ЖаңалықтарТОП

Тарбағатайлық өнерпаздар Өскемен төрін әнге бөледі

Өскемен қаласындағы “Достық үйінде” Тарбағатай ауданының өнерпаздары өнер көрсетті.

Концерт «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясындағы Тарбағатай ауданының мәдени күніне арналған қорытынды шара, деп хабарлайды Didar ақпарат.

“Достық үйінде” “Тарбағатай таңғажайыптары” атты сурет көрмесі мен шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Келушілер аудандық Балалар өнер мектебінде қызмет атқаратын суретші-ұстаздардың қаламынан шыққан туындыларды тамашалап, сол жерде сурет салу процесіне қанық болды.

— Бұл суреттердің басым бөлігінде Тарбағатай ауданының көрікті жерлері бейнеленген. Біздің өнер мектебінде 12 мұғалім қызмет атқарады, барлығы –бейнелеу өнерінің мамандары, өз ісінің шеберлері. Мектепте 200 шақты оқушы болса, сол оқушыларды бейнелеу өнері, сәндік қолданбалы өнерге баулып, жетістікке жетіп жатырмыз. Ұстаздарымыз пленэрге шығып тұрады. 30-дан астам туындының басым бөлігінде Тарбағатайдың көрікті жерлері, халықтың тыныс-тіршілігі бейнеленген. Көрмеге 4 ұстаздың туындысы қойылды. Ұстаздар түрлі техниканы қолданады, — деп түсіндірді Тарбағатай өнер мектебінің директоры Әлібек Шоқанов.

Көрмеге қойылған суреттердің тақырыбы сан алуан. Бірінде құсын қолына қондырған құсбегі бейнеленсе, бірінде қысқы кеш демін ішіне тартып, тылсымына елітеді. Бір суретте Сәбира Мұхамеджанованың асқақ тұлғасы бейнеленсе, біреуінде бетін ызғар қарыған жеткіншек сұрақ толы жанармен әлдебір тұсқа көз тастап тұр. Ал өзге бірінде тарбағатайлықтардың негізгі кәсібінің бірі — балық шаруашылығы суреттеліпті.

— Есімді білгелі сурет салып келемін. Оқуымды бітіргелі бері кескіндемемен айналысып жүрмін. Жеке және өзге де көрмелерге, пленэрлерге қатысып тұрамыз. Әкем суретші, атам ұста. Өнер әулетімізде ұрпақтан ұрпаққа берілген. Сурет салу үшін алдымен нобайын сызып, кенепті дайындап, кенеп бетіне түсіреміз. Салынған сурет ойдағыдай болмаса ойланып, тағы өзгертеміз. Түрлі уақыт аралығында салынады. Суретті түрлі тақырыпта, майлы бяумен саламын. Негізі, өз суреттерімді сатамын. Ұнағаны болса, алып қалатын кездер болады, — дейді кескіндемеші Еркебұлан Жакишев.

Көрерменнің көңілін аулаған көрме гала-концертке ұласты.

— Өнерпаздар таңертеңгі жәрмеңкеде шағын концерт өткізіп, Арбат алаңында “Барқытбел” этно-ансамблі келушілермен бірге домбыра тартып, күй сайыс ұйымдастырды. Ал “Ақжар” ұлт-аспаптар оркестрі “Тұғырлы Тарбағатай” концертінің шымылдығын түрді. Оның ішінде Алтай-Тарбағатай күй мектебінің туындыларын, Байжігіттің күйлерін, Кенжебай Алдекеновтің “Жаңа ғасыр” күйін, “Дала сарыны” композициясын бағдарламаға қостық. Латиф Хамидидің “Қызжібектің арьясы” дәстүріне негізделген қойылыммен шараны бастадық. Концертке 70-ке жуық өнерпаз қатысып жатыр. Бұл жоба — аудан өнерпаздарын бәсекеге қабілеттілікке тәрбиелейтін, өсуге ұмтылдыратын шара. Бұл аудан мен қала тұрғындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бұл ауылды дамыту бағдарламасының айқын көрінісі, – дейді Ақжар мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева.

Қаршадай сәбиден қарияға дейін жиналған залда ине шаншар орын жоқ. Өскемен төрінде әуезді ән әуелеп, күй тербеген кеш бір сағаттан астам уақытқа созылды.

— Тарбағатайлықтардың концертіне келгенде қазақилық сеземін. Өзім — Тарбағатайдың тумасымын. Әр нөмірінде қазақи бояу басым. Бұл шаралардың жастарға берері мол. Олар осы шараларды көріп, көп дүние алады. Жаңа сахнаға қарағанда жастар да көп келгенін байқадым. Үйренсін, көрсін деп 6 жасар немеремді ертіп келдім. Бұның артында қазақ тілі мен болмысы жатыр. Ол соны көріп өссе деймін, — дейді қала тұрғыны Асқар Сәбиев.

Осы айдарда

Back to top button