Тарбағатайын қимай Германиядан қайтып келген

Тағдырдың тәлкегіне түскен талай ұлтқа араша болған, бауырына басқан кең қолтық қазақ халқы болатын. Өткен ғасырдың ортасында ондаған мың өзге ұлттың өкілдері қазақ жеріне амалсыздан ауып келді, осы өлкені мекен етті. Туған Отаным деп санады, өсті- өнді, білім алды. Қазақ даласының қай өлкесінде болмасын олар тату-тәтті өмір сүрді, оларды ешкім өзекке теппеді, қайта бауырына басты.
Бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдерін қай өңірден болмасын кездестіресіз. Тарбағатай өңірінде бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Солардың бірі – неміс ұлтының өкілдері. Түрі өзге демесеңіз, нағыз қазақтың өзі, қазақтың салт-дәстүрін сақтаған, тілін-ділін еркін меңгерген, қазір құдандалы туыс болып кеткен.
ХХ ғасырдың екінші жартысында Ақсуат ауылында 200-ден астам неміс ұлтының өкілі тұрыпты, тіпті Ақсуат ауылында Неміс көшесі де болған екен. Бүгінде ауылдың қадірлі анасы атанған Екатерина Кнауб апамыз ақжарқын аяулы жандардың бірі, үш тілді жете меңгерген зерек жан. Мереке қарсаңында апамызбен жүздесіп, өз өмірі жайында әңгімелескен едік. «Әңгіме, естеліктің бәрі әкемізден қалды», ғой деп бастады әжеміз.
– Әкемнің айтуына қарағанда, біздің туып-өскен жеріміз Краснодар өлкесі, Ладыш ауданы, Лениталь елді мекені болса керек. Соғыстың алдында Кеңес өкіметінің сұрқия саясаты бірнеше ұлттың өкілдерін, әсіресе неміс ұлтын Орта Азия елдеріне үдере көшірген. Біздің ата-бабаларымызды соғыс жүріп жатқан аса бір қиын-қыстау кезеңде 1942 жылы Қазақстанға жер аударыпты. Тағы да сол әкемнің естелігінен ғой, қақаған қыста «Жаңғызтөбе» стансасынан ат шанамен бірнеше күн жүріп, аудан орталығынан аса алыс емес, «Қызыл жұлдыз» деген шағын ғана бірнеше үйі бар жерге әкелген. Әкем малшы болыпты. 1950 жылы мен дүниеге келгенде, біздің үй Құмкөл ауылында болған. Әкем бақташы, шешем сауыншы болыпты. Жарыған баспанамыз да болмаған, клуб үйінің бір бөлмесінде тұрдық, жарым құрсақ болсақ та, көңіліміз тоқ еді. Менің әлі есімде, сол кезде соғыстан кейінгі жылдар болса да, ауылда шағын өндіріс болды. Айталық, Құмкөл ауылында құс фермасы, шағын май кәсіпорны жұмыс істеді. Сонда барып, таңғы сағат 6-да сүт өткізіп жүрдік, колхоз басшысы Болысбаев деген аға болды, – дейді Екатерина Яковлевна.
Олардың отбасына жергілікті жұрт аса жанашырлықпен қараған. Әке-шешесі таң бозынан жұмысқа кеткенде, Мария деген қазақ апаның үйінде қалатын. Қазір ойлап отырса, қазіргі балабақшалары сол екен ғой. Сондағы бар қорегі құрт, ірімшік қана болды.
– Сол апаларымыз қандай еді! Кімнің баласы екеніңді сұрамайды да. Осындай апалар мен ағалардың арқасында өзімді қазақ екенмін деп жүріппін.
Соғыстан кейінгі жоқшылықты көп көрген ұрпақтың өкілі болған соң, біздер көп нәрсеге ысылып өстік. Ақша жоқ, бәрін қолдан жасап үйрендік. Мен тоқыма тоқып, саттым. Сол кездегі құрбыларым, қазіргі бәйбішелер тоқыма мен бақша салуды менен үйренді. Кейде сол құрбыларыма маған қарыздарсыңдар, қайтарыңдар, – деп қалжыңдаймын. Мектептегі біздің балалық бүгінгідей қызық болмады. 1958 жылы мектепті алғашқыда қазақша оқыдым, екі шақырым жерден жаяу келіп оқыдық. Қыста Ұлықбек атаның ат шанасы қазіргіше такси болды. Саналы ғұмырымда осындай жақсылық көрген, осындай ұлтты қалай ғана жақсы көрмеймін, – деп апамыз көзіне жас та алды.
Екатерина Яковлевна ұзақ жылдар байланыс саласында қажырлы еңбек етіп, зейнетке шықты. Үш баласы бар, кенжесі Александр өз қолында, келіншегі – қазақ қызы. Жалпы, Екатерина әжейдің құдаларының бәрі қазақ. Ел егемендік алған жылдары біраз туысқандары тарихи Отандары Германияға қоныс аударыпты. Қазір ауқатты тұратын көрінеді. Өткен жылы туыстары Кёльн қаласына шақырып, қоныс аударуын сұрапты. Апамыз бас тартыпты.
– Құрысын, бір жұмадан соң Тарбағатай таулары көз алдыма елестеп, барған уақытымнан ерте қайтып кеттім. Қазақтай ұлт, Қазақстандай жер қайда маған. Неміс ұлты болсам да, туған жерім Тарбағатайым аман болсын. Маған жұмақ осы жер, – дейді Екатерина Кнауб.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.