Тарбағатайдың етін таласып алды

Облыс орталығында дәстүрлі күзгі жәрмеңкелер маусымы басталды. Сенбі күні Өскемендегі «Фреш Маркет» сауда орталығының аумағында өткен Тарбағатай ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесінде өндірушілер өз тауарларын делдалсыз тікелей сата алды.
– Тарбағатайда ежелден мал шаруашылығы жақсы дамыған, сондықтан сөрелерде сапалы әрі арзан ет молынан ұсынылып отыр. Сондай-ақ ауылдағы ағайын сатуға сүт, балық, бал өнімдерін, түрлі көкөніс пен ұлттық тағамдарды әкеліпті, – деді сауда барысын аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов.
Кезекті жәрмеңкені асыға күтетін қалалықтардың қарасы осы жолы да көп болды.
– Көріп тұрғандарыңыздай, халық өте көп, жәрмеңке қызу өтуде. Әсіресе ет өніміне басымдық бердік. Атап айтсақ, 1,5 тонна жылқы, 2,5 тонна ірі қара, 1 тонна қой етін әкелдік. Аудан Зайсан көлі жағасында тұрғандықтан 1 тоннаға жуық балық өнімі де бар. Азық-түлік қала тұрғындары мен қонақтарына нарықтық бағадан 15-20 пайыз арзанға сатылып жатыр, – деді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.
Атап өтерлігі, ауданның кешенді даму жоспары әзірленіп, барлық іс-шараларға 7,2 миллиард теңге қарастырылған болатын. Сол жұмыстардың сапалы әрі нақты орындалуын облыс әкімі аудан басшылығына тағы бір мәрте тапсырып, атқарылу барысын жеке бақылауында ұстайтынын ескертті.
Күзгі жәрмеңке алаңында дәстүр бойынша аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты. Яғни, бұл жәрмеңкелер өнімдерді төмен бағамен сатып алуға ғана емес, сонымен қатар Шығыстағы аудандардың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Жалпы, облыс орталығында аудандардың демалыс күнгі жәрмеңкелерін өткізу әлеуметтік тауарлардың бағасын ұстап тұруға және халықты қолжетімді бағадағы сапалы азық-түлікпен қамтуға оң әсерін тигізуде.
Жыл басынан бері облыстың аудан-қалаларында 2,2 миллиард теңгенің азық-түлік өнімі саудаланған 517 жәрмеңке ұйымдастырылды.
Ержан Кеңесұлы