ҚоғамТОП

Тарбағатайда кеме порты салына ма?

Күршімдіктер жазда метеорға отыра салып, Ертістің бойымен жүзіп Құйған айлағына жететін. Көп жолаушы одан әрі кемемен Тарбағатайға, Тұғылға қарай кететін. Өскеменнен Семей арқылы Павлодарға, Ресейдің Омбы қаласына да «Ракета» кемелері көк айдынды қақ жара қатынап жатты. Айлаққа дейін кемемен келгендерін айтып жатқан үлкендерге аузымызды аша қарап, «Қашан  біз де метеормен қалаға оқуға кетіп бара жатар екенбіз» деуші едік. Сөйтіп жүргенде заман өзгеріп, нарық келіп, ақ кемеге отыру арман болып қала берді…  

Жолаушы тасымалын қайтадан ашуға бола ма?

Қазір трансшекаралық Ертіс өзенімен облыста тек жүк тасымалдануда. Оның өзі мардымсыз. Былтыр өзен көлігімен жеткізілген облыс ішіндегі жүк тасымалының көлемі 159, 7 мың тонна болған.

Көлік министрлігінің облыстағы көліктік бақылау инспекциясы ұсынған мәліметке сәйкес, облыста кеме қатынайтын су жолдарының ұзындығы  677  шақырымға жетеді. Былтыр өңірде 152 өзен кемесі  тіркелген. Соның 86-сы жұмыс істеп тұр. Кемелердің пайдаланылып келе жатқанына шамамен 30-40 жылдан астам уақыт өткен. Көбі өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары шығарылған. Су көліктері «Қазақстан су жолдары» республикалық мекемесі мен «БелАлекс» ЖШС-де (өзен трамвайлары) ғана ішінара жаңартылып келе жатқан көрінеді.

Осы салада бұрыннан істеп келе жатқан тәжірибелі мамандардың айтуынша, кезінде облыста қаншама су көлігі болған, қазір бәрінен түк қалмаған. Қолда қалғанын жөндей қоятындай кеме жөндеу, құрастыру зауыттары да жоқ. Бұрын облыста екі бірдей кеме жөндейтін кәсіпорын су көліктеріне қызмет көрсеткен.

Аймақта жүк тасымалына қызмет көрсетіп тұрған 15 су көлігі нысаны: бір өзен порты, жеті айлақ, жеті кемежай бар.

Өңірде өзен көлігімен жүк, жолаушы тасымалын дамытудың болашағы қандай? Келешекте Ертіс өзенімен жүк тасымалын арттырып, жолаушы тасымалын ашуға, қайтадан қалпына келтіруге жағдай бар ма?

Жазбаша жолданған бұл сауалдарға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары  А.Рахымбаева: «Бүгінгі таңда облыстың порт құрылыстары жекеменшікте, бұрынғы өзен вокзалдары меншік иелерімен қайта бейінделген. Қазір нормативтік-құқықтық актілерде осы қызмет түрі бойынша қызмет көрсетуге қатысты кеме иелері мен жергілікті атқарушы орган арасындағы өзара қарым-қатынас регламенттелмеген» деген қысқа жауап қайтарды.

Мемлекетіміз Ертістің транзиттік жүк тасымалындағы тиімділігін арттыруды қолға алып жатқан тұста бір кездердегідей жолаушы тасымалында да су көліктері қатынасын ұйымдастырсақ, ұтылмаспыз. Ежелгі су – Ертістің бойын ен жайлаған елміз.  Әке-шешелеріміздің, ауылдағы үлкен кісілердің әңгімесінен соғысқа кеткен әкелерінің, ағаларының Ертіс жағасынан пароходқа мініп, майданға қалай аттанғанын, бертін Ертістің үсті ары-бері жүк тасыған, жолаушы тасыған кемелерге, баржаларға толы, тоғыз жолдың торабындай болғанын талай естідік.

Судағы серуен – туризмнің бір түрі

Өзен көлігімен жолаушы тасымалдауға басқарма, басқалар бас қатырмағанымен облыстың кәсіпкерлері бастама көтеріп, былтырдан бері осы істі қолға алсақ деп тырысып жатқан жайы бар.

