ТОПҰлттық рухани жаңғыру

ТАРБАҒАТАЙ ЖЕРІНДЕ – ДҮБІРЛІ ТОЙ!

Ауданымыз керегесін керіп, шаңырағын қайта көтерді. Бұл ақталған  үміт, ширек ғасыр жүрегіміз лүпілдеп асыға күткен біз үшін теңдесі жоқ оқиға!  Бұл айтулы күн Қаракерей Қабанбай бабамыздың 330  жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Бұл мерейлі күнді асыға күтумен бірге, оларды лайықты өткізуге бағытталған жұмыстар күн ілгері қолға алынып, тыңғылықты дайындық жүргізілді. Ақылдастар алқасы жұртшылықпен күнделікті қоян-қолтық жұмыс істеп, ұйымдастыру іс-шараларын аудан жұртшылығы және бүгінде еліміздің әр аймақтарында қоныс теуіп, қызмет етіп жүрген  Тарбағатай тумалары өз қолдарына алды. Ел қорғаны ер Қабанбай бабамыздың мүшелді мерекесін өткізуге облыс басшылығының арнайы тапсырмасымен мәдениет, спорт басқармалары да белсене кіріспек.

Біз саралап, бүгінімізді таразылап, ертеңге көз жібере отырып, аудан тарихында тағы бір аса маңызды қадам жасамақпыз. Біз бүгінгі өркениеттің талабына сай жаңа өмір тұрпатын жасауға тиіспіз. Бұл жолда, ашығын айту керек, қордаланып қалған қиындықтар да аз емес. Сонымен бірге, халық сонау  жылдардан бері қарап отырған жоқ, мүмкіндіктері мен әлеуеті де жеткілікті.

Біздің дәрігерлер Израиль, Литва сияқты елдердің клиникаларында тәжірибеден өтіп, күрделі хирургиялық операциялар жасауға қол жеткізді. Емхана, ауруханалар заманауи құралдармен жабдықтала бастады, бұл жұмыс жоспарлы түрде жалғастырылмақ. Елді мекендерге шапшаңдығы жоғары интернет желілерін жеткізу, Зайсан көлі арқылы су жолы тасымалын іске асыру, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылары мен жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандығы бойынша ауылға келген жастарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету – басымдылыққа ие. Осы және басқа да келелі мәселелер облыс басшылығының назарында.

 Соңғы ғасырда отызға жуық ғылым докторлары мен елуден астам ғылым кандидаттары шыққан Тарбағатайдың  мәдени өсу- өркендеуі мен рухани деңгейі жоғары. Баба тойы қарсаңында ауданның барлық елді мекендеріндегі мәдениет пен кітапхана саласы ауқымды дайындық үстінде. Дарабоз бабамыздың халықтық мерекесі тұсында жергілікті мемлекеттік органдар мен Ақжар мәдениет үйінің қызметкерлері мәдени көпшілік іс-шараларының мазмұнын жаңартып, көптің көңілінен шығатын жұмыстарға тың серпіліс беруде.

Жақында ғана Италияда жасөспірімдер арасында өткен еркін күрес бәсекесінен әлем чемпионы болып, алтын медальмен оралған Дарын Әскербекті елі-жұрты қарсы алған салтанатта халық қошеметі ерекше сезілді. Ұлттық салт-дәстүр салтанатымен қанаттанған ағайынның ән мен жырдан шашу шашқан  құрметі мен қуанышы ерекше болды.

Бұл құлшыныстардың бастауында бабалар өнегесі мен өсиетіне адалдық сезімі тұр.  Дәулетбай батырдың туғанына 310 жыл толуына орай ауданның іскер азаматтары Самат Тыштыбаев, Нұрлан Шоманов, Сақан Әкелеев, Шәріпхан Халықовтың бастамасымен  баба рухына арналған ескерткіш «Туған жерге  – тағзым» халықтық қозғалысына жол ашты. «Ұлы дала ұрпақтары» демалыс орны Қараша баба ұрпақтарының қолдауымен ашылды.

