Тарбағатайға жаңа әкім тағайындалды
10 тамызда облыс әкімі Даниал Ахметов іссапармен Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында болды.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 14-бабына сәйкес, Президент әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Дархан Шомпайұлы Жөргекбаев Тарбағатай ауданының әкімі болып тағайындалды.
Бұл аудан үшін маңызы зор жаңалықтардың бірі болды. Ақжар ширек ғасырдан соң аудан орталығы мәртебесін қайтарып, жергілікті тұрғындар бір қуанса, енді, міне, жаңа басшы келіп екінші рет қуанды. Оның үстіне, басшылық тізгіні Тарбағатайдың төл тумасына бұйырып отыр.
Дархан Жөргекбаев 1979 жылы 18 ақпанда Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Қазақстан тарихы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар Алматы экономика және статистика академиясын «қаржы» мамандығы бойынша оқып бітірген.
2000-2003 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2003-2005 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық статистика басқармасында жетекші маман, бас маман болып қызмет істеген. 2005-2011 жылдары Тарбағатай аудандық статистика басқармасының басшысы қызметін атқарған.
2011 жылы Шығыс Қазақстан облысының статистиканы есепке алу орталығы директорының орынбасары, 2011-2015 жылдары Ұлан ауданының статистика басқармасының бастығы, 2015-2019 жылдары Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары болды. 2021 жылдан бастап күні бүгінге дейін Семей қаласы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етті.
Аудан активіне таныстыра келе, Даниал Кенжетайұлы жаңа әкімнің мемлекеттік қызметтегі өтілі мен тәжірибесі мол екенін атап өтті. Дархан Шомпайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру бағытына бар-күш жігерін салып жұмыс істейтіндігін айтты және өзіне артылған сенім үшін алғыс білдірді.
Облыс әкімі Даниал Ахметов аудан активімен кездесуден соң Тарбағатай ауданының №2 ауруханасын, М.Әуезов атындағы орта мектебін аралап көрді.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы