Тарбағатайдың тұғырлы тұлғасы
Қазақтың рухани қазынасының қайнар көзі ауылда екені жұртқа аян. Аядай ауылда жатып-ақ руханиятқа телегей теңіз үлес қосып кеткен жандар көп. Осындай ойлы тұлғалардың бірі – Шәйкен Нұразхановтың ғұмырнамасына арналған «Тарбағатайдың тұғырлы тұлғасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Өнегелі өмірдің өрнегі кестеленген кітапқа естелік, эссе, баспасөз, мұрағат материалдары және шежіре хатталған. Сондай-ақ кітапқа тұғырлы тұлға – Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ойға көсем, тілге шешен Шәйкен Ыбырайымұлы Нұразхановтың ғұмырнамасы мен қызмет жолы арқау болған. Автордың көзін көріп, сөзін естіп, қанаттаса ғұмыр кешкен тұстастарының естеліктері мен эсселері оның адами болмысын ашып көрсеткенін кітапты оқыған адамның бірден байқары анық. Міне, осындай шежірелі ғұмырбаяндық кітап оқырманға жол тартты.
Облыстық Пушкин атындағы кітапханада өткен рухани іс-шараға жазушы Кәдірбек Сегізбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, кітаптың таныстырылымын Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жазушы, республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, белгілі карикатурашы Еркін Нұразхан таныстырды.
– Адам ғұмырының жалғасы ұрпағы, одан кейін шығармашылығы. Сондықтан аядай ауылда өскен осындай тұлғалардың жазғанынан жұрттың шежіресін танып білуге болады. Бұл Еркін Нұразхановтың шығармашылығы бізге де, жалпақ жұртқа да белгілі. Ал бүгін ағасының ғұмырнамасына арналған кітаптың тұсаукесеріне куә болып отырмыз. Әр әулеттің ғұмыры осындай баянды болсын, – деді жазушы Кәдірбек Сегізбаев.
Рухани іс-шара барысында жылы-жылы естеліктер айтылып, жылдардың қойнауындағы сыр ақтарылды.
– Мен Шәйкен ағамызбен біраз уақыт бірге қызмет атқардым. Ол кісіден тәлім алып, өмірдің өрнегін үйрендік. Бұл өзі тұғырлы әулет. Ыбырайым ақсақалдың өмірбаяны туралы естеліктерді естіп өстік. Еркіннің шығармашылығы жұртқа таныс. Сондықтан бұл кітапты оқыған адам ол кісінің ғұмырнамасымен толықтай таныса алатынына мен сенемін, – деді ақсақал Сағымбек Ақанов.
Облыстық Пушкин атындағы кітапхана төрінде жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Іс-шараға арнайы келген қонақтар ескі жылдардың естелігін айтып, сыр ақтарды. Күмбірлі күй төгіліп, әуезді ән айтылды. Осылайша оқырман қоржыны бір кітаппен толықты.
Алтай Ғали-Асқар