Тарбағатай жұртының бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі Құйған ауылындағы  Сайболат, Қабанбай, Жаңатілеу ауылдарындағы Тәуке, Жаңаауылдағы Бұрымбет бабаларға арналған халықтық іс-шаралармен жалғасты. Жетіарал ауылдық мәдениет үйі ұжымы ауылға кіреберіс қақпа алаңындағы демалыс орнын іске қосты. Туған ауылымызда кәсіпкер Ерлан Смағұловтың бастамасымен салынып жатқан «Болат саябағы» да атамекенге,  бабалар рухына  тағзым бастамаларының жалғасы болып отыр. Өткен шілде айында ғана аудан орталығындағы Қалым Құнапиянов, Әбілқас Қабдешов атындағы көшелерде спорттық ойын-сауық құралдарымен жабдықталған балаларға арналған алаң құрылыстарының пайдалануға берілуі көпшіліктің қуанышына айналды.

Республикалық «Рухани қазына» фестивалінде  Ақжар ауылдық кітапхана ұжымы облыс бойынша бірінші орынды еншілеп, Мәдениет министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Кітапхана меңгерушісі Мария Дүйсекеноваға Президент  Касым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты тапсырылды.

Өмір мен тіршіліктің ең басты қозғаушы күші – білім мен еңбек. Осы тұрғыда әртүрлі келелі жобаларға белсене араласып жүрген Қ.Нәбиев, Қ.Қожахметов, Б.Құнапиянов басқарған құрылыс мекемелері жүзеге асырып жатқан шаруа шаш етектен. Ендігі жерде олардың жұмыс ауқымы еселеп арта түсері сөзсіз.

Шыңдары биік, бөктері гүлді, сулары тұнық, ауасы жұпар Тарбағатай жерінің о шеті мен бұ шеті – жайқалған егін, мыңғырған мал. Өзен-көлі – тулаған балық. Жерінің асты –қазына. Осы ен байлықты өндіріп, өңдеп, халықтың игілігіне асыру – ең басты міндет. Ол міндет біздің бәрімізге жүктеліп отыр. Бұл бізге аманат! Оны бізге кешегі өткен бабалар жүктеген. Ол аманатты Ер Қабанбай, Ер Дәулетбай және олардың қарулас, тағдырлас серіктері, одан бергі аузы дуалы, сөзі киелі, ісі жүйелі алты алашқа аты жеткен айбынды аталарымыз жеткізген. Біз тізгінімізді өз қолымызға алдық. Осыдан былай көшіміздің қалай қарай бет алып, қалай жүрері өзімізге сын.

Алмас қылыш, алтын сап

Бұл шағын эссені мереке қарсаңында біздің сұрауымызбен белгілі қаламгер Шәкерхан Әзмұхамбетов жазған еді. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тарихи деректерге қарағанда біздің аталарымыз, Бәйжігіт баба ұрпақтары бүгінгі қоныстары – Тарбағатай өңіріне XVIII ғасырдың 40 жылдарында келе бастағанға ұқсайды. Мұны орыс тарихшыларының жазбалары да бекітеді. Аталарымыз өмір сүрген уақыт хронологиясы да осыған сәйкес. Осыны негізге алатын болсақ, Бәйжігіттен тарайтын мәмбет, жұмық, тоғас рулары көкорайлы Барқытбелдің жоны мен бөктерін, күңгейі мен теріскейін  үш жүз жылға жуық бауырына басып отыр деуге болады.

Бастап келген Қабанбай мен Дәулетбай батырлар. Бұл келіс Сауыр тауынан Алакөлге, Көкпекті жазығынан Майлы-Жайырға дейін көсіліп жатқан ұлан-ғайыр кеңістікте жан беріп, жан алысқан кескілескен ұрыстар нәтижесінде мүмкін болса керек. Сөйтіп, алмас қылыш, алтын сап аталарымыз қазақтың ежелден атақоныс мекені – осы өлкені жоңғар-қалмақ жұртынан қайтарып, желбіретіп туын тіккен. Бұл жөнінде сол заманның өзінде, сол қан майдан ұрыстарды көзімен көрген, немесе солардың ізін ала дүниеге келген данагөй бабалар шығарып, ел аузында сақталған, кейін жиналып-теріліп, баспа көрген дастан-жырлар тәптіштей баяндайды. Біз ол жырлардан семсердің шыңылын, жебенің зуылын естиміз. Еңіреген ерлердің ел, жер, ата-жұрт алтын мекенім деп елжіреген жүрегінің лүпілін сеземіз.

