінші кезекте ойлау керек. Үйге газ кіргізу жұмыстарын тек білікті мамандарға жасату қажет,- деді Ғалым Аллаярбекұлы.

Енді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШҚӨФ қызметкерлері жалпы сомасы 5,4 млн. теңге болатын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды бастайды. Бекітілген инвестициялық жоба Зайсан қаласының аумағында, дәлірек айтқанда, Жәнібек, Победа, Қасейінов, Спамбетов, Баитов, Айтықов, 2-Шартты, Головченко көшелерінің жекелеген бөліктерін газдандыруды көздейді. Мұнда ұзындығы 797 метр төмен қысымды газ құбырларын салу жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты – Зайсан қаласындағы газ тарату желілерінің апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оның өткізу мүмкіндігін арттыру, техногенді апаттардың туындау ықтималдығын барынша төмендету.

А.Дәулет
Зайсан ауданы

Осы айдарда

Back to top button