ТОП

Тарбағатай жаңаша тұрпатта дамиды

Облыс әкімі Даниал Ахметов Тарбағатай ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, халықпен кездесті. Кездесуде көптеген игілікті істердің қолға алынғаны нақты мысалдармен айтылды.

Ақжар мәдениет үйіндегі кездесу жиынында алдымен аудан әкімі Д.Жөргекбаев 2022-2025 жылдары әр сала бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады. Осы кезең аралығында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, инфрақұрылым, құрылыс және тұрғын үй, абаттандыру және интернет желісімен қамту, санитария секілді маңызды салаларда 47 мәселе айқындалып, осыларды түбегейлі шешу мақсатында  2022-2025 жылдарға облыстық, республикалық бюджеттен жиыны 7 233, 3 млрд. теңге қаражат бөлінбек.

Қазіргі күнге дейін облыс әкімінің қолдауымен «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасымен биыл Ақжар ауылынан қоспәтерлі 7 тұрғын үй пайдалануға берілсе, келесі жылы 48 үй салу көзделген және оған 978 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Сонымен қатар Ақжардағы аудандық аурухананы орталықтандырылған оттегімен жабдықтау мақсатында генератор орнатуға облыстық бюджет есебінен 45,0 млн. теңге бөлініп, «СК Фармация» ЖШС арқылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Ал аурухананың барлық стационарлық бөліміне оттегі жүретін желілер тартуға «Парыз» қорынан 37,3 млн. теңге бөлу жоспарланған. Сондай-ақ аурухананың перзентхана бөліміне күрделі жөндеу жасау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 9,0 млн. теңге, аурухана ғимаратының жылу, кәріз, су жүйелерін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 7,7 млн. теңге бөлініп отыр.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, тек Ақжар ғана емес, басқа ауылдардағы медициналық мекемелер де назардан тыс қалмайды. Мәселен, Тәуке, Құйған ауылындағы медициналық пункттер, Тұғыл ауылының дәрігерлік емханасы күрделі жөндеуден өткізілмек. Президенттің осы жолғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігі атап айтылды. Қарап отырсақ, ауданның денсаулық сақтау саласында жоғарыда аталған істелетін шаруалар жолдау жүктеген міндеттермен қабысып тұрғандай.

Мемлекет басшысының Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» делінді. Бұл бағытта да аудан көлемінде айтулы жұмыстардың басталғанын аудан әкімінің баяндамасынан ел-жұрт естіді. Мәселен, Қабанбай ауылдық округіндегі Шеңгелді елді мекенінде 100 орындық жаңа мектеп салынбақ, оған 500 млн. теңге қаржы бөлінбек. Ақжар ауылындағы Қ.Бильялов атындағы мектеп-лицейдің ғимаратын күрделі жөндеуге 119 млн. теңге, «Балауса-балғын» балабақшасының ғимаратын ағымдағы жөндеуге 31 млн.теңге, Маңырақ ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке күрделі жөндеуге 358,1 млн. теңге, Тұғыл ауылындағы Т.Рысқұлов мектебіне күрделі жөндеуге 365 млн. теңге, Құйған орта мектебін күрделі жөндеуге 220 млн. теңге бөлінеді.

Ауданда өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп жүрген шығармашылық адамдары көп. Олардың еңбек ететін орны – мәдениет ошақтарының талапқа сай болуы өте маңызды екені белгілі. Бұл мәселе де аудан әлеуетін арттыру жоспарында қамтылып отыр. Атап айтсақ, Жаңаауыл мәдениет үйін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 39,3 млн. теңге бөлінсе, Жетіарал ауылындағы мәдениет үйін жөндеуге облыстық бюджеттен 45,6 млн. теңге қарастыру жоспарланған.