Осыдан тура бір жыл бұрын, былтырғы қаңтарда өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен алқалы жиында Өскемендегі «БелАлекс» ЖШС иелері Өскемен-Қатонқарағай круиздік кеме маршруттарын ашу жобасын жүзеге асыруға кіріскелі отырғандықтарын жалпыға жария еткен болатын. Судағы сейіл-серуен – туризм үшін таңдаулы жоба, оның бір басты саласы. Бұл жоспар тезірек жүзеге асса Төр Алтай деп тамсанғандар, шетелден, Қазақстанның тұс-тұсынан келгендер Оралхан сөзбен өрнектеп кеткен Катонқарағайдың сұлу табиғатын көруге Бұқтырманың бойын тамашалай, ел көріп, жер көріп теплоходпен баратын еді.

«БелАлекс» ЖШС директоры Ксения Белованың айтуынша, шағын кәсіпорында қазір бес су көлігі бар. Ойға алған жоспарды орындап, діттеген мақсаттарына жету үшін теплоход сатып алып, Бұқтырма су қоймасының Үлкен Нарын ауылы тұсынан айлақ салу қажет екен. Кәсіпорын иелері теплоход сатып  алу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік немесе лизинг, гранттық қаржыландыру секілді қаржыландыру құралдары керек дейді.

Айлақ салатын, теплоход алатын ақша жоқ болып, осылайша, Катонқарағайға круиздік кеме маршрутын ашу туралы былтыр кәсіпкерлер палатасында айтылған әңгіме сол күйінде қалыпты. Әзірше, Катонқарағай жаққа теплоход жүрмейтін болды.

Катонқарағайға турист тасымалдаудың мүмкіндігі болмағанымен, «БелАлекс» ЖШС алдағы жазда демалушыларды кемемен Зайсан көліне саяхат жасатуға ниеттеніп отыр.

– 2023 жылы «Гарбар» шағын круиздік теплоходын айдынға шығардық. Алдағы уақытта «Аблакетка» айлағынан Зайсан көлі шеңбері бағытында туристік маршрут ашуды ойластырып отырмыз. Кемеде 20 жатын орын бар. Демалушылар үшін каютада барлық жағдай жасалған, төсек жаймалары, үш мезгіл тамақ беріледі, шезлонгтар, демалысқа қажетті басқа да құрал-жабдықтар бар, – дейді серіктестік басшысы Ксения Белова таяу арада туризмге қатысты тағы да бір жағымды жаңалықты жеткізетінін қоса айтып.

Өскеменнен Зайсанға қарай саяхаттайтын маршрутты кеме шықса туристер, демалушылар Бұқтырманың бойымен қыдырып,   серуендей жүріп, Күршім жаққа, Зайсан көліне, Шекелмеске, Қиын керішке, Тұғылға дейін сумен саяхаттап бара алады. Романтика!

Өзен трамвайлары «Этноауылға» апарады

2020 жылдан бастап шағын теплоход – өзен трамвайларымен өскемендіктерге суда серуен ұйымдастырып жүрген «БелАлекс» ЖШС қазіргі «Өзен вокзалы» айлағы – «Самал» демалыс бағы бағытындағы маршрутпен қатар биылдан бастап «Өзен вокзалы» – «Этноауыл» сол жағалау кешені бағытында жаңа маршрут ашады. Экотуризмнің, этнотуризмнің нысандарын көріп, тамашалайтын демалушылар этнобаққа өзен трамвайымен 15 минутта барады. Қазір қала әкімдігі этнобаққа бұрылатын тұстағы өзен сағасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, қала әкімдігімен бірге өзен трамвайларына арнап: Даңқ мемориалы, «Земснаряд», сол жағалаудағы «Шоқ қайың» тағы да басқа мәдени-көпшілік орындарға қосымша аялдамалар ашу қарастырылып жатыр.