Одан кейін уақыт өткен. Ел жаңарған. Заман өзгерген. Жаңа заман, жаңа уақыт ендігі ұрпақтың алдына жаңа талап қойып, жаңа міндеттер жүктеген. Мұнда да біздің аталарымыз бүкіл қазақ елінің тағдырына жазылып, талайына жүктелген мақсат, мүдде,міндеттерді көппен бірге қайыспай көтерісе білгенін көреміз. Олар ел көрген, жер шалған. Жатпен жұғысқан. Жақынмен ұғысқан. Өздерінің де алыс пен жақынға аты жеткен. Атақты Кеңгірбай би: «Үш жүздің игі жақсыларымен тегіс аралас-құралас бола жүріп, дәл мына Бөжейдей тектіні көре алмадым. Құдай бірімізге ұл, бірімізге қыз берсе, Бөжеймен құда болар едім», депті деген сөз қалыпты. Құдай тілегін беріп, уақыты келгенде ұлы Ералыға Бөжейдің қызын әперіп, одан «Абай жолы» романында айтылатын, Құнанбаймен шендесіп, иық тірестірген Бөжей дүниеге келіпті. Ал үш жүзге аты мәлім Кеңгірбайды тәнті еткен Бөжей кім десеңіз, ол – Бәйжігіт ішінде жұмық, тәуке, өзіміздің Бөжей.

Қанша заман қара қазақтың қолынан төренің бірі жазым болса, оған төрт, не жеті адамның құнын кесетін бұлжымайтын тәртіп болған. Баспадан шығып, жарық көрген бірер шежіреде тоғас Сасан би мен жұмық Ұлтарақ би мұны әуелі екі адамның құнына түсіріп, одан кейін төре мен қараның құнын, «бірге – бір», теңестірген деген пікір кездеседі. Бұл жөнінде осы күнгі зерттеуші Асқар Иген бұл реформаның Көгедай төренің қазасына байланысты құндауында жасалғанын нақты фактілермен дәлелдейді. Бұл құндауы найман қаракерей ішінде барлық руды уысында ұстап отырған, Әбілмәмбет, Әбілпейіз ұрпақтарының, Көгедайдың етжақын туыстарының қатысуымен, солардың көз алдында өткенін еске алсақ, мұны қазақ баласының хұқық мәселесінде қол жеткізген тарихи ұлы жеңісі деу керек. Ал осындағы Ұлтарақ би әлгідегі Кеңгірбай биді тәнті еткен Бөжейдің ата жолын қуған бел баласы. Ұлтарақтан – аты аңыз болған Құт Шаянбай. Одан – топ жарып балуанға да түскен, ел билеп ауызға да ілінген, Шорға бойында халыққа жер емшегін емдіріп, егін салдырып, алыс пен жақынға азық берген Әбділдәбек. Ұлтарақ, Шаянбайдың басқа да аты мәлім ұрпақтары және бар. Әрқайсысының өмірі аңызға толы.

Көгедайдың қазасы, оған қатысты құндауы 1820 жылдардың басында болса керек. Соның ізін ала, сол 20- жылдардың соңына таман әлгі аталған аталарымыз жұмық табын жарты ғасыр билеп, өз билігіндегі халқын қынадай қырған Қамбар төрені тақтан тайдырып, өз жұртының билігін өз қолдарына алыпты. Бұл жөнінде де  дерек көп. Мұрын Кәрібай ақынмен айтысында сөз арасында арғын Әсет ақын да еске алады.

Тағы бір сөз сайболат Құрбанқажы туралы. Бұл кісінің дін-исләм, имандылық жолында жасаған шаруалары көпшілікке мәлім. Қартайған шағында ұлы Қыдырмолламен бірге осы өңірдегі алғашқылардың бірі болып мектеп ашып, оған Сұлтанмахмұт Торайғыровты шақыртып, ақын онда сабақ бергенін білеміз.  Бұл алаш арыстары бүкіл қазақты оқу-білімге шақырып, қазақ елі дүр сілкінген кез. Ал Құрбанқажы осыдан жарты ғасыр бұрын қол бастап, найманның соңғы батыры атанғанын біреу білсе, біреу білмеуі әбден мүмкін.