Ауданымыздағы Ақжардан кейінгі ең ірі ауылдық округтің бірі – Тұғыл ауылы. Бұл жерден спортта ірі жетістіктерге жетіп жүрген өрендер аз емес. Орталық стадион, шағын футбол алаңы сынды нысандар бар. Десе де, қысы-жазы алаңсыз спортпен шұғылданатын жердің керектігі үнемі айтылып жүрді. 2024 жылы заман талабына сай спорт кешені салынатын болды. Бұл ақжолтай ақпар облыс әкімімен кездесуде айтылды. Құрылыс нысанына 2023 жылы 495 млн. теңге, 2024 жылы 426,8 млн. теңге бөлу жоспарланыпты. «Аталмыш жоба 2023-2024 жылдары іске асырылған жағдайда, Тұғыл ауылында әлемдік дәрежедегі турнирлер мен халықаралық жарыстар өткізуге жол ашылмақ», –деді аудан әкімі Д.Жөргекбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, Жаңаауыл ауылының су құбырын қайта жаңғыру жұмыстарына 442,3 млн. теңге, Құйған ауылының су құбырын қайта жаңғыртуға 464,3 млн. теңге, Асусай, Шорға, Жаңатілеу, Шеңгелді елді мекендеріне су құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге және 2024 жылға құрылысына қаржы бөлініп, су құбыры тартылған жағдайда 100,0 пайыз үйлеріне кіргізіп, толық ауызсумен қамтамасыз етілмекші. Сонымен қатар Ақжар ауылындағы кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға (тұрғын үйлерге тарту) 2023 жылы 220,0 млн. теңге, 2024 жылы 228,4 млн. теңге бағыттау жоспарлануда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023 жылға интернет желісімен қамтамасыз етілмеген бес елді мекенге антенна-діңгек құрылысын орнатуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге және 2024 жылға құрылысына қаржы қарастыру жоспарланыпты.

Елімізде автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасын арттыру тұрғысынан жұмыстар атқарылуда. Әр өңірде жолдарды асфальттау қарқын алғанын аңғаруға болады. Бұл бағыттағы іс-қимыл Тарбағатай ауданында да жалғасын табуда. Мәселен, Құйған ауылына кіреберіс 13 шақырым жолдың 6,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына 2021 жылы 167,2 млн. теңге бөлініп игерілсе, биылға 151,8 млн. бөлініп, тиісті жұмыстар басталмақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар ауылының ішкі көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына облыстық және республикалық бюджеттен жиыны 104,4 млн. теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек,  2023 жылы Қабанбай ауылына кіреберіс автокөлік жолын орташа жөндеуге 115,5 млн. теңге, аудандық маңызы бар Қарсақбай – Байтоғас арасындағы үш шақырым жолға 2025 жылға 32,4 млн. теңге жоспарланған екен.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер де айтылды. Шаруа қожалығы иесі Г.Құнапиянова жиын-терін уақытында дизель отынының тапшылығын сөз етті. Өзін II топ мүгедегімін деп таныстырған азаматша «Ақжардағы «Толағай» ықшам ауданынан «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасымен баспаналы болып, сонда тұрып жатқанын, алайда үйлердің сапасында біршама олқылықтар барын алға тартты. Облыс әкімі Даниал Ахметов: «Әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап мемлекеттен қаншама қаражат бөліп, үйлер салынуда. Сол үйлерді салған да жергілікті мердігерлер, осы ауданның азаматтары. Құрылыс барысында неге бақылау болмады? Жергілікті қоғамдастық қайда, аудандық мәслихаттың депутаттары неге қадағаламады? Мына кісі мәселені дұрыс көтеріп отыр. Жергілікті жерде жауапкершілік болуы тиіс», – деді.

Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты С.Омарбеков ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын кәсіптік-техникалық колледж ашылса, ауданнан мал етін, терісін өңдейтін кәсіпорын ашылса деген ұсыныс білдірді. Облыс әкімі Даниал Ахметов жер жағдайы жағынан, мал басы жағынан ауданның мүмкіншілігі ауқымды екенін айта келіп, жан-жақты зерделенген жоба болса, ет комбинатын салу идеясына қолдау болатынын атап өтті.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген бағыттардан туындайтын мақсат-міндеттерді облыс аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен байланыстыра баяндап берді. Тарбағатай ауданына қатысты барлық сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді. Облыс әкімі Даниал Ахметов Тарбағатай ауданын орнықты дамытудың барлық мүмкіндігі іске асатынын, ең бастысы, қоғамда тұрақтылық пен өзара келісім болса, бәрінің шешімі табылатындығына тоқталды. Аймақ басшысы кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады.

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button