Судағы туризм тұрғындарға, басқа жақтан келетін туристерге  баламасы жоқ саяхат, демалыс түрі болып келе жатыр. «БелАлекстің» бұл саладағы тәжірибесі мол. Кәсіпкердің айтқанындай, бір маусымда қызметін 40 мыңнан астам демалушы пайдалануда. Өскемендегі «БелАлекстің» кемелерімен саяхттап, «өзен трамвайларына» отыруға «Орел и решка» бағдарламасының түсірілім тобы, көптеген әнші, блогерлер де келген.

Қытай, Қазақстан, Ресей аумағынан өтіп, Солтүстік мұзды мұхитқа құятын Ертістей айдыны бар шығыста өзен көлігі тасымалын, судағы туризмді жандандыруға және дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Өзен көлігімен жолаушы тасымалын жолға қойып, судағы туризмді өркендетуге бағытталып отырған өскемендік кәсіпкердің жобалары жаңа жұмыс орындарын құруға, жағалауда бизнестің дамуына, тұтастай алғанда өңірдің туристік саладағы әлеуетін ашуға  айтарлықтай  көмектесері сөзсіз.

Тарбағатайдағы Тұғыл ауылында порт салынбақ

Екі жағында екі бірдей алып мемлекет жатқан Қазақстан ежелгі сауда керуенінің жолын жаңартып, алыс-берісті жерде де, көкте де, суда да тиімді жүргізуді көздеп, Ертістей ежелгі өзендеріміздің транзиттік әлеуетін бағамдай бастады. Жаһандық жүк айналымының 60%-дан астамы және сауданың 80%-ы су көлігіне тиесілі екен. Сондықтан елімізде су көлігіне деген сұраныс жоғары. Біздің ел әлемдік мұхитқа тікелей шыға алмайтындықтан су көлігінің барлық түрін дамытуға мүдделі.

Өзге елмен тең тұрып, тауар мен өнімді өткізіп, әлемдік нарықпен байланысты арттыру мақсатында Қазақстанда су көлігі тасымалы саласын жеделдете дамыту басты бағдар етіп алынып отыр.  Еліміздің су көлігі тасымалын дамыту жобаларының ішінде Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында кеме портын салу жобасы да бар.

– Ертіс  өзенінің транзиттік әлеуетін кеңейту жобасы бар. Бұл еліміз арқылы Ресей мен Қытай елдері арасында жаңа көлік бағдарын ашуға мүмкіндік береді. Аталған бағытты дамыту мақсатында Семей қаласының маңайында жаңа кеме жүзу шлюзінің құрылысы қарастырылатын болады. Сондай-ақ Майқапшағай кеден бекетіне теміржол тартылады. Тұғыл ауылының аумағында порт және Қытай шекарасына дейін Тұғыл-Майқапшағай учаскесінде ұзындығы 99 шақырым темір жол желісі салынады. Тасымалдың қосымша болжамды көлемі – 2 – 2,5 млн тонна, –  деген болатын былтыр Үкімет отырысында  көлік министрі Марат Қарабаев.

Қазақстанда таяу арада  Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы кеме өндірісін қолға алу жоспарланып отыр. Кеме порты Тарбағатай ауданында салынса, кеме зауыты Каспий жағасында салынады.  Қытайдан Ертіс арқылы қатынауға мүмкіндік беретін Тұғыл порты Ертіс трансшекаралық өзенінің транзиттік мүмкіндігін кеңейтеді. Нәтижесінде алыс-беріс артып, барыс-келіс көбейеді. Бұл ретте Ертіс бойындағы тозып тұрған шлюздерді жөндеп, кемелерді өткізу мүмкіндігін реттеп, кеме жолдарын тереңдетіп, тартылып бара жатқан өзеніміздің өзегін талдырмау қажет.

Тұғылда салынатын кеме порты еліміздің, сондай-ақ біздің облыстың облысішілік өзен көлігі саласын өркендетуге үлкен серпін береді деп күтілуде. Сарапшылар мен сала мамандарының айтып жатқаны, Ертісті игеру жүк тасудың жаңа бағытын ашуға, туризмді дамытуға, тасымал шығындарын қысқартуға жол ашпақ.

Осы айдарда

Back to top button