ТОП

Тарбағатайдың қарбызы тіл үйіреді

Ерлан Бапанов

Ала жаздай алқапта тер төккен тарбағатайлық бағбандар аудан халқын өзімізде өсірілген қауын-қарбызбен қамтуда.

Мәселен, аудан орталығындағы «Нұр Ақсуат» базарында  сауда қызған. Жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбызға деген сұраныс та жоғары.

Мұнда Құмкөл ауылдық округіне қарасты «Бақыт», «Жарқын», «Ержан», «Тілеухан», «Мұхтар» шаруа қожалықтары қауын-қарбыз, қызанақ, қияр әкеліп саудалауда. Нәтижесінде қауын-қарбыздың бағасы айтарлықтай арзандап, Оңтүстік Қазақстан,  Алматы облыстарынан саудагерлердің келуі сап тыйылды.

– «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, дала шаруашылығында бел жазбай еңбек етіп келеміз. Он гектарға қауын-қарбыз, бес гектарға қызанақ еккенбіз. Күніне кемінде 200 дана қарбыз өткіземін. Қазан айына дейін базарға шығарамыз. Әрекетке – берекеті сай, өнім жаман емес, – дейді жергілікті бағбан Кеңес Бақыт.

Сонымен қатар Тайжүзген елді мекенінің шаруалары да Тұғыл, Ақжар ауылдық округтерін дәмі тіл үйіретін қауын-қарбызбен қамтуға өзіндік үлес қосуда. Бұл еңбекқор жандар жылыжайда көкөніс өсірудің қыр-сырын жақсы меңгерген. Биыл да жылдағыдай мол өнім алудан үмітті. Жылыжайдың басты артықшылығы – жауын-шашынның, күн райының қолайлы-қолайсыздығына тәуелділік жоқ. Көктемді, жердің қызған шағын күтіп жүрмейсің. Дала жағдайында жылына бір мәрте өнім алсаң, жылыжайда үш маусым өнім алуға мүмкіншілік бар дейді тайжүзгендік шаруалар.

Мәселен, осы елді мекенде тұратын Юсуп Жетібаев ақсақал да нәсібін жерден тауып отырған еңбекқор жан. Немерелерін де ерте жастан еңбекке баулып келеді екен. Он жылдың көлемінде қауын-қарбыз, көкөніс егіп, бес-алты жанұяны жұмыспен қамтып отырған тайжүзгендік Бақытбек Каменжановтың да саудасы қызып тұр. Тайжүзген елді мекенінің Омбы-Майқапшағай тас жолының бойында орналасуы да, отбасылық кәсібінің дөңгелеуіне айтарлықтай септігін тигізіп отырған көрінеді.

 

Тарбағатай ауданы.

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button