Оның мәнісі: 1860 жылдар ішіндеТарбағатайдың қытайға қараған аймағында жергілікті халықтар қытайдың цин империясының зорлық-зомбылығына қарсы қарулы көтеріліске шығады. Тарихта бұл дүнген көтерілісі немесе бәйжігіт көтерілісі деген атпен қалыпты. Осы ұрыста қазақ, дүнген қолдары көтерілісті басуға іштен келген қытай әскерін Үрімшінің іргесіндегі Құтыби-Манас өңіріне дейін түре қуып тастапты. Осы жеңісті шайқаста қазақ-дүнгеннің біріккен қолына қолбасшы болған Қаракерей Қабанбайдың ұрпағы Әділбек пен сайболат Құрбанқажы делінеді. Бұл оқиға орыс тарихшыларының қаламына ілінген.

Ал саты ішінде бұрымбет Жүндінің Бұтабайы Ресей патшасына он сегіз қанат алтындаған ақ орда сыйға тартып, Петерборға жеткізіп тіккізіп беріпті деген сөз бар. Сол үшін ақ патшаның қолынан Зайсан үйезінің аға сұлтаны деген лауазым алыпты делінеді. Өзі де Петербор барып, ақ патшаның алдын көрсе керек. Бұл жөнінде құжатты дерек жоқ. Бірақ түрлі-түрлі пікір қайшыласады. Жалғыз-ақ, Әрімжан ақынның «Жәжең жырында»: «Патшадан шен алып, Амандаса барыпты» деген жолдар бар. Бұл жыр Бүтекең дүниеден өткен соң баржоғы отыз жыл өткен соң туған. Бұл кезде Бүтекеңнің көзін көріп, өкшесін басқандардың көбінің көзі тірі. Олардың көз алдында жалған немесе неғайбыл сөз айтылмаса керек.

Осы жырда: «Елімді сен шаптың деп, Еженнен құн алыпты» деген сөз кездеседі. Ежен деген кім дегенге нақты жауап жоқ. Бірақ қытай билігінің бір көз жетпес биігінде отырған лауазым иесі екені даусыз. Қалай десек те, Бүтекең жұртының жоғын жоқтап онымен де шендескені және осы жолда жеңіске жеткені күмәнсіз айтылып тұр.

Бүтекеңнің өзі, туыс-туғандары, бала-шағасы өнерден де құралақан болмапты. Ол кісінің ордасында қоңыр домбырыдан күмбірлеп күй де төгілген. Оған сызылып сыбызғы да үн қосқан. Осыдан жарты ғасыр бұрын бізге тосын жаңалық болып көрінген үш ішекті домбыра Бүтекең ауылында арғы-бергі замандардың зары мен назын кезек айтып, тебірене сөйлеп тұрған. Біз мұның шет жағасын үлкендерден еміс-еміс еститінбіз. Ал барлық жай-жапсарын Асқар Иген өзінің «Сорап» атты кітабында айтып берді.

Әңгіме ойысып мәдени мұраларымызға келген соң Дәулетбай Шыңанұлы Жанұзақты қалай айтпай кетесің? Оның иран-парсы аңыздарының негізінде шығарған, қырық хисса, жыр-дастаннан құралған «Бақтиярдың қырық бұтағы» жинағы қазақ фольклорының інжу-маржаны емес деп кім айта алады? Оның ұлы, жұмықтың бұлбұлы атанған, әкенің жолын қуып, мұрасын жалғастырған Әрімжан туралы әңгіме өз алдына. Жеріне жеткізіп айта алатын кісі болса. Өз заманының тізгін ұстап, ел бастар жақсылары туралы «алмас қылыш, алтын сап» деген сөзді айтқан адам осы Әрімжан Жанұзақ ұлы. Ой жіберіп көрсеңіз жоғарыда айтылған адамдардың қай-қайсысы болса да осы метафораға лайық емес деп кім айта алады?!

Әзірлеген – Сағынбек Ақанов,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button