Ұлы даланың жеті қыры

Тарбағатайдағы Тасбақа

Берікхан Тайжігіт

  Шығыстың табиғатын ауызға алсақ, Тарбағатай таулары бірден көз алдымызға келеді. Тарбағатай тауларының қойнауындағы табиғаттың өзі сомдаған мына тасбақаға жаз шыға келушілердің қарасы басым болады.  Ағылған жұрттың ең алдымен барып, тамсанар жерінің бірі – Тасбақа мүсіні.

Таскескен-Бақты күре жолынан Тарбағатай тауының қойнауына қарай 3-4  шақырым жерге орналасқан табиғаттың тамаша құбылысы – мүсін-тас Барқытбелдің қойнауына орналасқан. Мыңдаған жылдан бері өз құпиясын бүгіп жатқан тау қойнауы мұндай жұмбақ мүсіндер мен таңбалы тастарға өте бай. 2000 жылдардың басында аталмыш өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырылғаннан бері жиырма жылдан асып кетті.  Кеңес одағы тұсында шекаралық аймақ болғандықтан көп сыры ашылмай құпия күйінде қалған Тарбағатайдың таңбалы тастарына зерттеу жүргізетін уақыт келді.   Ал «Тасбақа» – тау аралаған саяхатшыларды өзіне шақыратын бірден-бір саяхат алаңы. Солтүстік-шығыс жақтан қарағанда баяу жүріп бара жатқан тасбақа бейнесі жаратушының шебер қолынан шыққандай. Бір қызығы, батыс жақтан көз салсаңыз, тасбақаның артқы жағы кимешек киген кейуанадан аумайды. Тіпті, мұң торлаған көзіне дейін анық бедерленген. Әлдекімді сарыла күтетіндей оңтүстік жаққа сүзіле қарайды. Осы жерден дәл шығысқа қарай жалпақ тастың үстіне екі ортасы жарты метрдей параллель екі сызық сызылған. Ұзындығы 6-7 метрдей болады. Бірден-ақ көзге ұрып тұр: тастың жарығы емес, өйткені сызықтың тереңдігі бір сантиметрдей. Ортасында көлденең тартылған бір жақ мұрты жоқ жебе секілді солтүстікті нұсқап тұрған бағдар-сызық. Әр жерде кәдімгі ат тұяғының іздері. Тіпті, ат ізінің ортасындағы жүрекше тәрізді бедер де анық түскен. Оның да тереңдігі 3-4 сантиметрдей. Құдды, саз балшық үстінен аяғы анда бір, мұнда бір тиіп,  қанатты тұлпар тапырлата шауып өткендей.

Әсілі, Тарбағатай тауының қойнауында мұндай «Тасбақа» тәрізді мүсіндер мен таудың таңбалы тастары жетерлік. Туған жердің осындай жұмбақ тастары мен құпияларын жас өркенге аралатып, таныстыру бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Сондықтан бұл жерлерге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, саяхат алаңына айналса деген арман бар.

 

Back to top button